Елордада «Book Fest 2026» кітап фестивалі аясында белгілі журналист, жазушы Жадыра Шамұратовамен «Секундтар арасындағы шексіздік» атты авторлық кездесу өтті.
Жүздесу «Секундтар арасындағы шексіздік» деп бекерден-бекер аталмады. Биыл қаламгердің «Фолиант» баспасынан осы аттас кітабы жарық көрді. Оған 5 новелла, 3 хикаят және 3 әңгіме енген. Жазушы бұл шығармаларда құмар ойынның құрсауына түскен жандардың күйзелісі, ақша үшін жақынын мерт қылудан тайынбайтын адамдардың әрекеті және дамуында ауытқуы бар балалардың тағдыры жөнінде баяндап, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді қаламына арқау еткен.
Күнделікті өмірде кездесетін кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар мен олардың жан тебіренісін әдемі өрнектей білетін жазушының туындылары оқырманды бейжай қалдырмайды.
Жадыра Шамұратованың оқырмандар жылы қабылдаған бұл кітабымен қатар, «Сандық» атты кітабы да 2023 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Іс-шараға жиналғандар авторға сұрақтар қойып, жазушының шығармашылығымен жақын танысып, «Фолиант» баспасы ұсынған сыйлықтарға ие болды.