Шетел аспай демалуға не кедергі?

Шетел аспай демалуға не кедергі?

Соңғы жылдары қазақстандықтар мен шетелдік туристер арасында Қазақ елінде демалуға деген қызығушылық артып келеді. Саяхатшыларды тек виза ережелері немесе геосаяси жағдайлар ғана емес, сонымен қатар еліміздің табиғи алуандығы, мәдени мұрасы және логистика тұрғысынан тиімділігі қызықтыруда.

Мысалы, 2024 жылы еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарға 2,8 млн адам келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 млн адамға көбейген. Бұл жерде өсім 900 мыңға жуық туристі құрайды. Туристік әлеует ұлттық саябақтарда шоғырланған, себебі олардың аумағында 179 туристік бағдар бар. Басқалардан бір айырмашылығы, Қазақстанда бірнеше бағыт бойынша демалуға болады.

Алдымен ішкі туризмнің статистика көрінісін бір шолып шығайық. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректеріне сүйенсек, ел ішінде саяхаттайтын азаматтардың саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың соңындағы есеп бойынша отандық қонақ үйлер мен өзге дамалыс нысандары 10 млн-нан астам қонақты қабылдаған, соның ішінде 8,7 млн-ы – ішкі туризмді таңдағандар. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 700 мың адамға көп. Ал пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырып қарасақ, 25 пайызға жоғары.

Ең танымал бағыттарға, соның ішінде жетекші үш аймаққа Алматы тау кластері (Көлсай, Қайыңды, Шымбұлақ), Бурабай курорт аймағы және Маңғыстау облысы (Каспий жағалауы) кіреді. Тек Бурабайдың өзіне жылына 1 млн-нан астам турист келеді. Танымал бағыттардың қаржы айналымы да жоғары. Туристер орналасатын орындардың (қонақ үйлер, демалыс аймақтары) көрсеткен қызмет көлемі жылына 230 млрд теңгеден асады. Қазақстанның бір артықшылығы, мұнда төрт бағыт бойынша демалуға болады.

Алғашқысы – экотуризм және таудағы демалыс. Бұл бағытты таңдағандар Іле-Алатау ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Шығыс Қазақстанның Алтай тауларына (Қатонқарағай) барады. Өзге демалыс түрлерінен бір ерекшелігі: тұмса табиғатпен тілдесуге, трекингке (жаяу серуендеу), глемпингтерде (жайлы шатырлар) тұруға мүмкіндік мол. Бұл бағыттың тәуекелі де жоқ емес. Соңғы бес жылда құтқарушылар тауларда қиындыққа ұшыраған 1,5 мың адамды құтқарған. Келешекте туристік бағдарларға цифрлық бақылау жүйесі енгізілмек. Ресми мәліметте айтылғандай, былтыр елімізде экотуристер саны 3,6 млн адамнан асқан.

Екінші бағыт – жағажай туризмі. Жазда демалушыларды шомылатын өзен-көлдер қатты қызықтырады. Туристер негі­зінен Каспий теңізі, Алакөл, Балқаш, Бурабайға және өзге шағын көлдерге барады. Бұл бағытта Түркияның «бәрі қосулы» атты озық тәжірибесін үлгі еткен демалыс аймақтары да бар. Каспий жағалауындағы «All Inclusive» (бәрі қосылған) жүйесімен жұмыс істейтін заманауи қонақ үйлер Түркия немесе БАӘ демалысына лайық­ты бәсекелес бола алады. Биыл халықтың жаппай демалу орындарын абаттандыру аясында Маңғыстауда екі жаңа жоба іске асырылады: Ақтаудағы «Солдатский» коммуналдық жағажайы және қаладағы жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын жағалауды абаттандырып, қайта салу.

Үшінші бағыт – емдеу-­сауықтыру (шипажайлар) және демалыс аймақтары. Сарыағаш (минералды сулар), Щучинск, Меркі, Рахман қайнарларына баратын адамдардың саны жыл сайын көбейе түсуде. Жаз бен күз мезгілінде демалысты денсаулықты оңалтумен, сумен және батпақпен емдеу ем-шараларымен ұштастырушылар көп. Өз еліміздің азаматтарымен қатар, шетелдіктер де біздің шипажайларға ағылып келіп жатады. Қазіргі кезде 105 елдің азаматтары елшіліктерге жүгінбей-ақ, электрондық виза арқылы Қазақстанға кіре алады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, медицина туризмі аясында Қазақстан 80 мыңға жуық шетелдік емделушіні қабылдаған. Осы министр отандық туризм мемлекетке 630 млрд теңгеден астам салық түсіргенін де айтты. Елімізге келген шетелдік туристердің шығындары 2,9 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл – өте қомақты қаражат.

Төртінші бағыт – тарихи-­мәдени және киелі жерлер. Негізінен туристер Түркістан (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), Ұлытау, Тараз, Маңғыстау бағыттарын таңдайды. Алайда еліміздің барлық өңірінде киелі-қасиетті жерлер бар. Бұл бағытты қалағандар Ұлы Жібек жолының тарихымен танысуды, этноауылдарға баруды, көшпенділер мәдениетін жанымен сезінуді құп көреді. Бірақ әуе және теміржол билетінің тапшылығы мен бағасының қымбаттығы алаңдаушылық туғызатыны бар. Демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорт бағыттарына рейстерді көбейту және орындар санын арттыру мәселесі оң шешілсе, көп нәрсе өзгерер еді.

Тағы бір нәрсе, ішкі туризм­нің артықшылығына тілдік кедергінің және валюталық тәуекелдің жоғын жатқызуға болады. Қызмет көрсету мен қарым-қатынас қазақ тілінде жүреді, шетелдіктерге аудармашылар қызмет етеді. Содан кейін теңге бағамының ауытқуы шетелдегі сияқты демалыс бюджетіне шұғыл әсер етпейді. Мұның бәрі – ішкі туризмді түлетуге жол ашатын факторлар.

Жағымды жаңалықтың бірі – Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде 28 сатыға көтерілді. Еліміз Дүниежүзілік экономикалық форум жариялайтын Travel & Tourism Development Index рейтингінде 2019 жылы 80-орында болса, 2021 жылы 66-орынға көтерілді. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 52-орынға тұрақтады. Нәтижесінде 5 жыл ішінде 28 сатыға көтерілген. Туристер ең көп барған өңірлер қатарында Алматы, Астана және Ақмола облысы көш бастап тұр. Биыл елдегі демалыс орындары шамамен 2 миллион туристке қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім Қазақстанда туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Демек, жаз шықса шетел аспай-ақ, Қазақстанда демалуға әр адамға таңдау жасауға мүмкіндік көп. Ол үшін демалысты алдын ала жоспарлап (кем дегенде 2-3 ай бұрын), баламалы бағыттарды (мысалы, белсенді экотурлар немесе тарихи саяхаттар) қарастырған жөн. Мемлекет тарапынан инфрақұрылым жақсарған сайын ішкі туризм ел экономикасының маңызды драйверіне айналады.

Ақерке ЗӘРУБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің

3-курс студенті