Құмарлық эпидемиясы

Құмарлық эпидемиясы
фото: ЖИ

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділігі бар 9 адам ресми тіркелгенімен, 700 мың адам тұрақты түрде бәс тігеді. Жақында finprom.kz бизнес және қаржы сараптамасы порталының мамандары құмар ойындар нарығына жүргізген талдауында осындай жаға ұстатарлық деректі жария етті.

Жаппай бәс тігуге көшті ме?

Сарапшылардың бағалауынша, еліміздегі онлайн-беттинг нарығы жоғары қарқынмен өсіп келеді. Оған дәлел, өткен жылы интернет арқылы жасалған бәс тігулердің көлемі 34,8 млрд теңгеден 370,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылдың ішінде 10 еседен астам көбейген. Алайда дәстүрлі сауықхана мен ойын автоматтары қызметінің көлемі, керісінше, қысқарған. Сауықхана табысы 16,2 пайызға – 24,9 млрд теңгеге дейін, ал ойын автоматтарының табысы 17 пайызға – 4,4 млрд теңгеге дейін азайған.

Енді салыстырып қарайық: 2024 жылы онлайн бәс тігудің үлесі небәрі 6 пайызды құраса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 62,6 пайызға дейін өсіпті. Демек, онлайн бәс тігу – құмар ойындары нарығының негізгі бөлігіне айналды деген сөз. Сарапшылар соңғы 1,5 жылда қазақстандықтар букмекерлік кеңселер арқылы 1,6 трлн теңге көлемінде бәс тіксе, соның ішінде 1,2 трлн теңгесі ұтыс ретінде ойыншыларға қайтарылған. Ал шамамен 400 млрд теңге букмекерлік компаниялардың үлесінде қалған.

Зерттеуден мәлім болғанындай, 2025 жылдың қорытындылары бойынша еліміздегі құмар ойындар мен бәс тігу қызметтерін көрсету нарығының көлемі 592, 2 млрд теңгені құраған. Бұл – осы саладағы ең жоғары көрсеткіш. 2017-2019 жылдармен салыстырғанда букмекерлік қызметтер көлемі 30 есеге дейін ұлғайған. Бір таңғаларлығы, құмар ойыннан ерікті түрде бас тартуға шешім қабылдағандардың саны да өсіпті. 2024 жылдың наурызынан 2026 жылдың мамырына дейін қазақстандықтар құмар ойындарға қатысуға өз еркімен тыйым салу үшін 457,4 мың өтініш берген. Соның ішінде 223,6 мыңы әлі де күшінде.

Құмарлық эпидемиясының ауқымы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп барады. Алаңдататын сауал: ресми статистика мен тәуелсіз сарапшылардың бағалауында үлкен айыр­ма­шылық бар. Тәуелсіз қаржы мамандары Қазақстанда 350 мыңнан аса адам құмарлық дертіне шалдыққан дейді, ал 2026 жылдың басындағы ресми есепте осындай диагноз қойылған бар-жоғы 9 адам ресми тіркелген. Кімге сенеміз: ресми мәліметке ме, әлде, тәуелсіз талдауға ма? Мұндай жағдайдың туындауының өзі құмар ойындарға тәуелділікті анықтау мен зерттеудің, дертті емдеу мен алдын алудың әлі де жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетеді.

Науқастардың саны неге аз?

Расында, елімізде құмар ойынға тәуелді 9-ақ адам бар дегенге ешкім сенбейді. Бұл жердегі нақты статистиканы іздейтін болсақ, құмар ойынға шалдыққандарды емдейтін жекеменшік емханалардағы бөлмелерді, құпия топтарды және емдеу-сауықтыру орталықтарын түгел аралауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де ресми есептегі сан тек диспансерлік бақылаудағы адамдардың қанша екенін білдіретінін айтады. Бұл жерде құпия қабылдау туралы сөз жоқ. Құзырлы ведомствоның ресми сайттарын шолып отырып мынадай ақпаратты көзіміз шалды: 2025 жылы елімізде 98 емделуші ерікті түрде стационарлық ем-дом алыпты. Сол емделген адамдардың 72-сі Алматыдағы Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулықты қалпына келтіру орталығында емделген. Одан бөлек, Астанада – 10 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 4 адам, Ақтөбе облысында – 3 адам, Шымкент қаласында – 3 адам, Жамбыл облысында – 2 адам, Қарағанды, Қостанай және Маңғыстау облыстарында 1 адамнан емханаларда ем-дом қабылдаған.

