Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын танытатын елордадағы музей қорындағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Соның бірі – Сәкен пайдаланған кофе ұнтақтағыш. Аталған бұйым Сәкен Сейфуллиннің 1927-1928 жылдары Қызылорда халық ағарту институтының ректоры қызметін атқарған кезіндегі тұрмыс-тіршілігімен байланысты.
Тарихи жәдігерді музей қорына актер, әнші, ақын, драматург Қанат Жүнісов тапсырды. Ал оның қолына Ілесбек Сариев деген азамат берді.

«1927 жылы Сәкен Сейфуллин Қызылорда халық ағарту институтының ректоры болған кезде, менің әкем Жалғас Сариев небәрі 11 жаста еді. Әкемнің әкесінің аты – Төремұрат, яғни атам сол уақытта Қызылорда қаласында бір мекемеде лауазымды қызметте болса керек. Соған байланысты Сәкен Сейфуллинмен бірлескен іс-шараларда жиі кездесіп, жақсы араласып тұратын. Бұл туралы маған әкем тірі кезінде көп айтып отыратын. Сол жылдары, яғни 1927-1928 жылдары болса керек, Сәкен жұмыс орны ауысуына байланысты көшетін болып, Төремұрат атам Жалғас әкемді көшірісуге жәрдем беруге алып келген. Көшіруді аяқтап, жәрдемдесіп болған соң, Сәкен әкемнің қасына келіп қолын алып, құшақтап, алғысын айтады. Сол тұста өзінің тұрмыста қолданып жүрген кофе ұнтақтағышын әкемнің қолына ұстатып, Төремұрат атаммен қоштаса тұрып, естелік сый әрі жәдігер есебінде ұсынады. Осы кофе ұнтақтағышты әкем тұрмыста қолданғаны есімде жоқ. Бірақ сол уақыттан бері 47 жыл сақтап, қолына алған уақыты маған осы заттың қаншалықты құнды зат екенін жиі айтып отыратын. Әкем 1975 жылы 24 сәуірде 59 жасында қайтыс болады да, осы жәдігер әкемнен маған мирас болып қала берді. Оның қаншалықты құнды екенін білгендіктен, оны әкемнің көзі есебінде осы уақытқа дейін жоғалтпай, сақтап келдім» деген еді жәдігерді тапсырғанда Ілесбек Жалғасұлы.
Бір айта кетерлігі, ХХ ғасырдың басында қолмен айналдыратын кофе ұнтақтағыштар Еуропа мен Ресейде кеңінен қолданылған. Ол кезеңде электрлі тұрмыс құрылғылары әлі жаппай таралмағандықтан, кофе дәндері осындай механикалық құралдардың көмегімен ұнтақталған.
Зере ҚУАНЫШ,
Сәкен Сейфуллин музейінің экскурсия жүргізушісі