Отандық киноиндустрияны дамыту мәселелері талқыланды

Отандық киноиндустрияны дамыту мәселелері талқыланды
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері дистрибьюторлық компаниялардың өкілдерімен кездесті. Қатысушылар отандық киноиндустрияны дамыту және мемлекет пен кино нарығына қатысушылар арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ұлттық киноға көрермендердің қызығушылығын арттыруға, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға, сондай-ақ фильмдерді тарату және көрсету кезінде заңнамада белгіленген талаптарды сақтауға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар ашық конкурстық іріктеу тәртібін сақтай отырып, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының функцияларын «Қазақфильм» киностудиясына беру, кино-рибейт тетігін енгізу, мемлекеттік тілдегі фильмдердің қолжетімділігін арттыру және ұлттық фильмдердің прайм-таймда көрсетілуін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысында заңнаманы жетілдіру барысында көрермендердің талғамы мен кино нарығының қажеттіліктерін ескерудің маңызы атап өтілді.