Бұл жердегі статистиканың шындыққа сәйкеспейтінін дәрігерлердің өздері де растайды. Өйткені еліміздің аумағындағы барлық психикалық денсаулықты қалпына келтіру орталықтарында құмар ойыннан жасырын емделу тетігі қарастырылған. Ол жерде емделушілерге құмар ойындарға паталогиялық тәуелділіктен арылуға жәрдемдесу ем-рәсімін қоса алғанда, дәрігерлік-әлеуметтік, психотерапевтік және сауықтыру рәсімдері жасалады. Кейбір адамдар құмар ойыннан тегін ем-дом алуға болатынын да білмеуі мүмкін. Ал құмар ойын­нан емделу Кепілдік берілген тегін дәрігерлік көмек жүйесіне кіреді. Себебі «F63 диагнозы» әлеуметтік маңызы зор аурулар тізіміне енгізілген. Яғни мемлекеттік емханаларда ем-дом алған адам тегін тексеріліп, қаралып, емделуге құқылы деген сөз. Мысалы, Астана қаласындағы Хусейн бен Талал көшесіндегі 7-үйде орналасқан Психикалық денсаулық орталығынан осындай ем-домды тегін алуға болады.

Лудоманның портреті

Зерттеуші мамандардың пайымдауынша, Қазақстанда, негізінен, құмар ойындарына тәуелділік дертіне шалдыққандардың 90 пайызы – ер-азаматтар. Мұндай дерек өткен жылы ресми жарияланған «Қазақстандағы лудомания феномені және оны дамытуға ықпал ететін факторлар» атты сараптамалық баяндамадан алынып отыр. 2025 жылы елі­­мізде шамамен 442,5 мың адам бәс тіксе, солардың дені – 18-30 жас аралығындағылар. Сарап­шылардың айтуынша, елдегі әрбір 10 лудоманның 9-ы – қазақ ұлтының өкілдері.

Бір таңғаларлығы, бұрын бәс тігумен орта жастағы адамдар көп айналысса, қазір бұл дерт «жасарып» кетті. Мәселен, жоғарыдағы зерттеуден мәлім болғаны, еліміздегі лудоманның орташа жасы 29-да деп жазылған. Құмарлық эпидемиясы құрбандарының 71,6 пайызы – жоғары білімі бар азаматтар. Ал лудомандардың жартысынан көбі – үйлі-баранды (арасында ажырасқандары да жетерлік) және балалары бар ер-азаматтар.

«Сараптамалық зерттеудің сұрақтарына жауап бергендердің (лудомандар) арасында құрылыс пен өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндер (ойынға беріліп, жұмыстан шығып кеткендері де бар) 18,7 пайызды құрайды. Одан кейінгі орында қаржы саласының өкілдері тұр: 13,3 пайыз. Бұл жерде лудомандардың арасында тікелей мемлекеттік қызметке қатысы бар адамдардың үлесі 11,7 пайызды құрайды. Одан бөлек, лудомандардың тағы 11,7 пайызын бұрын кәсіпкерлікпен айналысқандар және өзін-өзі асыраушы азаматтардың тобына жататындар құрайды» делінген аталған зерттеуде.

