Жақындағы кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасын көтерді. Осы жыл аясында еліміздің бірқатар өңірінде жол, мектеп, аурухана, тұрғын үй, ауызсу және инженерлік желілер мәселесі шешілмек.
Жаңа медицина мекемелері, білім беру, спорт және мәдениет нысандары салынып, көлік инфрақұрылымы, әуежайлар мен вокзалдар жаңғыртылмақ. Осылайша, әрбір жаңа нысанның артында құрылыс материалдарын өндіру, көлік-логистика, машина жасау, жобалау және қызмет көрсету салалары жанданады деп сенеміз және жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық кәсіпорындарға тапсырыс көлемі артады деп үміттенеміз. Оның үстіне оған 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге қаражат қарастыру көзделгені айтылды. Сондықтан халықтың өз ақшасы өзіне бұйырып, құрылыс жылының табысы бой көтерген ғимараттардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Әрі 2027 жылды құрылыс жылы деп жариялау – елдің бүгінгі инфрақұрылым мәселелерін шешіп қана қоймай, болашақ дамуының материалдық негізін қалыптастыруға бағытталуы керек, біздің ойымызша. Мәселен, бірінші кезекте ел азаматтары үшін өзекті мәселе – баспана. Ендеше құрылыс қарқынды салынып, оның әсері баспанасыз қазаққа да оң болса. Яғни үй қымбаттамаса екен деп тілейміз. Бұл – бір. Екіншіден, ауыл-аймақтарға баратын қазақтардың жер алып, үй салуына жағдай жасалуы керек. Сонда құрылыс жылының мәні болады. Яғни ауылға барып тұрамын, үй саламын деген азаматтарға құрылыс материалдары пайызсыз бөліп төлеу жүйесімен берілсе, оны азамат үйді тұрғызып болған соң үш жылдан кейін немесе белгілі бір уақыттан соң төлей бастаса – ауылдарды да құтқарар едік, баспанасыз қазақты да қуантар едік. Ең болмаса, 10 пайызға дейін үстеме қылып беретін мемлекеттік бағдарлама ұйымдастырылса ғой, шіркін. Оның өзі азаматтарға жасалған нақты көмек болар еді. Яғни үй саламын деген қазақты кезекке тұрғызып сарғайтпай, қалада пәтер жалдатпай, осы жылдың аясында жарылқап, оларға материалдың құнын есептеп, Үкімет арнайы бағдарлама арқылы апарып берсе, оны ол азамат белгілі пайызбен, болмаса пайызсыз бөліп төлеу арқылы үйді толық тұрғызып болғаннан кейін екі-үш жылдан соң қайтара бастаса керемет болар еді. Себебі ол үйді де салады, өзі де аяқтан тұрар еді. Әрі ауыл да солай көркейе түсер еді. Солай көмек жасаймыз десек, көп азамат ауылға барып тұруға құлықты болар еді. Әйтпесе қалада көппәтерлі тұрғын үйді салып, оған қарапайым жұрттың қолы жетпей тентіреп жүргеннен не пайда? Тегі, тіпті болмаса, қалада салынған құрылыстарды бұрынғы ипотека жүйесімен емес, жаңадан басқа жеңілдікпен алуға болатын жүйелерді, бағдарламаларды қарастыру керек. Басты мақсат құрылыс жылы баспанасыз жұртты үймен қамтамасыз етуде оң өзгеріс болса екен деген тілек біздікі.