Қоғамдық пікірді ескеру, халықтың талап-тілегін билікке жеткізу және мемлекеттік органдардың қызметіне азаматтық бақылау жасау – демократиялық қоғамның маңызды тетіктерінің бірі. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында құрылған қоғамдық кеңестер бүгінде азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқару жүйесінің арасындағы байланысты нығайтатын маңызды институтқа айналды. Міне, осы мақсатта өз жұмысын бастаған Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің құрылғанына биыл 10 жыл толды. Осы жылдар ішінде кеңес елорданың қоғамдық-саяси өміріне араласып, қала тұрғындарын толғандырған мәселелерді талқылауға, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуына мүмкіндік беретін алаң ретінде қалыптасты.
Айтулы датаға орай Астанада Қоғамдық кеңестің 10 жылдық қызметіне арналған салтанатты отырыс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қала аудандары әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері мен жұмыс топтарының жетекшілері қатысты.
Салтанатты отырыста кеңестің 10 жыл ішінде атқарған жұмыстары қорытындыланып, оның елорда өміріндегі орны мен қоғамдық бақылау бағытындағы қызметі таныстырылды. Сонымен қатар арнайы әзірленген бейнематериал арқылы кеңестің қызметі мен қол жеткізген нәтижелері көпшілік назарына ұсынылды.

Қоғамдық бақылау – жауапты қоғамның белгісі
Астана қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының міндетін атқарушы, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев 10 жыл ішінде қоғамдық кеңестердің қоғам өмірінен өз орнын тапқанын атап өтті. Оның айтуынша, кеңес халықтың мүддесін білдіріп қана қоймай, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсынысын мемлекеттік органдарға жеткізетін, азаматтық бақылауды қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық институт екенін толық дәлелдеген.
– Қоғамдық кеңес осы жылдар ішінде өз орнын тапты деп сеніммен айта аламын. Олар халықтың мүддесін білдіріп, тұрғындардың тілектері мен сұрақтарын тиісті ұсынымдар әзірлеу арқылы мемлекеттік органдарға жеткізді. Азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, ең өзекті мәселелер бойынша қоғамдық бақылауды қамтамасыз етті. Қоғамдық тыңдаулар мен қоғамдық мониторингтер өткізіп, билік пен азаматтық қоғам арасында тиімді кері байланыс орнатты, – деді ол.
Кәрімбек Құрманәлиев кеңестің құрамдық тұрғыдан да біртіндеп жаңарып, қоғамдық өкілдік аясын кеңейткеніне тоқталды. Алғашқы құрамда коммерциялық ұйымдардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары және әкімдік өкілдері болса, қазіргі төртінші құрамда үкіметтік емес сектор, бизнес қауымдастықтар, саяси партиялар мен белсенді азаматтар кеңінен қамтылған. Оның пікірінше, мұндай құрам Қоғамдық кеңеске азаматтық сектор мен қала тұрғындарының мүддесін барынша тиімді білдіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге кеңес жұмысының сабақтастығы да сақталған. Мәселен, үшінші құрамда болған мүшелердің 26 пайызы төртінші құрамға қайта сайланып, өз тәжірибесін жалғастырып отыр.

Қоғамдық кеңестің өкілеті де ауқымды. Оның қарауына қала бюджетінің жобасы мен оның атқарылуы туралы есеп, нормативтік-құқықтық актілер, азаматтардың құқығы мен бостандығына қатысты мәселелер енеді. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу үшін кеңес жанынан алты комиссия құрылған. Әр комиссия өз құзыретіне сәйкес белгілі бір саланың мәселелерін зерделеп, ұсыныстар әзірлейді.
Кеңес төрағасының міндетін атқарушы қоғамдық бақылаудың түпкі мақсаты мемлекеттік органдардың жұмысын сынаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның басты міндеті – мемлекеттік шешімдердің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, қоғамдық мүддені қорғау, азаматтық бастамаларды қолдау және тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту.