Алайда әлеуметтанушы-мамандар нағыз лудоманның әлеуметтік және психологиялық портретін жасап шығару мүмкін еместігін алға тартады. Егер сондай портретті жасауға мүмкіндік болса, құмар ойынға есі кеткендерді алдын ала анықтап, емдеудің тиімді жолдарын да табуға болар еді. Әлеуметтанушы Сәбина Шаймерденова лудоманның нақты портретін жасайтын көмескі критерийлер ғана бар екенін айтады.

– Лудомандардың арасында ер-азаматтар көп кездеседі. Бұл жерде әйелдердің үлесі аз болғанымен, мәселе жоқ емес. Меніңше, нағыз лудоманның белгілі бір жасын бекіту мүмкін емес. Өйткені іс жүзінде өмірде 14 жастан бастап 60 жасқа дейінгі жас санатында құмар ойынға құмартқандар бар. Тіпті 60 жастан асқан адамдар да бұл дертке шалдығуы әбден мүмкін. Күнделікті тірлікте ақшаның жетіспеушілігі, банктен алған қарызды қайтару, отбасындағы шығындарға қаражат табу сияқты қаржы мәселелерінен шаршаған жандар құмар ойынның құрығына тез түсіп қалады. Мұндай кезде жақын адамдарының жанашырлығы, мейірімділігі және қаржылай қолдауы бәрінен де маңызды, – дейді ол.

Есепте қанша адам бар?

2026 жылдың басындағы есеп бойынша психобелсенді заттарды қолдануға байланысты психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 108 мыңнан астам адам динамикалық тіркеуде тұр. Соның ішінде 18 мыңға жуығы – нашақорлар, 90 мыңнан астамы – маскүнемдер. Ал ойынқұмарлық белгілері бар азаматтардың саны 450 мың адамға жуықтайды. Мұндай ақпарат биыл көктемде елордадағы Психикалық денсаулық сақтау орталығында өткен жиында айтылды. Парламенттің экс-депутаты Айна Мысырәлімова ең бастысы проблеманың ауқымында емес, құмарлықтан емдеудің тиімділігінде жатқанын айтады.

– Нашақорлыққа шалдыққан науқастардың 70-80 пайызы алғашқы жылы қайтадан есірткі тұтына бастайды. Қазақстанда олармен жұмыс істеу жүйесі кешігіп әрекет етеді. Іс жүзінде адам стационардан шығып, кейін жұмыстың және қолдаудың жоғынан бұрынғы ортасына қайтып барады. Нақты нәтижеге жетеміз десек, құмарлықтың алдын алу, ерте анықтау, емдеу, оңалтуды және қайта әлеуметтендіруді біріктіретін біртұтас «көмек континуумы» моделіне көшкен абзал. Ауырған адамды жазалау мен есепке алу тәсілінен гөрі оңалтуға баса назар аударайық. Ол үшін орталықтарды міндетті лицензиялау және бақылау арқылы инфрақұрылымды дамыту, емделуден кейін пациенттерді ұзақмерзімді қолдау жүйесін енгізу керек, – дейді ол.

Парламенттің тағы бір экс-депутаты Асхат Аймағамбетов лудоманиямен күрестегі бүгінгі тәсілдер тиімсіз екенін айтады.

«Лудоманияға ерекше назар аударып, оны дербес бағыт ретінде алып, жедел желілерді құрып, клиникалық хаттамаларды қайта қарау қажет. Өйткені бұл саладағы қазіргі қолданылып жүрген тәсіл тиімсіз» дейді ол.

 

Үкімет не істеуі керек?

Мәжілістің экс-депутаты Нұрлан Әуесбаев құмарлық эпидемиясының ұлттық мәселеге айналып бара жатқанына алаңдайды.

