Әр бала бақытқа лайық

Әр бала бақытқа лайық
фото: Сұлтан Сейітов

Астана қаласындағы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейде «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беру: шеберлік, әдіс және цифрлық тәсілдер» тақырыбында республикалық практикалық конференция өтті.

Іс-шараға еліміздің әр өңірінен 150-ден астам педагог пен арнайы маман қатысып, инклюзивті білім берудің тиімді әдістері мен озық тәжірибелерін талқылады. Бағдарламада балалардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі, кәсіби бағдар беру таныстырылымы және шеберлік сабақтары қарастырылды.

Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзиялық білім беру бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Төреқұлова Бекзат ой білдірді.

– Әр балаға жағдай жасау парызымыз. Инклюзивті білім беру саласында да бірқатар игі істер атқарылады. Балалардың бәріне бірдей тең білім беруге қолдау жасалып келеді. Балаға білім мен тәрбие беру оңай шаруа емес. Оның қабілетін ашуға мұғалімдер күш-жігерін салып жатыр. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың 70 пайызы инклюзивті білім алуда. Балалардың ортаға әлеуметтенуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған, – деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» басшысының орынбасары Әмірғалиев Жангелді сөз сөйледі.

– Біздің ортақ жұмысымыз әр балаға қолайлы орта қалыптастырумен қатар педагогтердің шеберлігі де артқаны жөн. Өйткені балаға жаңаша әдіспен жұмыс істеу өте маңызды болып тұр. Осы бағытта игі істер жасалуда, – деді ол.