Тәуелсіздіктің төл құрдасы

Тәуелсіздіктің төл құрдасы

Тәуелсіздіктің төл құрдасы – Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ашылғанына 35 жыл толды. Елордада өнер ошағының мерейтойына арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ұлттық театр» кітабының және театрдың шығармашылық құрамының өмір жолына арналған кітапшалардың тұсаукесері мен конференция өтті. Осы театрдың негізін қалаушы Жақып Омаров атындағы кіші зал ашылып, оның автопортреті мен аға буын актерлердің портрет галереясы таныстырылды. Осының бәрінің түйіні салтанатты кеш болды.

1991 жылдың 15 қарашасында театр шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Содан 2 жыл өткен соң өнер ошағына Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді. Театрға әр жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жақып Омаров, Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаев, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етіп, өнер ошағының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосты. Қаллеки театры атанған ұжым, тұтастай алғанда, елорда мәдениетінің қалыптасуына зор еңбек сіңірді.

Мәдениет ошағы өсу жолында «академиялық», екі жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен «ұлттық» мәртебесін иеленді. Жаңа еңселі, кең ғимаратқа ие болып, шығармашылық мүмкіндігі кеңейді. Бүгінде Қуанышбаев театрында 5 Халық әртісі, 29 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері еңбек етіп жатыр. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Серпер» жастар одағы сыйлығының лауреаттары да бар. Аға буын, орта буын және жаңа толқын жастар мәртебелі өнерге қызмет етуде. Бұл қатарда Халық әртістерін атап өтсек, Қорлан Қалиламбекова, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Болат Ыбыраев және жуырда ғана осы атақты иеленген Нұркен Өтеуіл көрер­мендердің сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатыр.

Театр репертуарында ұлттық және әлемдік драматургияның классикалық туындылары, заманауи қойылымдар мен музыкалық спектакльдер кеңінен қамтылған. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов­тің «Абай», «Айман-Шолпан», «Қарагөз», Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», Уильям Шекспирдің ­«Отелло», «Ромео мен Джульетта», Антон Чеховтің «Шие», Гәнжауи Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали», «Шәмші», Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай», Роза Мұқанованың «Бопай ханым», Думан Рамазанның «Жошы хан», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Әбіш Кекілбайұлының «Күй», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және өзге де спектакльдер елорданың мәдени өміріне серпін беріп келеді. Музыкалық қойылымдар театрдың симфония оркестрі мен халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді.

Салтанатты кеште Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қариннің, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтаулары оқылды.

«Құрметті Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұжымы! Сіздерді ­театрдың 35 жылдық мерейтойы­мен шын жүректен құттықтаймын! 35 жыл­дық шығармашылық жол – ұлттық өнерге деген адалдықтың, қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің жарқын көрінісі. Осы жылдар ішінде театр қазақ сахна өнерінің үздік дәстүрлерін жалғастырып, елордамыздың рухани, мәдени өмірінде өзіндік орны бар іргелі өнер ордасына айналды. Ұлттық мәдениетімізді дамытуға қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тілеймін!» делінген Астана әкімінің құттықтауын қалалық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақерке Жұманбаева оқып берді.

Салтанатты кеш барысында концерт бағдарламасы ұсынылып, «Ана – Жер-­ана», «Кеш» спектакльдерінен үзінділер көрсетілді. Өнер ұжымының тынысынан қызықты естеліктер айтылып, өмірден өткен өнерпаздар еске алынып, олардың рухына тағзым жасалды. Бұл кеште еленбей ешкім қалмады, сахна сыртындағы мамандарға дейін құрмет көрсетілді.

Мерейтойын атап өткен ұжым ұлттық өнер дәстүрін сақтай отырып, театр кеңістігін жаңа ізденістермен және заманауи көркем шешімдермен толықтыруды бастап кетті.