Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Ұлы Дала» халықаралық кітаптар сериясының жаңа топтамасының таныстырылымы өтті. Оқырман назарына Моңғолия, Ресей, Өзбекстан және Қытайда тұратын қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының бес еңбегі ұсынылды.
Салтанатты іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, кітап авторлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Жаңа топтамаға Рысбек Зұрғанбайұлының «Моңғолия қазақтары: саяси нәубет және тарихи жады», Жазитхан Әуелханның «Құт мекенім – Қосағаш», Құлназар Ибрагимовтың «Жыр өткелі», Сұлтан Жанболатовтың «Таластағы тайталас» атты еңбектері мен Ағыпар Бәкейдің «Микроэкономика» оқулығы енді. Бұл шығармалар шетелдегі қазақ қауымдарының тарихын, тағдырын, әдебиеті мен мәдениетін таныстырумен қатар, ғылыми білім қорын толықтыруға бағытталған.
Таныстырылымда сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Әбдіқадыров жобаның ұлттық руханиятты дамытудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қай елде өмір сүрсе де, қазақты біріктіретін ортақ құндылықтар – ана тілі, төл тарихы, ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасы. «Ұлы дала» жобасы – тарихи жадыны жаңғыртуға, қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми еңбектердің аясын кеңейтуге бағытталған маңызды бастама. Шетелдегі отандастармен мәдени-гуманитарлық және рухани байланыстарды нығайту – Сыртқы істер министрлігінің маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте «Отандастар қоры» жүзеге асырып жатқан жұмыстардың орны ерекше» деді ол.
«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Ырысқали Дәуренбек шетелде өмір сүріп жатқан қазақ қауымдарының ана тілін, әдебиеті мен тарихи жадын сақтаудағы еңбектеріне назар аударды. Оның айтуынша, қандас қаламгерлер мен ғалымдардың шығармалары өздері тұратын өңірлердегі қазақтардың өмірін, мәдениеті мен тарихи тағдырын танытқанымен, олардың бірқатары Қазақстан оқырмандарына жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қор Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, 2023 жылдан бері «Ұлы дала» халқаралық жобасын жүзеге асырып келеді. Бүгінге дейін жоба аясында 30-ға жуық еңбек жарық көрген.