Елордадағы ветеринариялық қауіпсіздік пен эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету – әрбір тұрғынның өмір сүру сапасы, денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Осыған орай Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясында “Астана қаласында жануарлар бойынша заңнаманы іске асыруды реттеудің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі аспектілері” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Комиссия төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев модераторлық еткен іс-шара барысында 2023 жылғы шілдеде ветеринария саласындағы қызмет тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жою және қараусыз жануарлардың санын реттеу жүйесін жетілдіру бағытында мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар қабылдаған шаралар қаралды. Сонымен қатар жиында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы ҚР заңнамасына енгізілген өзгерістерге, сондай-ақ қараусыз жануарлардың санын реттеу жөніндегі халықаралық тәжірибеге және Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұсынымдарына ерекше назар аударылды.
Тексеру комиссиясының мүшесі Мақпал Әлжанованың айтуынша, 2024 жылғы ақпаннан бастап ветеринария саласындағы қызметтер Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына берілген. 2025–2026 жылдары осы саладағы 6 бюджеттік бағдарламаны іске асыруға 1 млрд 546,7 млн теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге, жануарларды аулауға және уақытша ұстауға, вакцинациялауға, стерилизациялауға және сәйкестендіруге бағытталған. Аталған кезеңде 122 мыңнан астам ветеринариялық іс-шара өткізіліп, 12 272 қараусыз жануар ауланған. Оның ішінде 8 668 жануар құтыру ауруына қарсы егілсе, 3 766 жануар стерилизациядан өткен.

-Алдыңғы мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісі тарапынан функцияларды қайта бөлу жөнінде маңызды шешім қабылданғанын атап өткен жөн. Мәселен, «Астана ветсервис» кәсіпорнына 016, 025 және 033 бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жануарларды аулау, жануарлардың өлекселерін кәдеге жарату, диагностикалық зерттеулер жүргізу және қараусыз жануарларды чиптеу функциялары қалдырылды. Ал ауланған жануарларды күтіп-бағу және стерилизациялау жөніндегі 031 және 034 бюджеттік бағдарламалар шеңберіндегі функциялар конкурстық негізде жеке ұйымдарға, атап айтқанда, «СтопОтлов» жеке қорына, ал вакцинациялау жұмыстары «Алибек» ЖК-не берілді. Сонымен қатар мемлекеттік аудит жүргізілген уақыттан бері жануарларды қорғау саласындағы негізгі заңнамалық актіге – ҚР 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97-VII «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді, - деді М. Әлжанова.
Атап айтқанда, қараусыз иттерді эвтаназиялау тәртібі, жануарларға арналған панажайларға қойылатын талаптар, жануарларды аулау және күтіп-бағу реті, үй жануарларын тіркеу қағидалары мен ветеринариялық эвтаназия жүргізу шарттары нақтыланды. Сондай-ақ агрессивті мінез-құлық танытатын жануарларға қатысты ден қою шаралары белгіленіп, мысықтарды қорғау бойынша жеке нормалар қарастырылды.
Халықаралық тәжірибе қалай?
Халықаралық тәжірибеде қараусыз жануарлар мәселесін шешудің бірыңғай тәсілі жоқ. Әрбір мемлекет өз жүйесін ұлттық заңнамаға, климаттық жағдайларға, жануарлар санына, ветеринариялық инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне және қоғамдық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қалыптастырады. Бұл ретте Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұсынымдары ерекше маңызға ие. Мысалы, Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде қараусыз жануарлардың пайда болуының алдын алуға және үй жануарларын жауапкершілікпен күту мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі.
Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде қараусыз жануарлардың санын реттеудің түрлі әдістері қолданылады. Мемлекетке байланысты құтыру ауруына қарсы жаппай вакцинациялау, стерилизациялау, жануарларды аулау және уақытша ұстау, сондай-ақ ветеринариялық бақылау бағдарламалары іске асырылады. Сонымен қатар жекелеген елдер мен өңірлерде тарихи тұрғыдан жануарларды жаппай жою әдістері, оның ішінде улау және ату тәсілдері де қолданылған. Бұл ретте Үндістанның тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады. Аталған елде ветеринариялық саулықты қамтамасыз етуге және қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын бақылауға басымдық беріледі.

-Ал Астана қаласында «аулау – стерилизациялау – вакцинациялау – күтіп-бағу» моделі қолданылады. Бұл бағытта «СтопОтлов» ұйымымен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Аталған тәсіл қараусыз жануарларға гуманистік тұрғыдан қарауды көздейді. Яғни жануарлар популяциясын басқару жүйесі оларды аулау және күтіп-бағу шараларымен ғана шектелмей, қараусыз жануарлардың пайда болуының алдын алуды да қамтиды. Осылайша, елордада қараусыз жануарлардың санын реттеу бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұсынымдарында көзделген негізгі бағыттар іске асырылуда, - дейді комиссия мүшесі.
Ауланған жануарлар саны азайды
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша қабылданған шаралар мен заңнамаға енгізілген өзгерістердің жүзеге асырылуы туралы толығырақ «Астана ветсервис» кәсіпорнының директоры Азамат Насырбекұлы баяндап берді Оның айтуынша, бүгінде елордада қаланың барлық алты ауданында жануарларды аулауға арналған 8 көшпелі бригада жұмыс істейді. Биыл сол бригадалар қараусыз 4 340 итті аулаған. Ветеринария, жануарларды аулау, қаржы және техникалық бағыттар бойынша мамандандырылған бөлімшелері бар кәсіпорында 74 адам еңбек етеді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша 2025 жылмен салыстырғанда ауланған жануарлар саны 45,8%-ға, ал тұрғындардан түскен өтініштер саны 42,1%-ға азайған.

-Жылдың басынан бері Астана қаласында үй жануарларының тістеп алуына байланысты 956 жағдай тіркелді. Аталған көрсеткіштерге талдау жасау қоғамда қалыптасқан кейбір түсініктерді қайта қарау қажеттігін көрсетеді, 423 жағдай немесе жалпы көрсеткіштің шамамен 45%-ы – иелері бар үй иттерінің тістеп алуына байланысты, 227 жағдай немесе 23,7%-ы – қаңғыбас иттердің тістеп алуына қатысты, 306 жағдай басқа өңірлердегі жануарлармен байланысты тіркелген. Бұл деректер осындай қабатын жануарларға ғана емес, олардың иелерінің жауапкершілігіне де ерекше мән беру қажеттігін көрсетеді, - дейді А. Есжанов.
Оның айтуынша, жануарларды аулау кезінде тек гуманистік тәсілдер мен арнайы құралдар пайдаланылады. Атап айтқанда, торлы қақпандар, арнайы аулау торлары, жұмсақ бекіткіш құралдар және жануарларға қашықтан седативтік препарат енгізуге арналған 4 дана «Увыш» ветеринариялық шприц атқышы қолданылады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында мектептерде, мүлік иелерінің бірлестіктерінде және пәтер иелері кооперативтерінде қауіпсіздік техникасы мен жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша түсіндіру дәрістері өткізіліп келеді.
-Питомникке келетін болсақ, қазіргі уақытта онда шамамен 3 000 ит пен 250 мысық күтіп-бағылуда. Жануарларға тиісті жағдай жасау мақсатында питомник аумағында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, жалпы сыйымдылығы 1 500 итке арналған 200 жаңа үлгідегі вольер орнатылды. Иттер жынысына, жасына, дене бітімі мен қоңдылығына, сондай-ақ агрессивтілік деңгейі мен мінез-құлқына қарай жеке-жеке орналастырылады. «СтопОтлов» жеке қорымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жануар жаңа иелерін тапты, - дейді маман.
Иелерінің жауапкершілігі төмен
Мамандардың айтуынша, қараусыз жануарлар санының көбеюіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – үй жануарлары иелерінің жауапсыздығы. Көшелерде қараусыз жануарлардың пайда болуы көбіне адамдардың көшіп-қону кезінде үй жануарларын тастап кетуінен, жеке тұрғын үй секторында оларды бақылаусыз еркін жіберуінен және уақытылы стерилизация жасатпауынан туындайды. Сондықтан мәселені шешу тек жануарларды аулау шараларымен шектелмеуі керек. Ең алдымен, үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін арттыру және қараусыз жануарлардың пайда болуының алдын алу қажет.
-Алдағы жылдарға арналған даму стратегиямыз төрт негізгі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт – жануарларды толық цифрлық сәйкестендіру. Жануарларды чиптеу және бірыңғай дерекқорға енгізу құтыруға қарсы алғашқы вакцинация жүргізілген кезде міндетті түрде жүзеге асырылуы қажет. Біздің мақсатымыз – Астана қаласындағы иелері бар үй жануарларын тіркеу және чиптеу деңгейін 100%-ға жеткізу. Әрбір микрочип жануар иесінің жеке сәйкестендіру нөмірімен байланыстырылған жағдайда, жануарларды көшеге тастап кету мәселесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туады. Біздің бағалауымыз бойынша, бұл мәселенің 80%-ға дейін төмендеуіне ықпал етуі мүмкін, - дейді мекеме басшысы.

Алдағы міндеттер қандай?
Екінші бағыт – жануарларды күтіп-бағу мәдениетін қалыптастыру және бақылаусыз көбеюдің алдын алу. Бұл бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Атап айтқанда, тұқымсыз үй жануарларының иелері үшін жеңілдетілген немесе субсидияланатын стерилизациялау бағдарламаларын енгізілсе абзал. Бұл қажетсіз төлдердің пайда болуының алдын алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жануарларды қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдармен және волонтерлік қозғалыстармен әріптестікті одан әрі кеңейту жоспарлануда.
Үшінші бағыт – жұмыс үдерістерін цифрландыру және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету. Жануарларды аулау бригадаларының әрбір жұмысы мен ветеринар мамандар жүргізетін барлық рәсім бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс. Тұрғындар ауланған жануардың бүкіл қозғалыс бағытын нақты уақыт режимінде бақылай алуы қажет. Яғни «Aiqomak 109» жүйесі арқылы өтініш түскен сәттен бастап жануарды аулау, вольерге орналастыру және оған жаңа иесін іздеу кезеңдеріне дейінгі барлық үдеріс ашық болуы керек.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі дамыту, үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін бақылауды күшейту, жануарларды сәйкестендіру үдерістерін цифрландыру және осы салада жұмыс істейтін ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл міндетті іске асыру мемлекеттік органдардың, бейінді ұйымдардың, жануарларды қорғау қоғамдастығының және азаматтардың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Мәселені түбегейлі шешу үшін мемлекет, полиция органдары, волонтерлер, экологиялық белсенділер және қала тұрғындары бірлесе әрекет етуі қажеттігі айтылды.
Райхан Рахметова