Кибершабуыл несімен қауіпті?

Кибершабуыл несімен қауіпті?
фото: raketa.world

Адам баласы жалған ақпаратты тез естиді. Анық-қанығына жетпей, үрейге бой алдырады. Әлеуметтік желілерде 17 қарашада интернет үш айға дейін өшіп, банктерге хакерлер шабуыл жасайды деген жағымсыз хабар желдей есті. Бүгін – 17 қараша. Интернет өшкен жоқ, банктердің ақша жинау жүйесі бұзылған жоқ. Жаһандық деңгейге кибершабуыл жасалып, цифрлық апокалипсис болған жоқ.

Әлеуметтік желілерді қолданушылар бұл ақпаратты бірі көп қаралым жинау үшін таратса, екіншісі сақтық үшін туған-туыс, дос-жарандарына жолдаған. Төтенше жағдайлар министрлігі, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы мұндай қауесетке сенбеу керектігін түсіндіріп, жұртты сабырға шақырды. БАҚ-тар да бұл туралы шынайы хабар таратты. Алайда жалған ақпараттың таралу жылдамдығының жоғарылығы, репосттардың көптігі дұрыс ақпараттан асып кетті.

17 қарашада шын мәнінде не болды?

Жалған ақпаратқа қарсы іс-­қимыл орталығы (JAQ.OrtCom) осы ақпараттың таралу тізбегін тарқатып берді. 17 қараша күні шын мәнінде әлемде не болатынын нақты дерекпен түсіндірді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің фейктерге, манипуляциялар мен жалған ақпаратқа қарсы күрес жүргізетін, фактілерді тексеретін ресми ресурсы мынадай материал жариялады: «Бұл қауесет X әлеуметтік желісіндегі Wesley лақап атымен тіркелген қолданушының жазбасынан кейін тарай бастады. Ол 1 қарашада португал тілінде жазба жариялап, «даркнеттегі анонимді дереккөзге» сілтеме жасаған. Кейін бұған кейбір елдер қор жинауға кеңес беріпті деген екінші толқын ақпарат қосылды. Осылайша, бастапқыда бір-біріне қатысы жоқ екі хабарлама бір оқиға ретінде тарала бастады. Бұл мәлімдемелердің қаншалықты негізді екенін тексеріп көрейік. «Хакерлер банк шоттарындағы ақшаны нөлге түсіреді». Банктер шоттардағы қаражат туралы деректерді бір командамен өшіруге болатын бір ғана базада сақтамайды. Мәліметтер бірнеше деректер орталығында қатар сақталады. Сонымен қатар реттеуші органдар банктерден ақпарат жүйелерін қалпына келтіру жоспарының болуын талап етеді. Мұндай шабуыл болатыны туралы бірде-бір банк те, мемлекеттік орган да ескерткен жоқ. «Интернет үш айға өшеді». Интернет – көптеген тәуелсіз желілерден тұратын күрделі жүйе. Сондықтан оны бір ғана кибершабуыл арқылы толықтай істен шығару мүмкін емес. Бразилияның boatos.org фактчекинг ресурсы 17 қарашада интернет пен байланыс қызметтері жаһандық деңгейде өшеді деген ақпаратты растайтын ресми дерек пен дәлел жоқ екенін хабарлады. «Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған». Бұл мәлімдеме ішінара рас, алайда оның мәні мүлде басқа. 17 қарашада АҚШ-тың Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы ел көлемінде шұғыл хабарлау жүйесін тексереді. Тексеру барысында радио мен телеарналар арқылы бір минуттық сынақ сигналы беріледі. Ұялы телефондарға мұндай хабарлама жіберілмейді. «Мұны «Симпсондар» мультсериалы алдын ала болжаған». Тараған жазбада 2023 жылғы мультсериал эпизоды жаһандық жаппай жарықтың өшуімен байланыстырылған. Алайда эпизодта 2026 жылғы қараша туралы ештеңе айтылмайды. «Шұғыл түрде азық-түлік пен су қорын жинау керек». Үйде 72 сағатқа жететін азық-түлік пен қажетті заттардың қорын сақтау туралы кеңестер – кез келген төтенше жағдайға дайындық жөніндегі стандартты ұсыным. Бразилияның A Rede басылымы бұл кеңестің 17 қарашада болуы мүмкін кибершабуылға еш қатысы жоқ екенін атап өткен».

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы 17 қарашада интернет өшеді деген ақпарат ресми дереккөздер арқылы расталмағанын хабарлады. Орталық мамандары интернет, серверлік инфрақұрылым, байланыс және банк жүйелері бір ғана «тетіктен» басқарылатын ортақ жүйе емес екенін түсіндірді. «Олардың әрқайсысы көптеген операторлар мен ұйымдардың желісіне бөлінген. Сол себептен бір жүйеде ақау пайда болуы немесе оған шабуыл жасалуы қалған жүйелердің бәрі автоматты түрде істен шығады дегенді білдірмейді. Жекелеген ауқымды немесе уақытша шектеулер болуы мүмкін. Алайда барлық жүйенің бір мезетте толық өшуі өте күрделі әрі ықтималдығы төмен сценарий» делінген ресми ақпаратта. Орталық өкілдері мұндай ақпараттық арандатулар әлеуметтік желілерде қаралым жинау үшін таралып, халық арасында дүрбелең туғызу немесе қолданушыларды алаяқ­тық схемаларға тарту үшін қолданылуы мүмкін екенін ескертті. Сол себептен жалған ақпаратты белгісіз авторлардың жазбаларына сеніп қабылдамай, тиісті мемлекеттік органдардың, компаниялар мен басқа да ұйымдардың ресми арналары арқылы тексеруге шақырды. Жазба көп қаралым мен пікір жинаған жағдайда ақпараттың рас-өтірігін анықтаған абзал.

