Банктік депозиттер сыйақысына салық салынады - жалған ақпарат

Банктік депозиттер сыйақысына салық салынады - жалған ақпарат
Фото: Оңалхан Өнерхан

Әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың банктік депозиттері бойынша алатын сыйақысына салық салынады деген ақпарат тарады. Аталған жайтқа қатысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы түсіндірме берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Бұған дейін ресми түсіндірме берілгеніне қарамастан, Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақыға салық енгізіледі деген жалған ақпарат пен түрлі манипуляциялардың әлі де таралып жатқанын анықтап отыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», - делінген ақпаратта. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Үкіметте мұндай салық енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың банктік салымдары (депозиттері) бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды», – делінген министрліктің бұған дейінгі ресми хабарламасында.

Осылайша, депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізіледі деген мәлімдемелерінің заңнамалық негізі жоқ.

Сонымен қатар, орталық заңда көзделген белгілер болған жағдайда, көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілуі мүмкін екенін ескертеді.