АӨСШК рухы белгілі брендке айналды

АӨСШК рухы белгілі брендке айналды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысу үшін Баку қаласына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Қазақстан Президенті АӨСШК VII саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен және Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транс­­каспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу рәсіміне қатысты.

Азияға мықты институттар қажет

Қазақстан басшысы қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйым­дастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев диалогтың, сенімді нығайтудың және жан-жақты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған Әзербайжан тарапының белсенді төрағалығын оң бағалады.

«Қазақстан үшін кеңестің маңызы ерекше. Еліміз 30 жылдан аса уақыт бұрын кең байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ болашақ құруға ұмтылған жалынды жастар оның қозғаушы күші саналатынын айтты.

«Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ниетімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнінде белгілі брендке айналды. Бұл жолы Лаостың осы ұйымға мүше болғанына қуаныштымын» деді ол.

Мемлекет басшысы саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айтты. Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байыптап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін аса күрделі әрі бұрын-­соңды болмаған үдерістер орын алып жатыр.

«Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Цифрлық Жібек жолы

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін еске салды.

«Біздің ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыз­дандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы болашаққа бағдарланған ұйым бүгін бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керектігін айтты.

«Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдау­шылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түс­пеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек» деді Қазақстан Президенті.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңейте түсетінін атап өтті. Осы орайда, тәуекелдерді бірлесіп бақылау қажет.

«Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бо­йынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қау­қарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын» деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстан мен Әзербайжан маңызды кезеңге қадам басты. Елдеріміз Каспий табанымен тартылған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыруға кірісті. Цифрлық Жібек жолы бірегей жобасы Еуразия кеңістігінде анағұрлым жылдам әрі қауіпсіз мәлімет алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Азияның цифрлық әлеуетін нығайтып, ынтымақтастықтың тың бағыттары ашылады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтты.

«Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыс­тардың зардабын жиі тартуда. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыз­дық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежеуде. Дәл осы себепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Осылайша, Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланды. Бұл елдеріміздің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуға жол ашады» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы АӨСШК қызметіндегі экологиялық ба­ғыттың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.

«Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүние жүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бірлесе ілгерілетуіне болады» деді Президент.

Тауар айналымы 1 млрд долларға өседі

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтып, саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Қазақстан Президенті Әзербайжан кеңеске төрағалық еткен кезеңде нақты бастамаларды ілгерілетуге және ұйымның халықаралық беделін күшейтуге сүбелі үлес қосқанына назар аударды. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары өңірдегі бірегей жоба – Транс­каспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосудың маңызына тоқталды. Теңіз табанымен жүргізілген желі екі елдің цифрлық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дәліздің пайда болуына ықпал етеді. Осылайша, тұтас өңір тың мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Президенттер сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқыны артып келе жатқанын мәлімдеп, өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады. Бұдан бөлек, Қазақстанның энергия ресурстарын Әзербайжан арқылы тасымалдау ауқымын ұлғайту, сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық нығайып, білім беру, туризм салаларындағы әріптестік кеңейе түскенін және парламентаралық ынтымақ­тас­тық жанданып келе жатқанын жеткізді.

теңіз табанындағы желі

Президенттер Каспий те­ңі­зінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғастыратын ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салтанатты түрде іске қосты. Жобаны «Қазақтелеком» АҚ мен AzerTelecom компания­сы бірлесіп жүзеге асырды. Бұл желі Қазақстанды және Орталық Азияның басқа елдерін, сондай-ақ Қытайды Еуропамен жалғайтын жаңа байланыс бағытының бір бөлігі саналады. Ол Жерорта теңізі мен Қара теңізде орналасқан байланыс жүйелеріне қосылуы мүмкін. Жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту тұрғысынан стратегиялық мәнге ие. Атап айтқанда, ТОБЖ елімізде қосымша халықаралық байланыс желісін іске қосып, отандық нарыққа жаһандық технологиялық компанияларды тартуға және бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны іске қосу рәсімінде аталған желі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бо­йынша бірлескен күш-жігеріне тың серпін беретінін айтты.

«Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қос­тық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады» деді Қазақстан Президенті.

Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу арқылы Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.

«Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық» деді Әзербайжан Президенті.

Қазақ-Қатар серіктестігі нығая түседі

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті аясында Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл ­Тәнимен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақ­тастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақ-Қатар сан қырлы серіктестігін нығайту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру перспективасына айрықша назар аударылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібі, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасты.