Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөз сөйледі
Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді.
Бұл – мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала. Бүгін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз.
Ең алдымен, қазір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бөліскен азаматтарға, инвесторларға алғыс білдіремін. Су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек. Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын. Қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз бар. Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді.
Алдымызда тұрған құрылыс жоспары – шын мәнінде, оның ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, айбынды әрі бірегей.
Геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін. Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады. Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті. Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек. Осы орайда, алдымызда тұрған нақты мақсат-міндеттерге тоқталып өтейін.
Бірінші мәселе. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл – мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе. Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды. Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту. Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет. Мен бұған дейін цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым. Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек. Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс. Сонымен қатар мен Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым. Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.
Екінші. Агросекторға қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландыру көзі қажет. Бұл жөнінде бірнеше мәрте айттық. Аграрлық кредиттік корпорация мен «ҚазАгроҚаржының» қолданыстағы инвестициялық құралдары өтінімдерді ұзақ қарайды әрі рәсімделу тәртібі қиын, сондай-ақ цифрландыру жағы жеткілікті деңгейде емес. Сондықтан Үкімет «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін ұсынғаны жөн. Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуы керек. Бұл жөнінде де ұдайы айтып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер – жекеменшік. Осы ретте кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет. Қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс және инвестициялық кезеңде негізгі берешектің төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн. Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз, бір жердің суын ішеміз. Сондықтан табыста аса үлкен алшақтық болмауы керек. Қаржы көздеріне қолжетімділік туралы түсінікте де айырмашылық болмағаны жөн.
Фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала, өнімін арзан бағаға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек. Шаруалар да мемлекетіміз көптеген, соның ішінде көрші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына орасан зор қаржы құйып жатқанын түсінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек. Сайып келгенде, аграрлық шаруашылықтың табысты болуы – мемлекет пен халықтың мүддесіне толық сай келеді. Осы түсінікке арқа сүйейміз. Сонымен қатар қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл – бұрыннан келе жатқан мәселе. Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек.
Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу туралы жиі айтып жүрміз. Жуырда ЖИ саласындағы жаһандық жетекші компаниялардың басшыларын қабылдадым. Жалпы, бізге жасанды интеллект ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеу керек.
Әрине, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қаржы құралдарын белсенді әрі тиімді қолданған жөн. Ал саланың өнімділігі ойдағыдай емес. Оны мойындағанымыз дұрыс. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді. Құжатта әлемдегі озық тәжірибе де ескеріледі. Бағдарламада ұзақмерзімді шартпен қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету, заманауи технологиялар мен озық ғылыми әзірлемелерді қолданысқа енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс.
Тағы бір өзекті мәселе – агросақтандыру жүйесін жетілдіру. Қуаңшылық, үсік және мал ауруы жылдар бойғы маңдай тер, табан ақыны желге ұшыруы мүмкін. Жергілікті климат жағдайына сеніп, жайбарақат отыруға болмайды. Бұл – әуел бастан тиімсіз стратегия. Шығынды үнемі бюджеттен өтеу де проблеманы шешпейді. Сондықтан Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп аталған нарықты дамыту жөнінде нақты ұсыныстар беруі керек. Сонымен қатар шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет.
Үшінші мәселе. Алдымызда тұрған тағы бір маңызды міндет – мал шаруашылығын дамыту. Мемлекет бұл салаға нақты қолдау көрсетіп келе жатыр. Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударылатын болды. Жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауарлы сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды. Енді осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау керек. Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс. Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек. Бұған қоса, ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет.
Төртінші. Егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыру маңызды. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жолы түсінікті деп ойлаймын. Еске сала кетейін, бұған егістіктің рационалды құрылымы, сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми дәлдікке негізделген егіншілік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады. Биыл диқандарымыздың минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бірнеше жыл бұрын аталған көрсеткіш небары 20 пайызды құраған еді. Сонымен бірге отандық тыңайтқыш өндірісін дамытудың маңызы зор.
Тағы бір міндет – суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни, күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын. Бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасын реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары басталды. Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал. Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салуымыз керек. Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер. Мемлекет туған жерінің өркендеуіне үлес қосатын, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға әрдайым қолдау көрсетеді.
Алайда жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес.
Бесінші мәселе. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беру қажет. Бұл мәселе бойынша көп әңгіме айтылып жатыр. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өсті. Соның ішінде өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал, ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет. Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа өндіріс нысандарын инженерлік желілерге уақтылы қосу өзекті мәселе болып отыр. Жалпы, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс.
Халқымыз «Ердің атын еңбек шығарады» деп бекер айтпаған. Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз. Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты. Қазір осы жерде жұртқа жанашыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын. Бүгін мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Құтты болсын!