10 жылдық жұмыстың нәтижесін нақты көрсеткіштер де айғақтайды. Кәрімбек Құрманәлиевтің мәліметінше, осы кезеңде Астана қаласының Қоғамдық кеңесі 219 отырыс өткізіп, 967 мәселені қараған. Ал 2025 жылы сәуірде жұмысын бастаған төртінші құрамның 36 отырысында 159 мәселе талқыланған. Бұл кеңестің елордадағы қоғамдық маңызы бар мәселелерді қарастыруға жүйелі түрде қатысып келе жатқанын көрсетеді.
Қоғамдық пікір – қала дамуының маңызды өлшемі
Салтанатты жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді Қоғамдық кеңестің елорданың қоғамдық-саяси өміріндегі орнына тоқталып, оның 10 жылдық қызметін азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыстың нәтижесі ретінде бағалады.
– Елордамыздың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар маңызды институттың бірі – Астана қаласының Қоғамдық кеңесі. Кеңестің құрылғанына 10 жыл толуымен баршаңызды құттықтаймын! Осы жылдар ішінде ол азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог алаңына айналды, – деді Талғат Рахманберді.
Қала әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында елдік маңызы бар мәселелерді талқылау барысында қоғамдық кеңестердің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өткеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл міндет қоғамдық кеңестердің жауапкершілігін арттырып, қала тұрғындарының мүддесін қорғау мен өзекті мәселелерді шешудегі кәсіби құзыретін одан әрі жетілдіруді талап етеді.

Талғат Рахманберді соңғы жылдары елорда экономикасының тұрақты өсіп, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының кеңейгенін тілге тиек етті. Астанада жаңа мектептер, көпірлер, қоғамдық кеңістіктер мен аулалар салынып, жаңа ғимараттар мен шағын аудандар бой көтерді. Осындай ауқымды өзгерістер кезеңінде Қоғамдық кеңестің де өзіндік үлесі бар.
– Қала әкімдігі Қоғамдық кеңеспен өзара іс-қимылға ерекше мән береді. Өйткені қаланың дамуына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауда қоғамдық пікірді ескеру, тұрғындармен ашық диалог орнату – басты міндетіміздің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Қоғамдық кеңестің атқаратын рөлі айрықша. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, кеңестің қызметі одан әрі жандана берсін! – деді қала әкімінің орынбасары.
Басты күші – халықтың сенімінде
Жиында Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Қоғамдық кеңес институтының қалыптасу кезеңі мен қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, 10 жыл қоғамдық институт үшін аса ұзақ уақыт болмағанымен, оның қалыптасып, орнығуы және қоғам сеніміне ие болуы тұрғысынан маңызды белес саналады. Осыдан 10 жыл бұрын қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» заң мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың ел басқару ісіне араласуына, мемлекеттік шешімдерді талқылауына және қоғамдық бақылау жүргізуіне институционалдық мүмкіндік берді.
Табиғат Зейнұлқабден елорданың дамуымен бірге тұрғындардың сұранысы мен қоғамдық мәселелердің ауқымы да артып келе жатқанын атап өтті. Мұндай жағдайда қаланы дамытуға қатысты шешімдер қабылдауда халықтың пікірін ескеру, тұрғындардың мүддесін қорғау және билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту айрықша маңызға ие.

Ол Астана қаласының Қоғамдық кеңесі 10 жыл ішінде қызмет сабақтастығын сақтап, қоғамдық бақылаудың өзіндік мектебіне айналғанын айтты. Кеңес құрамында әр жылдары белсенді азаматтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері еңбек етті. Бүгінде қоғамдық сектор, бизнес қауымдастық, саяси партиялар мен белсенді азаматтардың бір алаңда тоғысуы оның қоғамдық өкілдік сипатын күшейте түскен.
– Қоғамдық кеңестің басты күші оның құрамының санында емес, қоғамның үнін теңгерімді жеткізіп, көтерілген мәселелердің шешілуіне қаншалықты ықпал ете білуінде. Қалалық бюджет, оның атқарылуы, нормативтік-құқықтық актілер, тұрғындардың құқығы мен мүддесіне қатысты мәселелердің барлығы қоғамдық талқылау мен тұрақты назарды қажет етеді. Сондықтан кеңес жұмысының ашықтығы мен жүйелілігі оның жауапкершілігі мен кәсіби ұстанымын көрсетеді, – деді ол.
