Астанадағы №101 «Келешек мектебінің» ұстаздары мен бастамашыл жастары халықаралық Youth Empowerment Fund (YEF) байқауында жеңіске жетіп, 1 500 еуро көлемінде гранттың иегері атанды. Команда «AI4Inclusion» жобасы арқылы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, инклюзивті білім беруді дамытуға үлес қосуды көздеп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – әрбір оқушының жеке қажеттіліктерін ескеретін қолжетімді әрі инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Осы бағытта оқу материалдарын балалардың ерекшеліктеріне бейімдеуге арналған жасанды интеллект құралдарын енгізу жоспарланған.
Алдағы алты айда жоба командасы оқушылардың қажеттіліктерін зерттеп, жасанды интеллект көмекшілерін сынақтан өткізеді. Жоба қорытындысы бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылып, жинақталған тәжірибе педагогтер қауымдастығына таныстырылады.
YEF байқауы Еуропалық одақтың қолдауымен және Global Youth Mobilization, World Scouting, YMCA секілді халықаралық жастар ұйымдарының серіктестігі аясында жүзеге асырылады.
№101 мектеп командасының жеңісі – білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу және әр балаға тең мүмкіндік қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.