«Үміт» V республикалық студенттік театр фестивалі басталды

«Үміт» V республикалық студенттік театр фестивалі басталды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада «Үміт» V республикалық студенттік театр фестивалі басталды. Өнер додасына еліміздің әр өңірінен келген 20 студенттік театр ұжымдары қатысуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласының Жастар ресурстық орталығы, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры және «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Үміт» студенттік театр фестивалі 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өтеді. Осы уақыт ішінде жоба еліміздің жоғары оқу орындарындағы студенттік театр ұжымдарының басын қосып, жас өнерпаздардың шығармашылығын танытуға және олардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Фестивальді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен университет жанындағы «Шаңырақ» халықтық театры ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – студенттік театр өнерін дамыту, жас таланттарды қолдау және өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайту.

Қатысушылар үш бағыт бойынша: әуесқой студенттік театр, кәсіби білім алатын студенттердің театр ұжымдары және моноспектакль санаттары бойынша бақ сынауда. Әр ұжым ұзақтығы 50 минутқа дейінгі жастар арасындағы өзекті мәселелерді қозғайтын қойылым ұсынуда. Бұл қатарда  С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақжелкен» театры, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Тілектес Мейрамов және Айгүл Иманбаеваның шеберханаларында оқитын студенттер, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Талант» театры, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Мұрагер» театры, т.б. оқу орындарының студенттік театр ұжымдары бар. Фестиваль ертең аяқталады.

Аманғали Қалжанов