Әдемі қорап, жылтыр шоколад, балғын жидек… Шоколадты құлпынай сыйлық ретінде де, мерекелік дастарқанға арналған десерт ретінде де тартымды. Алайда оның қауіпсіздігін сыртқы көрінісіне қарап бағалау жеткіліксіз. Жаңа піскен жидектен дайындалатын бұл тәтті өнімді таңдағанда, оның қашан, қандай жағдайда әзірленгеніне және қалай сақталғанына назар аудару қажет. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шоколадтағы құлпынайды тез бұзылатын кондитерлік өнімге жатқызады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, қауіпсіздік ең алдымен шикізатты дұрыс таңдаудан басталады. Құлпынай балғын, бүтін, шірімеген болуы керек. Жаңа піскен жеміс-жидек өсіру, тасымалдау немесе дайындау барысында ластануы мүмкін. Сондықтан шоколадпен қаптамас бұрын жидекті ағынды ауызсумен мұқият жуып, таза қағаз сүлгімен құрғату қажет. Жуу микробтардың мөлшерін азайтады, бірақ оларды толық жоймайды. Жидекті сабынмен немесе тұрмыстық жуғыш құралдармен жууға болмайды: олардың қалдықтары өнімде қалып қоюы мүмкін.
-Дайындаушының қолы мен жұмыс орнының тазалығы да маңызды. Өнімді әзірлеуге кіріспес бұрын қолды сабынмен кемінде 20 секунд жуу керек. Ыдыстар, құралдар мен жұмыс беттері таза болуы тиіс. Жуылмаған жидекті және дайын десертті шикі етпен, балықпен немесе оларды өңдеуге пайдаланылған құралдармен жанастыруға болмайды. Бұл талаптар үйде өз отбасы үшін тәтті әзірлегенде де өзекті. Сатып алу кезінде ең бірінші қораптың сәніне емес, өнім туралы ақпаратқа қараңыз. Өндірілген күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары көрсетілген бе? Қаптамасы бүтін бе? Өнім тоңазытқышта сақталып тұр ма? Тұтынушыға арналған ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс. Таңбалануы жоқ өнімнен бас тартқан дұрыс. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс бергенде де сатушыдан осы мәліметтерді алдын ала нақтылаңыз. Шоколадты құлпынайды кәдімгі шоколад кәмпиті сияқты сақтауға болмайды. Шоколадты тоңазытқышта +2…+6 °C температурада сақтау керек, ал жарамдылық мерзімі әдетте 1–2 тәуліктен аспайтыны көрсетілген. Бұл уақытты сатып алған сәттен бастап есептеу дұрыс емес: өнімнің қашан дайындалғанын ескеру қажет. Нақты өнімнің таңбалауындағы сақтау шарты мен жарамдылық мерзімін басшылыққа алыңыз. Десертті жеткізу кезінде де көрсетілген температуралық режим сақталуы маңызды.
Өнімнің жағдайын бағалағанда еріп кетуіне, пішінінің бұзылуына, бір-біріне жабысып қалуына және бөгде қоспалардың болуына назар аударыңыз. Мұндай белгілері бар десертті сатып алмаған жөн. Дегенмен сырттай әдемі көрінуі қауіпсіздіктің толық кепілі емес: жаңа піскен өнімде ауру тудыратын микроорганизмдер болуы ықтимал. Сондықтан сыртқы көрініспен бірге дайындау тазалығы, сақтау жағдайы және мерзімі де ескерілуі керек, - дейді маман.
Шоколадты құлпынай жегеннен кейін іштің ауыруы, құсу немесе іш өту байқалса, медициналық көмекке жүгініңіз. Ал сапасыз өнімге қатысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарлауға болады. Тәтті сыйлықтың қуаныш сыйлауы оның әдемі безендірілуіне ғана емес, қауіпсіз дайындалып, дұрыс сақталуына да байланысты.