Биыл – тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл. Уақыт пен тарих өлшемімен алғанда, еліміз әлі жол басында көрінгенімен, атқарылған іс ауқымы мен мазмұны бірнеше буынның ғұмырына татырлық. Әрі жадымызда ұдайы жаңғыртып тұрмасақ, болмайтын жарқын тұстарымыз да, жасампаз дерлік шаруалар да баршылық. Тәуелсіздік жылнамасындағы сондай жарқын беттің бірі – шетелдегі ағайынның атамекенге жаппай оралуы, яғни қандастар көші.
Еліміз 35 жыл бұрын тарих сахнасына шығып, 1991 жылдың 31 желтоқсанында, жаңа жыл түнінде Тұңғыш Президент радио арқылы шетелдегі барша ағайынға «Отанға оралыңдар» деп үндеу тастағанда, 43 мемлекетте қазақ диаспорасы тұрып жатқан.
Жалпы, шекаралас мемлекеттердегі қазақ диаспорасының Қазақстанға көшіп немесе келіп-кетіп тұруы – қашанда болып тұрған процесс. Алайда мұны қандастар көші емес, КСРО секілді ортақ шекара ішіндегі барыс-келіс қана дей аламыз. Ал шын мәніндегі қандастар көші Моңғолия бағытынан басталған екен.
Шеттегі ағайынның атамекенге оралу процесінің ең басында Қаз КСР-і мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы арасында ресми делегациялардың барыс-келісі бар. М.Горбачевтің «жариялылық» – ашықтық саясаты арқасында пайда болған жылымықтың арқасында 1990 жылдың сәуір айында Баян-Өлгей қаласының әкімшілігі мен қоғам белсенділерінен құралған моңғол-қазақ делегациясы ресми сапармен Алматыға келеді. Бұл атамекендегі қазақ пен шетелдердегі қандастар арасында орын алған ең алғашқы ресми байланыс болған екен. Дәл осы делегация кездесулерінде Моңғолиядағы ағайынның тарихи отанға оралу жайы қамтылған.
Моңғолияның Ұланбатырынан 1990 жылдың желтоқсанында Алматыда тағы бір делегация болып, осы жолы көш мәселесінде нақты келісімге қол жетті. Делегация құрамына сол кездегі моңғол үкіметінде жауапты лауазымдарда болған Сағат Заханқызы, Аятхан Тұрысбекұлы, ғалым Саит Заханұлы және бірнеше моңғолиялық қазақ зиялы қауым өкілдері кіреді.
А.Тұрысбекұлының еске алуынша, 1991 жылы Қазақстанға көшу жолы табылған. Бұл жолды салғандардың ұстаған амалы – «еңбек шарты» деген келісім. Сол жылдары моңғол елі бірқатар экономика дағдарысына ұрынып, елді жұмыссыздық жайлайды да, әлеуметтік мәселелер қандастардың бастапқы көшіне түрткі болады.
Моңғолиядан қазақ делегациясы 1990 жылдың желтоқсанында Алматыға келіп, Талдықорған облысының Кербұлақ ауданы халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы Тілеухан Садықұловпен танысып, кездеседі. Осы таныстық көшке леп беріп, 100 адамды аталған ауылға әкелу шарты жасалады.
Бастапқы жол салушылардың еске алатынындай, «моңғол үкіметінің ол кезде қазақтарға қарауға шамасы жоқ еді, тапшылық, жоқшылық, жұмыссыздық жайлай бастаған. Біз осы кезеңді пайдаландық қой. Кейбір моңғолдардың өздері де шетелдерге еңбек шартымен кете бастады».
Тағы бір жол салушы куәгер, қандас Сағат Заханқызының дерегінше, 90-жылдардың басында Моңғолиядағы еңбек дағдарысын ұтымды пайдаланып қалу қажеттiлiгi туды. Жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз ету үшiн шетелдерге шығару, соның iшiнде қазақтарды Қазақстанға шығару керек деген мәселе көтерілдi. Нәтижесінде 1990 жылы желтоқсанның 19-ы күнi Сағат Заханқызы Моңғолияның Еңбек министрлiгiнен Қазақ КСР-ына барып, еңбек келiсiмшартын жасауға құқық берiлген №1 жолхатқа қол жеткiзедi.
Ұлы көштiң басталуына себепшi болған алғашқы еңбек келiсiмшарты сол кездегi Талдықорған облысының Сарыөзек кеңшарында 1990 жылы желтоқсанның 27-сі күнi дүниеге келедi. Келiсiмшартқа Қазақстан тарапынан Кербұлақ ауданын атқару комитетi төрағасының орынбасары В.Колупаев, ауыл шаруашылығы бiрлестiгiнiң төрағасы Нұрбай Жантiлеуов қол қояды. Әрі қарай Моңғолия Еңбек министрi Ц.Цолмонның бұйрығымен Сағат Заханқызы Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын өкiл ретiнде тағайындалады. 1991 жылы наурыздың 12-сi күнi құрамында 96 адамы бар алғашқы көш Ұланбатырдан аттанып, атамекендi бетке алады. «Сол 96 адам ұлы көштiң алғашқы қарлығаштары едi» деп еске алады С.Заханқызы өз естелік кітабында. Туған елдiң топырағын тұңғыш болып аттаған кісілердің аты-жөнiн С.Заханқызының «Ұрпақтар тоғысы» атты кiтабынан табуға болады.
Қандастар көшінде қаперге алмай қоймайтын тағы екі құжат бар. Ол – 1991 жылдың 18 қарашасында, яғни тәуелсіздік жария етілерден 28 күн бұрын Қаз КСР Министрлер кабинеті шығарған құжат. Басқа республикалардан және шет мемлекеттерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген байырғы ұлт өкілдерін Қазақ КСР-іне қоныстандырудың тәртібі мен шарттарын қабылдады.
«Байырғы ұлт өкілдері» дейді. Қасаң саяси құжат тілі. Былайша айтқанда, «қазақтар» дегені. Құжат – қандастар көшінің бастау алуында Қазақстандағы ең алғашқы құқықтық негіз. Ал келер 1992 жылдың 26 маусымында, яғни тәуелсіздігіміздің алтыншы айында ҚР Жоғарғы Кеңесі атақты және өз кезеңі үшін үлкен мәнге ие болған «Көші-қон туралы» заңды қабылдады.
Тәуелсіздікпен қатар бастау алған қандастар көшіне де биыл 35 жыл. Сол кезеңнен бері атамекенге 1,5 млн-нан астам қандасымыз оралып, демографияның артуына, Отанымыздың дамуына өз үлесін қосты. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі.
«Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, шын мәнінде, ұлы көш – тәуелсіздіктің жемісі ғана емес, азаттықтың арқасында жүзеге асқан тарихи арманның орындалуы. Ғасырлар бойы шекара асып, жат жерде өмір сүрген қазақтардың атажұртына қайта оралуы – ұлттық тұтастықты жаңғыртып, елдіктің еңсесін көтерген ерекше оқиға. Сондықтан көштің 35 жылдық белесі – елге оралған қандастардың тағдырын ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның тұтас тарихын, ұлттың бірлік пен тұтастық жолындағы ұмтылысын бағамдайтын маңызды кезең.
Алмат АЛТАЙ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкері