«Соғым-FEST»: берекелі дастарқан қауіпсіз еттен басталады

«Соғым-FEST»: берекелі дастарқан қауіпсіз еттен басталады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Соғым алу — қысқа азық қамдаумен бірге, отбасының дастарқанына деген жауапкершілік. Астанада 7–8 қарашада басталатын «Соғым-FEST» жәрмеңкесінде 1 000 тоннадан астам ет өнімін сату жоспарланып отыр. Тұрғындар үшін бұл — қысқы қорын толықтырып, отандық өндірушілерден өнім сатып алуға мүмкіндік. Алайда ет таңдағанда бағасы мен қоңдылығына ғана емес, оның қандай жағдайда сақталып, қалай сатылып тұрғанына да назар аудару қажет. 

Қауіпсіз таңдау сауда орнының тазалығын бағалаудан басталады. Ет қойылатын сөре, таразы, пышақ пен бөлшектеуге арналған тақтай таза болуы тиіс. Өнімнің лас беттермен жанасуы, шаң-тозаңмен ластануы қауіп тудырады. Сатушының қол тазалығын сақтауы да маңызды. Қолғап кигені жеткіліксіз: сол қолғаппен ақша, телефон немесе басқа лас заттарды ұстап, кейін етке жанасу өнімнің ластануына әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қол мен асүй құралдарының тазалығын тағам арқылы таралатын аурулардың алдын алудың негізгі шарттарының бірі деп көрсетеді.

Еттің қауіпсіздігі үшін сақтау температурасының маңызы ерекше. Салқындатылған өнімнің салқындығы сату кезінде де сақталуы қажет. Сатып алушы еттің қандай жағдайда тұрғанын байқап, сақтау шарттарын сатушыдан нақтылағаны жөн. «Күн салқын ғой» деген түсінік температураны бақылаудың орнын баспайды. Қолайсыз температурада ауру тудыратын бактериялар тез көбеюі мүмкін. Сондықтан сақтау жағдайына күмән туса, өнімді сатып алудан бас тартқан дұрыс.
Еттің балғындығын бағалағанда сыртқы көрінісіне, иісіне және консистенциясына мән беріңіз. Балғын салқындатылған ет тығыз әрі серпімді болады, өзіне тән иісі сақталады. Жағымсыз иіс, шырыштану, ластану немесе өзге де бұзылу белгілері байқалған өнімді алмаңыз. Қапталған еттің қаптамасы бүтін болуын, өндірілген күнін, жарамдылық мерзімін және сақтау шарттарын тексеріңіз. Бағаның арзандығы күмәнді өнімді таңдауға себеп болмауы керек. 

Сонымен бірге еттің түсі мен иісіне ғана сүйенуге болмайды. Ауру тудыратын кейбір микроорганизмдер өнімнің сыртқы түрін, иісін немесе дәмін өзгертпеуі мүмкін. Демек, көзге балғын көрінген еттің де дұрыс сақталып, таза жағдайда сатылуы маңызды. Тазалық, температура және балғындық — бірге бағаланатын өлшемдер.

Сауда орнында шикі еттің дайын тағамдардан бөлек орналасуына назар аударыңыз. Еттің сөлі нанға, дайын асқа немесе жуылған көкөніске тисе, ондағы микроорганизмдер басқа өнімдерге өтуі мүмкін. Сондықтан сатып алған етті де сөлі ақпайтын қаптамаға салып, өзге азық-түліктен бөлек алып жүрген жөн. Бұл қарапайым әрекет тағамдардың өзара ластану қаупін азайтады. 

Жәрмеңкеден кейінгі жол да қауіпсіздікке әсер етеді. Етті алған соң ұзақ аялдамай, үйге жеткізіңіз. Жолға салқындатқыш элементтері бар термосөмке дайындаған ыңғайлы. Тез бұзылатын өнімдерді салқындатусыз екі сағаттан артық қалдырмау ұсынылады. Үйдегі тоңазытқыштың температурасы +4 °C-тан, ал мұздатқыштікі −18 °C-тан жоғары болмағаны жөн. Қысқа мол ет сатып алар алдында оны сақтайтын орынның жеткілікті екенін де ойластырыңыз. 

Үйде етті бір рет әзірлеуге жететін мөлшерге бөліп, таза қаптамаларға салып сақтау ыңғайлы. Шикі етке жеке тақтай мен пышақ қолданыңыз, жұмыстан кейін қолды және етпен жанасқан беттерді мұқият жуыңыз. Мұздатылған етті бөлме температурасында ұзақ қалдырып жібітпеңіз: оны тоңазытқышта жібіткен қауіпсіз. Мұздату барлық зиянды микроорганизмдерді жоймайды, сондықтан етті жеткілікті пісіру қажет. Әсіресе ірі кесектер мен тартылған еттің толық пісуіне мән беріңіз. 

Соғымның берекесі алынған еттің көлемімен ғана өлшенбейді. Оның таза жағдайда сатылуы, салқын күйде жеткізілуі, дұрыс сақталып, әзірленуі  отбасы денсаулығын қорғаудың бір-бірімен байланысты қадамдары. Жәрмеңкеде асықпай таңдап, санитариялық жағдайға мұқият қарау — қауіпсіз дастарқанға жасалған қамқорлық.

Мұхамғали Арыспаев,

Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары