Қазақстанда дүниеге келген «Әдеби Азия» халықаралық көптілді әдеби жобасы Мәскеуде өткен «Еуразия-2026» халықаралық байқауында жүлделі орынға ие болды. «Еуразия» автономиялық коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырған байқауда жоба «Достық көпірлері» номинациясы бойынша екінші орынға лайық деп танылды.
«Әдеби Азия» жобасының негізін қалаушы әрі жетекшісі Бақытқожа Рустемовтің бастамасымен жүзеге асып келе жатқан бұл жоба әлемнің әр түкпіріндегі қаламгерлерге өз шығармаларын ана тілінде, аудармасыз ұсынуға мүмкіндік береді. Әдебиет арқылы халықтарды жақындастырып, тілдер мен мәдениеттердің әралуандығын дәріптеуді мақсат еткен бастама бүгінде халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналып отыр.
Әлемнің 174 елінен 5522 адам қатысқан байқаудағы бұл жетістік – жобаның халықаралық деңгейде мойындалуының айқын көрінісі. Сонымен қатар бұл жеңіс Қазақстанда бастау алған әдеби бастамалардың әлемдік мәдени кеңістікте өз орнын таба алатынын көрсетеді.