Экранға байланған жан

Экранға байланған жан

Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ теа­трында» грузиялық режиссер Николаз Сабашвилидің «Қағазды жаңбыр» атты жаңа қойылымының тұсаукесері өтті.

Адам мен қоғам, өркениет пен рухани құндылықтар, технология мен шынайы қарым-қатынас тақырыптарын арқау еткен бұл спектакль көрерменді бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне үңілдірді.

Қойылымның оқиғасы шырайлы да шағын қалашықтан басталады. Мұндағы адамдардың тіршілігі қарапайым болғанымен, өмірлері мәнді. Олар бір-бірімен емен-жарқын араласып, әңгіме-дүкен құрып, бірге уақыт өткізеді. Қуанышын бөлісіп, қиындықта қолдау көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, олар бір-бірінің барын бағалап, адами қарым-қатынастың қадірін сезініп өмір сүріп жатады. Алайда бір күні осы қалыпты тіршілікке өркениеттің жаңа белгілері ене бастайды. Алдымен теледидар пайда болады. Әуелде жұрт оның не екенін де, қалай іске қосылатынын да білмейді. Кейін біртіндеп жаңа технологияға үйреніп, экранға телміруді әдетке айналдырады. Уақыт өте келе адамдардың назары бір-бірінен алыстап, теледидарға ауа бастайды. Бұрын жүзбе-жүз отырып сөйлесетін жандар енді бір бөлмеде болғанымен, әрқайсысы өз әлеміне еніп кетеді.

Бұдан кейін экрандардың орнын жаңа технологиялар мен виртуалды әлем басады. Адамдар тағы да жаңалыққа ұмтылып, бұрынғысынан да өзгеше дүниені іздейді. Бірақ технология дамыған сайын, олардың өзара байланысы тереңдей түсудің орнына, әлсірей береді. Бір-бірінің көзінен қуаныш іздеген, көңіл күйін қабағынан ұққан адамдар бірте-­бірте тірі қарым-қатынастан алыстайды. Ақырында адам өзі жасаған дүниенің жетегінде кетіп, механикалық тіршілікке бой алдырады. Осы жағдайдан кейін технологияны дүниеге әкелген адамның өзі оның көзін жоюға мәжбүр болады. Бұл әрекеттен соң ғана адамдар қайтадан бір-біріне жақындап, тілдесіп, шынайы қарым-қатынасқа оралады.

– «Қағазды жаңбыр» – заманауи технологиялардың зияны туралы ғана қойылым емес. Оның астарында біз өркениетке ұмтыламыз деп, өзімізді бір-бірімізден алыстатып алған жоқпыз ба деген адамзатқа ортақ үлкен сауал жатыр. Байланыс құралдары көбейген сайын, шынайы сырласуымыз сиреп бара жатқан жоқ па? Күн сайын сан түрлі ақпаратқа қанық болғанымызбен, жанымызға жақын адамның көңіл күйін аңғаруға уақыт таба алып жүрміз бе? Бүгінде интернет пен цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Олардың игілігін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен мәселе – технологияның өзінде емес, оны пайдаланатын адамның таңдауында. Технология адамға қызмет етуі керек, ал адам технологияның қызметшісіне айналмауға тиіс. Құрылғы бізді әлеммен байланыстыруы мүмкін, бірақ ол жақындарымызға деген мейірімнің, достықтың, жанашырлық пен сенімнің орнын баса алмайды. Қойылымның көркемдік ерекшелігі де осы ойды сөзбен ғана емес, сахналық әрекет арқылы жеткізуінде, – дейді қойылымды қазақшалаған Астана қаласы әкімдігі «Қуыршақ театрының» көркемдік жетекшісі Қуат Ежембек.