Кибершабуыл тоңазытқышпен тоқтай ма?

Жуырда біз БАҚ-тардан Францияда жүздеген супермаркеттерге кибершабуыл жасалып, тоңазытқыштар мен мұздатқыштардағы температура тым жоғарылап кеткенін оқып-білдік. Соның салдарынан миллиондаған еуро тұратын азық-түлік жарамсыз болып қалған. Хакерлер сауда орындарындағы тоңазытқыштардың температурасын реттейтін бағдарламалық жабдықтарды бақылауға алған. Олардың әрекетінен кейін тоңазытқыштар мен мұздатқыштардағы температура 50 градусқа дейін көтеріліпті. 11-12 қазан күндері жасалған кибершабуыл Францияның аумағындағы 700-ден астам сауда нүктелерінің азық-түлік сақтайтын қондыр­ғыларын бүлдірген. Олардың арасында Carrefour, Monoprix, Intermarché және Coopérative U сияқты дүкендер желісі бар. Арам ниеттілер тоңазытқыштар мен мұздатқыштарды басқару жүйесін бұзып кіріп, температура режимін қолмен көбейткен. Соның әсерінен жүйелер өртеніп, азық-түлік және өзге де тауарлар тез бүлініп, ондаған миллион еуро шығын әкелген. Франция бұл кибершабуылға Ислам революциясы сақшыларының корпусын кінәлады. Осы оқиғадан кейін Еуропалық Одақтың Желілік және ақпараттық қауіпсіздік агенттігінің (ENISA) басшысы Юхан Лепассар Одақ құрамындағы елдерге киберқауіпсіздік саласындағы бағдарламаны кеңейтіп, күш біріктіруге шақырды. Оның пайымдауынша, бұдан былай қарапайым тұрмыс техникасы да хакерлердің нысанасына ілігуі мүмкін. «Бүгін тоңазытқыштар бүлінсе, ертең роутерлер, арғы күні тұрмыс құрылғылары және тағы басқалары болуы мүмкін» деді Ю.Лепассар. ENISA агенттігі барлық саладағы ұйымдар киберқауіпсіздік мамандарын жұмысқа тарту және оларды ұстап қалу мәселесінде қиындықтарға тап болып отырғанын жасырмай хабарлады. Агенттік Еуропалық Одақ мемлекеттерін киберқауіпсіздік саласындағы бағдарламалардың ауқымын кеңейтіп, оларды күшейту арқылы бұл мәселені шешуге шақырды.

Кибершабуыл көбейді ме, азайды ма?

2026 жылдың алғашқы 6 айында елімізде кибершабуылдарға қатысты 7,5 мың оқиға тіркелген. Соның ішінде 79 пайызы – компьютер вирусы мен троянмен байланысты шабуылдар. Биыл бірінші тоқсандағы интернет-фишингтердің саны 2,6 есеге азайған. 2022 жылы Қазақстанда бір айда 20 млн кибершабуыл тіркелген кездер де бар. Соның салдарынан интернет байланысы нашарлады. Кибершабуылға тап болған адам тәулік бойы істейтін «1400» нөміріне тегін қоңырау шалып, құзырлы мекемеден көмек сұрай алады.

Интернет өшсе, одан қандай қауіп бар? Мысалы, 2025 жылы 19 маусымда Иранда интернет толығымен өшірілді. Бұл ақпаратты NetBlocks Халықаралық мониторинг қызметі растады. Таяу Шығыстағы соғыстың өршуінен елде бірнеше рет ақау болып, байланыс жоғалған. Алайда ғаламтордың жаппай өшуінің себебі бұл емес. Иран билігі хакерлік шабуылдан сақтану үшін осындай қадамға амалсыз барған. БАҚ-тар елдегі жетекші мемлекеттік банктердің біріне ауқымды кибершабуыл жасалғанын жазды. Соның салдарынан тұтынушыларға қызмет көрсету жұмысы тоқтады. Ал Израиль хакерлері Иранның криптовалюта биржасын бұзып, 90 млн доллар шығынға батырғаны – бөлек әңгіме. Демек қазір бір-бірімен соғысып жатқан елдер қару қолданумен шектелмей, киберкеңістікте де қарсыласын қапы қалдыруға ұмтылады.

«Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифр­лық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді іс-шаралар әзірлеуіміз керек» деді Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда. Ал Үкімет 2026 жылдың соңына дейін басымдық берілетін ЖИ-шешімдердің, цифрлық егіздердің мақсатты архитектурасының, сондай-ақ киберфизикалық қауіпсіздік архитектурасының тізілімін бекітуді жоспарлап отыр.