«700 мыңнан астам ойынға тәуелді азаматтардың артында күйреген отбасы, жоғалған уақыты, қыруар қаржысы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қордаланып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Біз ойынханаларды заңдастырып табыс табамыз деп жүргенде, талай тағдырдың тамырына балта шабылып, сан мыңдаған бала ата-анасының қамқорлығына мұқтаж күйде қалып қойды. Енді мәселені ауқымды зерделеп, азаматтарымызды құмар ойыннан құтқаратын уақыт жетті деп ойлаймын. Біздің елде құмар ойынға тәуелді азаматтарға көрсетілетін медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмектің көлемі мен қолданылып отырған шектеу іс-шараларының арасында үлкен теңгерімсіздік бар. Атап айтқанда, 2024 және 2026 жылдарға арналған лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарда, азаматтарды оңалту мен көмектесуге мемлекет тарапынан қамтылатын азаматтардың саны бар болғаны 300 адам деп белгіленген екен. Бұл мәселені одан сайын ушықтырмаса, оңалтуға қауқарсыз сан екені айдан анық. Сондықтан азаматтарды оңалту мен ойын­құмарлықтың алдын алатын іс-шараларды шұғыл түрде қолға алмасақ, ұлтымыздың ұлдары мен қыздарын түпсіз құрдымнан сақтап қалу өте күрделі болып кетері анық» деді ол маусым айында Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, криптовалюталарды пайдаланатын заңсыз шетелдік онлайн-платформалардың қызметі де елімізге үлкен қатер төндіруде.

«Қазақстанда «дроп-карталар» мен жалған төлем шоттары арқылы жүзеге асатын қаржы схемалары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап келеді. Сарапшылардың бағамдауынша, осындай заңсыз ойын бизнесіндегі қаржы айналымы 500 миллиард теңгеден асыпты. Қала берді бұл мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігіне орасан зор қатер төндіріп, көлеңкелі экономиканың дамуына ықпал етуде. Осы мәселелерді ескере отырып, елімізде азаматтарға медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігі мәселесіне ерекше назар аудару керек. Өзінің ойынға тәуелді екенін түсінген сан мыңдаған азамат әлеуметтік салдар мен түрлі шектеуден қауіптеніп, мемлекеттік медициналық ұйымдарға жүгінуге батылы бармайды. Ал жекеменшік оңалту орталықтарының қызметі қымбат екені анық. Өзі де қаражаттан таршылық көріп жүрген бұл азаматтардың арқасындағы ауыртпалықты жеңілдетіп, мемлекет тарапынан қолдап жіберу аса қажет екені анық. Сондықтан оңалту орталықтарын мемлекет тарапынан субсидиялап, ел азаматтарының қалыпты өмірге оралуына қолдау көрсету дәл қазіргі уақытта аса қажет деп ойлаймын» дейді экс-депутат.

Ол Үкіметке мынадай нақты ұсыныстарын жолдады: оңалту орталықтары ойынға тәуелділіктен емделу кезінде толық құпиялылықты қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді әзірлеуді және енгізуді талап етеді. Егер емделушінің жағдайы айналасындағыларға тікелей қауіп төндірмесе, оны автоматты түрде шектеу есебіне қою тәжірибесі қолданылмауы тиіс; ойынға тәуелділіктен емделіп шыққан азаматтарды оңалтудан кейін қолдау тетігін әзірлеп, соның ішінде банк несиелері бойынша төлемді уақытша кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыру; Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесе отырып, заңсыз ойын алаңдарына қаражат шығаруға пайдаланатын төлем жүйелері мен «дроп-карталарды» анықтау және олардың жолын кесу іс-шараларын күшейтуі қажет; білім беру мен әлеуметтік нысандарда психологтардың лудоманияны анықтау және оның алдын алу мәселелері бойынша тәуекелдерді ерте кезеңде анықтай алатын жүйе құру және жастар мен отбасылар арасында тиімді профилактика жүргізетін мамандар желісін құру маңызды болмақ.

«Лудоманиямен күрес – ең алдымен Қазақстанның экономикалық және демографиялық қауіпсіздігі мәселесі. Бізге бұғатталған сайттардың саны туралы есеп емес, ойынқұмарлықтан құтқарылған тағдырлар мен қоғамға қайта оралған отбасылардың саны аса қажет» деп сөзін түйіндеді Н.Әуесбаев. Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.