Осыдан 35 жыл бұрын бөркімізді аспанға аттық. Марқайдық, ел тәуелсіздігін алды деп қуандық. Бұғаудан босап шыққан асаудай еркін қимылдадық. Тынысымыз кеңіді. Шүкір еттік. 1991 жылы егемендігіміздің байрағы желбіреді. Ел еңсесі тіктелді. Сол жылы өмірге келгендер биыл 35 жасқа толып отыр.
Бұғанасы бекіген, өз айтарлары бар ұлдар мен қыздар Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олар Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы болғаны үшін қуанышты. Қайсысымен тілдессеңіз де Астана – бақытты ұрпақтың болашағы деп нық сөйлейді.
– Егемен елімізбен бірге есейіп, әр кезеңнің куәсі болу – мен үшін үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік. Еліміздің 35 жылдық тарихын өз өмір жолыммен салыстырар болсам, біздің басты жетістігіміз – сана-сезімі азат, бәсекеге қабілетті жаңа буынның қалыптасуы дер едім. Мен ең алдымен, еліміздегі білім, ғылым және цифрлық даму саласындағы жетістіктерді мақтан тұтамын. Бүгінде қазақ жастары әлемнің кез келген түкпірінде өз білімімен, өнерімен, инновациялық жобаларымен мойындалып жүр. Көк туымыздың халықаралық ареналарда жиі желбіреуі, қазақ тілі мен мәдениетінің заманауи форматта жаңғыруы – менің бойыма ерекше мақтаныш сезімін ұялатады, – деді ақын Марал Ғаниқызы.
Тағы бір кейіпкеріміз 1991 жылы Монғолияның Баян Өлгей аймағында туған Манарбек Қыдырбай 2005 жылы атажұртқа көшіп келген. Елге келген жас өреннің жетістігі көп. Айтуынша, осының барлығы тәуелсіздігіміздің арқасы дейді.
Тәуелсіздік – мен үшін азаттықтың ғана емес, орындалған арманның өлшемі. 2005 жылы атажұртқа оралған бала бүгін осы елде білім алып, шығармашылық биігіне көтерілді. Бұл – Тәуелсіздіктің адам тағдырына берген мүмкіндігі. Өз тамырыңа оралып, өз еліңде өз жолыңды табудан асқан бақыт бар ма?! Ал Астана – сол азаттықтың асқақ архитектурасы, болашаққа созылған алтын көпірі. Бұл қалаға қараған сайын елдің ертеңіне деген сенімің бекиді. Астана – арманға мекен, жасампаздыққа кеңістік, тәуелсіз ұлттың биік мұраты. Бізге азаттық арман сыйлады. Ендігі міндет – сол арманды елдің игілігіне айналдыру, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Манарбек Қыдырбай.

Астана – жай ғана әкімшілік орталық емес, ол армандар орындалатын, үлкен мақсаттарға жол ашатын мүмкіндіктер мекені. Бұл қаланың өзі де Тәуелсіздікпен бірге өсіп, көркейіп келе жатыр. Астана – тек жастардың ғана емес, жаңашыл идеялар мен батыл бастамалардың қаласы екендігін жастар жиі айтады. Шындығы да осы. Астана – тәуелсіздіктің жемісі. Бұған ешкімнің дауы жоқ.
– Мен үшін Тәуелсіздік, ең алдымен, ішкі еркіндік, өз тағдырыңды өзің шешу мүмкіндігі және ата-баба аманатына деген адалдық. Бұл – бейбіт аспан астында еркін ойлап, сүйікті ісіңмен айналысу бақыты. Ал алдағы 35 жылда мен Қазақстанды ғылым мен технологиясы озық, экологиясы таза, әділетті әрі рухани бай мемлекет ретінде көргім келеді. Әрбір азамат өзін қауіпсіз әрі бақытты сезінетін, төл мәдениетіміз бен тіліміз әлемдік деңгейде жоғары бағаланатын қуатты ел боларымызға сенемін. Осыдан тура 3 жыл бұрын Астанаға көшіп келдім. Астанаға келу менің өмірімдегі жаңа белес болды. Елорданың қарқынды ырғағы мені тез шешім қабылдауға, уақытты бағалауға және кез келген жағдайға бейімделуге үйретті. Ішкі тәртібім күшейіп, көзқарасым кеңейді, ортам жаңарды. Ал енді шығармашылық тұрғыдан алғанда, аздап тоқырау сезіледі. Кейде адамға шабыт іздеп жан-жаққа асығудан гөрі, жай ғана ішкі әлемімен оңаша қалу немесе үйреншікті ортаны, бағытты сәл өзгерту көбірек көмектеседі ғой. Алдағы уақытта шығармашылығымда жақсы жаңалық боларына сенемін, – деп ағынан жарылды ақын Марал Ғаниқызы.
Тәуелсіздіктің құрдастары Астананың күн санап қарыштап дамуына өз үлестерін қоссақ дейді. Құп көрдік. Астана – армандардың орындалатын қаласы!