(Жұрт білетін жазушы)
Сайын Мұратбеков... «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Менің қарындасым», «Отау үй», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара», «Қалың қар»... Ойлы образдар, қайталанбас кейіпкерлер. Жұрт Сайынды жаппай оқыды. Оқыды да, сайын даланың төсінде жүргендей ғажайып күй кешті. Шын шебер. Сол шеберліктің шыңына шыққан қаламгер. Жазу өнерін үйренгісі келгендер оның шығармасын шиырлаудан жалықпайды.
Бұл қаламгерге ешқандай жарнаманың керегі жоқ. Оның туындыларын талдап-таразылап, сын мақала жазудың да қажеті шамалы. Сайынды жұрт онсыз да оқиды. Ол – әр қазақты өз оқырманының деңгейіне жеткізген жазушы. Біз Сайын ағаның әңгіме-повестерімен алдымен «Жұлдыз» және «Жалын» журналдары арқылы таныстық. Содан соң кітап болып басылып шыққан кезде қайта сүзіп шықтық. Бәрі де сөйтті. Мен де, сен де, ол да... Осылайша Сайын Мұратбековтің өзін көрмей тұрып-ақ қиялымыздағы болмысын төбемізге көтердік. Өте қарапайым екенін, даңқ-даңғазаға әуес еместігін білгенде бұл құрметіміз еселене түсті.
Стилист суреткердің бір туындысын, жалғыз-ақ «Жабайы алмасын» алайықшы. Елдің бәріне етене таныс кейіпкерлер алдыңнан андыздап шыға келеді. Бастық Нұғыман, бригадир Байдалы, әумесер Әжібек, есерсоқ Ырысбек, көнбіс Көлбай керең... Бәрін бұрыннан білетін секілдісің. Себебі мұндай кісілер барлық ауылда бар. Танысың сияқты болатыны, жазушы олардың бейнесін ұстадай қашап, зергердей зерлеп жасаған.
Тегінде, соғыс қасіретін әр қаламгер әр түрлі тәсілмен бедерлеп көрсетті. Ал суреткер Сайын қан майданнан көзі қанталап келіп, ауылдағы қатын-қалашқа жаудай тиіп жатқан ауыш Ырысбектің оспадарсыздығы мен озбырлығы арқылы аңғартты. Мысалы, «Екі күннен кейін ата-енесін еңіретіп жылатып, Зибаш Ырысбектің үйіне көшті, ал Дүрия зар еңіреп жылап, Көлбай кереңнің үйіне барды, Әпіш жылап-сықтап, көрпе төсегін арқалап, сиыр фермаға кетті» деген жолдар миымызда жатталып қалғалы қашан?! Қан қасаптан есі ауысыңқырап келген жынды жауынгер ауыл төрінде соғыс ойынын ойнап, бүкіл жұрттың өмірін өзгертіп жатыр. Әпербақан Әжібектің шалғын үстінде жалаңаштанып жатып, бүкіл балаға жасататын «жыбыр-жыбыры» ше?!
Сөйтіп, бәріміз жастайымыздан «Жабайы алманы» жеп өстік. Жай алмадан гөрі, жабайы алманың дәмі бөлек болатынын ерте түсіндік. Соның бәрін ұқтырған Сайын ағамыз еді...
Сол Сайын ағамызды, күллі оқырманның құрметіне бөленген заңғар жазушыны көп ішінде жалғызсырап, оңашалау тұсқа барып, ойға батып отырған жерінде Шүкір Шахай көріп қойыпты. Мұндай олжаны мүлт жіберуші ме еді ол...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