Тоқыма өнеріндегі тарих

Тоқыма өнеріндегі тарих
фото: Астана қаласының әкімдігі

Qazaq Creative Hub-та Assolyaa лақап атын иеленген суретші Әсел Сабыржанқызының Arqau/Threads атты мультимедиа көрмесі ашылды.

Суретшінің айтуынша, ар­қау – қазақтың дәстүрлі тоқымашылық өнерінде матаның негіз жіптерімен айқаса өріліп, тұтас өрнекті қалыптастыратын көлденең жіп. Бұл көрмеде арқау өткен мен бүгінді, ұрпақтар мен дәуірлерді, адам мен оның түп тамырын жалғап тұрған көзге көрінбес байла­ныстың символына айналды. Ал threads атауы «жіптер» деген мағынаны берумен қатар, цифрлық дәуірдегі әлеуметтік желіні еске түсіреді.

Ісмер өзінің авторлық «KilemArt» техникасы арқылы дәстүрлі кілемдерге жаңа көркемдік мазмұн береді. Кілемнің төл өрнектері мен бояу үндестігін сақтай отырып, заманауи граффити өнерінің тәсілдері арқылы тарихи тұлғалар мен бейнелерді шебер үйлестіреді.

«Мен үшін әлем миллиондаған адам тағдыры, тарихы мен мәдениеті тоғысқан алып кілем іспетті. Көзге көрінбейтін жіптер бізді өткенімізбен, төл тамырымызбен және бір-бірімізбен байланыстырып тұрады. Уақыт өзгеріп, технологиялар арадағы шекараларды жойғанымен, бұл байланыс­тар ешқашан үзілмейді. Өз туындыларымда дәстүр мен заманауи өнерді тоғыстыра отырып, бір нәрсеге сенемін. Мәдени мұрамыз тек көздің қарашығындай сақтап келген құндылықтарымызда ғана емес, келер ұрпақ үшін бүгін жасап жатқан дүниелерімізде де өмір сүреді» дейді Әсел ­Сабыржанқызы.

Оның тағы бір туындысы «Қорқыт ата» деп аталады.

«Қорқыт ата – даналықтың, рухани мұраның және мәңгілік өмірді іздеудің символына айналған ұлы ойшыл әрі қобыз өнерінің негізін қалаушы. Бұл туындыда қазақ халқының рухани мұрасы, музыкасы мен дәстүрінің терең байланысы көрініс тапқан» дейді суретші бұл жөнінде.

Оның шығармаларының арасында әншілер Батырхан Шөкенов, Жанар Дұғалова, спортшылар Геннадий Головкин, Елена Рыбакина, әлемдік жұлдыздар Энрике Иглесиас, Криштиану Роналду бар. Суретші Джекки Чан мен Дженифер Лопес бейнеленген туындыларды олардың өздері­не сыйлады. Аталмыш көрмені 27 қарашаға дейін тамашалауға болады.