Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі мен «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының қатысуымен «Күй & Симфония» концерті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәстүрлі күй мен симфониялық музыка тоғысқан кеш ұлттық музыка өнерін жаңаша сипатта таныстырды. Концерт Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан алынған «Би сюитасымен» басталды. Сахнада Тәттімбет, Есжан, Дәулеткерей, Құрманғазының күйлері мен халық күйі «Ақсақ құлан» орындалды.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Айтбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Еділ Басығараев өнер көрсетті. Сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бауыржан Бекмұханбет, Ерсұлтан Ерболатұлы, Жанту Дадабаев, Тоғжан Үмбет пен Дарын Құдайберген қатысты.
Дәстүрлі күй өнері мен симфониялық музыка үндескен «Күй & Симфония» концерті тыңдарманға айрықша әсер сыйлады.