Сонымен қатар комитет төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қоғамдық кеңестердің өкілдері де еніп, азаматтық қоғам өкілдерінің үнін жоғары деңгейде жеткізуге үлкен мүмкіндік жасалғанын айрықша атап өтті. Оның пікірінше, бұл құрылым халықтың мүддесін қорғауға, елдің тұрақты дамуына ықпал етуге және қабылданатын шешімдердің қоғам сұранысына сай болуына қызмет етуде.
«Бұл жиналыс – өткен 10 жылдан есеп беру ғана емес, алдағы кезеңде алдымызда тұрған жаңа міндеттерді айқындайтын мүмкіндік» деп түйіндеді ол сөзін.
Мерейтойлық жиында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің алғашқы төрағасы Сансызбай Есілов кеңестің құрылу тарихына тоқталып, алғашқы шақырылымның жұмысын ұйымдастыру оңай болмағанын еске алды.
– Алғашқы шақырылымның жұмысы оңай болған жоқ. Өйткені азаматтар Қоғамдық кеңестің не екенін, оның қандай міндет атқаратынын әлі толық түсіне бермейтін. Заңды да жан-жақты меңгеріп, жаңа құрылымның жұмысын қалыптастыру керек болды. Сондықтан Астананың әр саласында қызмет атқарған тәжірибесі мол азаматтарды кеңес құрамына шақырдық. Саяси партиялардың да өкілдерін тарттық. Бүгінде арада 10 жыл өткенде Қоғамдық кеңестің өз орнын тауып, жұмысын жалғастырып, елордада беделді қоғамдық институтқа айналғанын көріп қуанып отырмын, – деді ол.
Сансызбай Есілов алғашқы және екінші шақырылымда бірге қызмет атқарған әріптестеріне алғыс айтып, қазіргі кеңестің құрамын жасақтауда да қоғамдық бірлестіктердің әлеуметтік сипаты мен халықпен байланысына назар аудару қажеттігін жеткізді. Сөз соңында ол қазіргі төртінші шақырылым мүшелеріне сәттілік тілеп, халықтың сенімінен шығып, әкімдікпен бірлесе отырып, елорда тұрғындарының игілігі жолында нәтижелі еңбек етуге шақырды.
Қоғамдық кеңестің III және IV шақырылымының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Зұлфухар Ғайыпов сөз кезегінде қоғамдық кеңестердің қазіргі құзыреті бұрынғыға қарағанда кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуына байланысты қоғамдық кеңестердің көкжиегі кеңейіп, мүмкіндігі де арта түскенін тілге тиек еткен ол «Мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қоғамдық бастамаларды нақты іске айналдыру қажет» деді.
Осы орайда Зұлфухар Ғайыпов Астана қаласы мәслихатының бастамасымен қолға алынған Joltap бағдарламасын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бастапқыда елорда деңгейінде жүзеге асқан бұл бастама бүгінде республикалық ауқымда қолданылатын тәжірибеге айналып келеді. Мұндай мысалдар қоғамдық институттардың жергілікті мәселелерді шешумен қатар, өзге өңірлерге де үлгі бола алатынын көрсетеді.
Салтанатты отырыс барысында Қоғамдық кеңестің қалыптасуы мен дамуына, оның қоғамдық қызметінің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға қала әкімдігі және Қоғамдық кеңес атынан марапаттар табысталып, алғыс хаттар берілді. Сондай-ақ жиында Қоғамдық кеңестің бірінші және екінші шақырылымдарына төрағалық еткен Сансызбай Есіловке айрықша құрмет көрсетілді. Биыл 75 жасқа толған ардагерге қазақтың дәстүрі бойынша арнайы шапан жабылып, сый-сияпат жасалды.
Қысқасы, Қоғамдық кеңестің 10 жылдық тарихы бір ғана ұйымның мерейтойы емес. Бұл – елордада қоғамдық пікірді мемлекеттік басқару ісіне тарту, халық үніне құлақ асу және өзекті мәселелерді ашық талқылау мәдениетінің қалыптасу кезеңі, сондай-ақ өткенді қорытындылап, келешекке кемел жоспар жасайтын айтулы сәт.