Сәкеннің француз әтірі

Сәкеннің француз әтірі
фото: Сәкен Сейфуллин музейі

Кейде тұтас бір дәуірдің рухын бір ғана жәдігердің бойынан сезінуге болады. Бұл бұйым – Сәкен Сейфуллинге тиесілі болған француз әтірі. Қызғылт матамен қапталған сәнді қорабы мен нәзік жібек шашағы өткен ғасырдың талғамын айқын аңғартады. Уақыт табы оның өңін өзгертсе де, тарихи құндылығын еш кеміткен жоқ.

Қорап пен құты бетіне бейнеленген ағаш бұтағындағы құс композициясы жәдігерге ерекше көрік береді, ал сурет астында француз тілінде «1JEGE MOSCOU» деген жазу бар. Шыны құтының қақпағы бүгінге жетпеген. Дегенмен бұралып жабылатын ізі мен аузына оралған мата оның кезінде күнделікті қолданыста болғанын аңғартады. Ал арнайы ұяға дәл орналасқан қорабы бұйымның аса ұқыппен сақталғанын көрсетеді.

Белгілі өнер қайраткері Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» атты кітабында әтірді Сәкен Сейфуллин 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде комиссия мүшесі болып қатысқанда сатып алғанын естелік ретінде жазады. Ақын өмірден өткеннен кейін, бұл жәдігерді жары Гүлбаһрам Сейфуллина ұзақ жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған. Тіпті өмірінің соңғы сәтінде туған-туыстарына осы әтірді өзіне себуді аманат еткені туралы естеліктерде жазған.

Ең қызығы, арада тоқсан жылға жуық уақыт өтсе де, құтының ішінде әтірдің жұпар иісі сақталған. Бұл – музей қорындағы ең сирек кездесетін ерекшеліктердің бірі.

Жанайна ДАМЕРХАН,

Сәкен Сейфуллин музейінің экскурсия жетекшісі