Суреткер сеңгірі

Суреткер сеңгірі
фото: Астана қаласының әкімдігі

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-­танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың 80 жас мерейтойына арналған «Әдебиет пен ұлттық мұрат» атты шығармашылық кеші өтті.

Аталмыш бірлестік жетекшісі, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай жүргізген мазмұнды іс-шарада мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Вице-Президент Ерлан Қариннің, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев­тың, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтаулары оқылды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің лебізін қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жеткізді.

Сәкен Зиябекұлы өз тарапынан «Алдан Зейноллаұлының елімізге, оның ішінде Астанаға сіңірген еңбегі зор. Жетпісінші жылдары университетті тәмамдап, осында түпкілікті қоныс аударды. Баспасөз, телевизия, радио және қоғамдық салаларда тынымсыз еңбек етті. Осында неміс автономиясы құрылса деген кереғар ой айтылғанда, айналасына өзі сынды білікті азаматтарды жинап, үлкен қоғамдық пікір қалыптастырды. Елдің тұтастығын, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге білек сыбана қызмет етті. Елордамыздағы ономастика комиссиясында жүріп, ұлы тұлғаларымыз бен тарихи жер-су атауларын қала көшелері мен мектептеріне беруге бір кісідей үлес қосты. Әдебиет, журналистика саласында өнімді еңбек етіп, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Ақылдасып, кеңес сұрай қалсақ елгезектік танытып, бірден қол ұшын созады. Сексеннің сеңгіріне шыққан ел ағасына деннің саулығын тілейміз. Жазары да, айтары да көп Алдан ағамыз жасай берсін» дей келе, жақында қаламгердің «Тәңір соты» атты пьесасы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында сахналанатынын сүйіншіледі.

Сондай-ақ туған жердің ілипаты, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаевтың құттықтаулары мерейтойлық сый-сияпатпен жалғас­ты. Академик, Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы, белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы, қоғам қайраткелері Гүлнар Сейітмағанбетова мен Шавхат Өтемісов, белгілі ақын, ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызы қаламгердің шығармашылығы мен қоғамдық қызметі, қайраткерлігі жөнінде кәсіби пікір айтып, баяндама жасады.

Кеште қаламгердің бұрын айтыла қоймаған шығармашылық қырлары, ақындығы мен композиторлығы жан-жақты жарқырап көрінді. «Шаңырақ» халық театры «Айттым сәлем қаламқас» атты драмасынан үзінді көрсетіп, студенттер өлеңдерін оқыды. Мерейтойға арнайы келген Жаңаарқа ауданының «Назқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары қаламгердің әсерлі әндерін шырқап, күйлерін тартты. Шертпе күй шебері Мұхамеджан Тілеухан күйден шашу шашты, әнші Жалын Сыздық әнін әуелетті.

Кешті қорытындылаған университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов пен осы оқу орны Директорлар кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Алдан Зейноллаұлына Ғылыми кеңестің шешімін университеттің «Құрметті профессор» атағы берілгенін жариялап, салтанатты жағдайда табыстады.