Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның шақыруымен Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитіне қатысты. Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттер басшыларымен бірге Ереванда Карен Демирчян атындағы спорт-концерт кешенінде ұйымдастырылған COP17 қарсаңындағы Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша көшбасшылар саммитінің ашылу салтанатын тамашалады. Іс-шара аясында мәртебелі меймандарға Жер шарының биоалуантүрлілігін сақтау және табиғатты аялау сияқты жаһандық мәні зор тақырыпқа арналған көрнекті интерактивті шоу көрсетілді.
Одан кейін Мемлекет басшысы Еревандағы «Meridian Expo and Event» орталығында өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитіне қатысты. Халықаралық жиын алдында Қазақстан Президентін Армения Премьер-министрі Никол Пашинян мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш күтіп алды. Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі.
Бөліп-жармауға негізделген ынтымақтастық керек
Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және БҰҰ Биоалуантүрлілік бойынша конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Премьер-министр Никол Пашинянға алғыс айтты. Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды.
«Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады. Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді. Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан әрі асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпыұлттық идеологияға айналып келеді
Мемлекет басшысы жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін айтты.
«Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады» деді Президент.
Табанды жұмыстың нәтижесі
Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтау мен көбейту жолындағы күш-жігеріне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қазірдің өзінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді. Елімізде киік санының көбеюін осы жетістіктердің бірі ретінде атап өтуге болады.
«Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыстары популяциясын қалпына келтіру жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына және оның Президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге, үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шілде айында жетпіс жылдың ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілгенін жеткізді. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы чех, неміс және мажар әріптестерімізбен бірге қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру қолға алынғанын атап өтті.
Аралдың тағдырын қайталамауы қажет
Президенттің пікірінше, Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау қажет.
«Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасына тоқталып, шетелдік серіктестерді аталған іске үн қосуға шақырды.
«Он жылға арналған бұл бастаманы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама толықтыра түседі. Құжат табиғи мекендеу орталарын қалпына келтіруді, түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді көздейді. Бұдан бөлек, Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құруға кірістік. Қазақстан аймақтық деңгейдегі табиғатты сақтау шараларына белсене қатысады. Биыл сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған халықаралық бағдарлама қабылдау туралы бастама көтерді» деді Президент.
Су қауіпсіздігін қалай нығайтамыз?
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ істің бірнеше бағытын айқындады. Мемлекет басшысы су ресурстарын басқаруда берік байланыс қажет деп санайды.
«Өткен жылы Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау» деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті биоалуантүрлілікті сақтау үшін озық технологияларды кеңінен қолдануға шақырды.
«Бүгінде тиімді серіктестік цифрлық технология мен жасанды интеллектіге арқа сүйеуі қажет. Себебі олар экожүйелерді мониторингтеу, табиғи ресурстарды басқару және экологиялық қауіп-қатерді болжау әдістерін түбегейлі өзгерте алады. Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация – ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынамыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алмасуға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ете алады. COP17 аясындағы Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша көшбасшылар саммитінде Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Анани, Занзибар Президенті Хусейн Али Мвиньи және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі.
Бірқатар кездесу өткізді
Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік мәселелері бойынша саммит алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Ананимен және Еуропалық комиссияның таза, әділ және бәсекеге қабілеттілікке көшу мәселелері жөніндегі атқарушы вице-төрағасы Тереза Риберамен кездесті. Халед Әл-Ананимен кездесуде Қазақстанның ЮНЕСКО-мен білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ықпалдастық перспективасы талқыланды. Халықаралық бастамаларды ілгерілетудегі ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы айтылды. Бұл елдер арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуды және диалогты нығайтуды көздейді. Ал Тереза Риберамен әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақтың орнықты даму, энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығын нығайту мәселелері қозғалды.