Ұлттық өнерден – тарихи санаға, тарихи санадан – зайырлы дүниетанымға

Ұлттық өнерден – тарихи санаға, тарихи санадан – зайырлы дүниетанымға

Ұлттық музыка – халықтың тарихи жады мен рухани дүниетанымын сақтайтын құндылық. Оны білім беру жүйесінде тиімді пайдалану жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық мәдениетке құрметін арттыруға мүмкіндік береді.

19 қазанда Астана халықаралық университетінің Педагогикалық институты мен «Күй анасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Музыкалық туындылар арқылы тарихи сананы қалыптастырудағы педагогикалық әдістердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған кездесуге ғалымдар, педагогтер, өнер қайраткерлері мен студенттер қатысты. Жиында ұлттық музыканың тәрбиелік маңызы, тарихи жадыны жаңғыртудағы қызметі, өнер мен ғылымның сабақтастығы және мәдени мұраны цифрландыру мәселелері талқыланды.

«Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, профессор Орақ Әлиев ұлттық музыканың адамның дүниетанымы мен мәдени болмысын қалыптастырудағы орнына тоқталды. Оның пікірінше, бала тәрбиесінде отбасылық орта, ана тілі және ұлттық өнер өзара сабақтас болуы тиіс.

Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының дипломаты, өнертану магистрі Серік Нұрмолдаев «TURAN» ансамблінің шығармашылық тәжірибесін баяндап, қазақ музыкасын әлемге танытудағы ұлттық аспаптардың маңызын атап өтті. Ол Жапония мектептеріндегі музыкалық тәрбие тәжірибесіне және тарихи кинотуындыларда ұлттық әуендерді пайдаланудың мүмкіндіктеріне назар аударды.

Қазақ ұлттық өнер университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Мақсат Медеубек музыканың математикалық құрылымы мен философиялық мазмұнын әл-Фарабидің ғылыми мұрасымен сабақтастырды. Ал күйші-композитор Бауыржан Бекмұханбет күй өнеріндегі импровизацияның ойлау қабілетін дамытудағы және ұлттық музыканың жауынгерлік рух пен отансүйгіштік сезімді қалыптастырудағы рөлін түсіндірді.

«Күй анасы» қоғамдық қорының төрағасы, профессор Төлеген Қуанышев ұлттық өнер қайраткерлерінің мұрасын сақтау бағытындағы жобалармен таныстырды. Атап айтқанда, елордадағы Күйшілер аллеясын дамыту, үш жүзден астам күйші, жыршы және дәстүрлі әнші туралы үш томдық еңбек әзірлеу, олардың шығармашылығын үш тілде таныстыру және цифрлық қор қалыптастыру жоспарлары айтылды.

Жиын модераторы, философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев музыканың тарихи сананы қалыптастырудағы мәнін «Ақсақ құлан» аңызы арқылы түсіндірді. Аңыз бойынша, Кетбұға абыз Жошы ханның қазасын Шыңғыс ханға күймен естірткен. Бұл мысал музыканың сөзсіз-ақ терең мағына жеткізе алатынын көрсетеді. Сонымен бірге аңыздық деректі тарихи фактілермен салыстыра талдаудың педагогикалық маңызы атап өтілді.

Кездесуде ұлттық музыканы зайырлы дүниетанымды қалыптастыратын мәдени негіздердің бірі ретінде қарастыру ұсынылды. Қазақстан Конституциясында бекітілген зайырлылық қағидаты тұрғысынан музыкалық мұраны ғылыми, тарихи және мәдениеттанулық негізде оқыту жас ұрпақтың сыни ойлауын, мәдени әралуандыққа құрметін және азаматтық жауапкершілігін дамытуға ықпал етеді.

Дөңгелек үстел қорытындысында ұлттық музыканы тарих сабақтарында пайдалану, пәнаралық оқыту әдістемелерін әзірлеу, домбыра үйірмелерін дамыту, музыкалық мұраны цифрландыру және білім беру ұйымдарының өнер қайраткерлерімен ынтымақтастығын кеңейту бағыттары ұсынылды.

Күйді тыңдау – өнерді сезіну, ал оның тарихын тану – өткенді зерделеу. Ұлттық музыканың тәрбиелік құндылығы осы екі үдерістің сабақтастығында жатыр.

Ерзат ЖЕТІБАЕВ, философия ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, «Күй анасы» қоғамдық қорының ғылыми хатшысы.