Астана – ақындардың қаласы. Аз күнге алыстасақ, сағынып тұратын болдық. Ілкі келген жылдары іркілдік пе, әлде алакөзденіп қараған ағайынға бауыр баса алмадық па, қайдам, боздауықтың бірі болып едік. Кері кетуге қам жасап, «Астана суық екен, адамдары да...» деген әңгімені абайламай айтып қойсақ керек, қазір сол сөзіміз үшін ұялып та жүрміз. Сәл әріден сөз өрбітсек...
– Алғаш Астанаға келгенде үйренісе алмадық. Оралға кері оралғымыз келіп тұрды. Бірақ қазір бауыр басып қалдық. Алғашқы күндердей емес, туған қаламыздай болып кетті. Қуанарлығы – келген бойда жұмыстың табыла кеткені. Тұлғаларды тани бастадық. Астанаға келген соң алғашқы кітабым жарық көрді. Таныстырылымын Ұлттық кітапханада өткіздім, ағаларым қатысып, ақ батасын берді. Әзірге баспана жалдап, отбасымды асырап жүрмін, өкпем жоқ. Менің білуімше, мемлекет жастарға жақсы қолдау білдіріп жатыр. Сол жақсылық бізге де бұйыратын шығар, – деді ақын Ернар Жақсыбаев.
Елордалық жас ақын-жазушылардың қолдаусыз қалып жатқаны жоқ. Мемлекет тарапынан көптеген игі істің жасалып жатқанын жас қаламгерлер жоққа шығармайды.
– Мемлекет тарапынан жас ақындарға өте жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Мысалы, былтыр ғана «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында 20 жас ақын-жазушының кітабы жарық көрді. Олардың арасында мен де бармын. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлесе жүзеге асырып жатқан осы ауқымды мемлекеттік жобасы биыл да жалғасын тауып жатыр. Бұл жобаның әдебиеттегі жаңа, жас есімдерді танытуға қосып жатқан үлесі зор деп есептеймін, – деді жас ақын Айзада Бүркітқызы.
Астана жас қаламгерлердің аяулы қаласы екенін сезіне бастадық. Бәрінің болмаса да, бірен-сараны қара жаяу емес. Пәтері бар. Мемлекеттік қолдауға ие болған. Кездесулерде тілдесе қалсақ шүкірін айтады. Сонда да өз аузынан бірдеңе білгіміз келіп, «Күз келген жоқ, қалаға көктем келді» деп жырлаған ақын Олжас Сәндібекке «Астана ақшамы» газетінің атынан хабарласып, жағдайын білгіміз келген. Сөйтіп, сауал жолдадық. Көп кешікпей жауабы келді.
– Шынымды айтсам, «біздің де жағдайды сұрайтын біреу бар екен ғой» деп таңырқап отырмын. Осы орайда «Астана ақшамы» газетінің ұжымына алғыс айтқым келеді. Рақмет! Жеке басыма келсем, күнделікті өмір барлық қазақстандық секілді күйбең тіршілікпен өтіп жатыр. Жұмыс пен үйдің арасында киім тоздырып дегендей. 15 жылдан бері журналистикадан нан тауып жүрміз десек те, бұл саланың дамуына қатырып үлес қоса алмадық. Жанрлардан жұрдай болып, тек қана ақпараттың ағынымен кеттік. Бұрылуға да, тынығуға да мұрша жоқ. Ал шығармашылығым, өлеңім туралы сұрасаңыз, оны да өндіріп жазып жүргенім жоқ. Құралақан да емеспін. Құдай дегенге жеткізсе, алдағы жылға екі кітап дайындап жатырмын. Бірі – поэзия, екіншісі – қазақ әдебиетінде аты айтылмай кеткен ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар. Осы кітаптарды жазып болған соң, мемлекеттік тапсырысқа ұсынсам деген үмітім де бар. Жалпы біздің мемлекет қаламгерлерге қырын қарап отырған жоқ. Қолдаудайын қолдап-ақ жатыр. «Кітап оқитын ұлт қалыптастырамыз» деген идеяның өзі қалам иелеріне деген құрметті білдіреді, – деп ағынан жарылды ақын Олжас Сәндібек.
Атақты ақын Төлеген Айбергенов «Ақын боп ғұмыр кешіру оңай деймісің, қарағым, аузында болу бұл өзі, сыздаған барлық жараның...» деп жыр жазған еді. Шынында, ақын боп ғұмыр кешу оңай болмағанымен, бүгінгі заманға бейімделіп, қоғамның қалт жіберген тұсын өлеңмен өрген жас ақын да, жазушы да жоқ емес, бар. Шүкір етері де осы. Мемлекетіміз ақыны мен жас жазушысын қолдап жатса, рухтандырар талай дүниелер туар әлі...