Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Алаш Орда: Біртұтас түркі әлемнің қайта жаңғыруы және Жошы Ұлысының тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми жиын өтті.
Халықаралық ғылыми конференция Ә.Бөкейханның туғанына 160 жыл, Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл және «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының 20 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 30 жылдығына арналды. Конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Алаш» мәдениет және рухани даму институты мен «Алтын Орда өркениеті» кафедрасы, «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық қоры және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды.
Жиынның негізгі мақсаты – Алаш қозғалысының саяси, зияткерлік және мәдени мұрасын түркі мемлекеттілігінің тарихи тәжірибесімен сабақтастыра қарастыру, Алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілік туралы көзқарастарын, сондай-ақ Ә.Бөкейхан мен «Алаш» қайраткерлерінің ұлттық саяси ой-пікірді, мемлекеттілікті дамытуға және түркі тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға қосқан үлесін пайымдау, зерделеу. Конференцияның пленарлық мәжілісін ҰҒА академигі, Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Мәжілістің пленарлық отырысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің Алтын Орда кафедрасының меңгерушісі Махсат Алпысбес тақырып бойынша, тың деректер мен ғылыми зерттеулерге сүйенген баяндамалар жасады. Аталған орта буын ғалымдардан олардың ұстаздары профессор, Мемлекет тарихы институтының директоры орынбасары Бүркітбай Аяған мен ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зарттеу» орталығының директоры Сатай Сыздықов та қатынасты.
Сондай-ақ Қырғызстаннан Зайнидин Құрманов, Еркін Бөлекбаев, Башқортстаннан Роза Буханова, Түркиядан Ердал Кучукялчин, Әбдуақап Қара, Жапониядан Ниномия Такаши, Хироюки Нагаминэ, Моңғолиядан Золбияр Гагааұлы да мазмұнды, өзекті баяндамалар дайындап, ұсынды.
К.ИСКАКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, философия ғылымының кандидаты, профессор