Жастар неге үйленуге асықпайды?

Жастар неге үйленуге асықпайды?

Қазіргі таңда үйленуге асықпайтындарды жиі байқаймыз. Отау көтермеудің сырын сұрай қалсаңыз, түрлі уәж айтады. Бұл арада махаббаттан бастап әлеуметтік жағдайға дейінгі түйткілдер бар көрінеді. Расында да солай ма, зерделеп көрген едік.

Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) дерегінше, елімізде кейінгі 20-25 жылда болмаған ең төменгі некелесу көрсеткіші тіркелді. 2015 жылы елде 148,8 мың неке қиылса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Яғни кейінгі 10 жыл­да неке саны 22%-ға қысқарды. Әр 1000 адамға шаққандағы некелесу коэффициенті 8,48-ден 5,69-ға дейін азайды. Бұл – уайымдатарлық проблема.

Астана қаласының тұрғыны, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Әлібек Әбдірашитұлы өзінің өмір тарихынан сыр шертіп, үйлену мәселесі, отбасы құндылығы туралы ой бөлісті.

– Жұбайым Сара екеуміз 60 жылдан бері отандасып келеміз. Ол Алматыдағы Қыздар педагогика институтында әпкеммен бірге оқыды. Мені сол таныстырды. Содан отбасын құрдық. Ыдыс-аяқ сылдырласа да, бір-бірімізді түсінуге тырыстық. Ұрпақ өсірдік. Немерелеріміз бар. Бұрынырақта ата-анамыз ерте жастан үйленуге үндейтін. Бүгінде үйленбейтін де жастар бар. Біз өмірде кешірімді болдық. Қазіргілер ақылды әлеуметтік желіден үйренеді. Ал біз үлкендерді тыңдап, сыйлайтынбыз. Отбасының іргесін шайқатпауға тырысатын едік. Қазір ұлттық құндылық, отбасының берекесі сақталмайтын болды. Жалпы, отбасы құндылығын барынша дәріптеу керек, – деді ақсақал.

ҰСБ дерегінше, елімізде жастардың отбасын құру жасы жыл санап қарқынды түрде ұлғайып барады. Сәйкесінше, 2014 жылдары орташа үйлену жасы ерлерде – 26, әйелдерде 24 болса, 2026 жылы орташа үйлену жасы ерлерде – 27,9, ал әйелдерде 25,3-ке жеткен. Жылына орташа есеппен 115-124 мың айналасында неке қиылады. Соның 3/1 ажырасады. Кейінгі 10 жылда некеге тұру 22%-ға қысқарған. Некеге тұрғандар қалада 68,1% болса, ауылда 31,9% тіркелген. Ең көп неке Астана қаласында тіркелген екен.

Оқу оқып, мансап қуу бүгінде сәнге айналған. Ол жағы жасырын емес. Бірақ демократиялы қоғамда өмір сүргендіктен ақыл айту да әбестік саналады.

Астана қаласының тұрғыны, PhD доктор Ербол Елбергенов өзіне 30 жасқа дейін, жағда­йын жасамай үйленбеуге шарт қойыпты. Үйленбеуінің мәнін түсіндіріп берді.

– Біз Өзбекстаннан атамекенге қоныс аудардық. ЖОО оқыдық. Қосымша жұмыс істедік. Докторлықты 28 жасымда қорғадым. Шетелге барып тәжірибеден өтіп келдім. Үй, көлік алдым. Ғылыммен шұғылданып келемін. Қаржы жинадым. Әке-шешем де мені қатты уайымдады. Тіпті үйдегілермен тілдесу мүмкін болмай қалды. Бәрі «қашан үйленесің?» деген сұрақты қоя берді. Ақыры 30 жасымда үйлендім. Ол уақытта қатарластырым 2-3 балалы болып үлгерген-тұғын. Бүгінде 3 ұлым бар. Бірақ ертерек үйлене беру керек екен. Қазір 38 жасқа толдым. Ерте үйленгеннің артықшылығы отбасы тіршілігіне ерте бой үйретесіз, оның үстіне балалар өсіп, қолғабыс болып қалар еді. Жалпы, өмірлік жарың кездессе, 23-24 жаста-ақ үйленіп кету керек. Өйткені қасыңдағы жұбайың сенің қалай көтерілгеніңді бірге көреді, барды қадірлейді, – дейді ол.

БҰҰ дерегінше, Орталық Азия­­дағы Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанда орташа үйлену жасы 22-24 жасты құрайды екен. Байқап қарасаңыз, бұл елдердің жастарының көбі Ресейге, Еуропа елдеріне, шетелге барып маусымдық жұмыстарды атқарып келеді. Дейтұрғанмен демография өсімі жоғары. Ал біздің елде үйлену жасы 28 жасқа тақады. Салыстырмалы түрде қарағанда, біздегі әлеуметтік жағдай көрші елдермен салыс­тырғанда жоғары екені анық.

Қазіргі қоғамда, оның ішінде Қазақстанда қыздардың тұрмысқа шығуға асықпауы немесе некесіз қалуы – әлеуметтік-экономикалық, психологиялық және демографиялық факторлардың өзгеруімен тікелей байланыс­ты кешенді үрдіс. Негізінен, 30 жас­­қа дейін жігіттердің басым бөлігі үйленіп үлгереді екен.

– Қазіргі таңда қыз балалар тұр­мыс құруды кейінге қалдырып жатады. Өз оқиғамды айтайын. Өзім Шығыс Қазақстанның тумасымын. Жас кезде ауылда тұрдық. Қалаға келген соң тұратын жер жоқ, қалтада ақша аз. Сондықтан ерте тұрмыс құрғым келмеді. Әйтпесе талай жігіттер жолықты. 20 жасымда Қызылорданың қазақи жігіті жолығып, тұрмыс құруға ұсыныс жасады. Соңымнан көп жүгірді. Бірақ мен, шынын айтқанда, оны менсінбедім. Мені жақсы көргені соншалық, жатақханамның алдына келіп өлең оқиды, дос қыздардан сыйлық, гүл беріп, хат та жазды. Содан ақыр болмаған соң, ол өзінің жерлесіне үйленіпті. Сөйтіп жүріп медицинаны 7 жыл оқып, 2 жыл резидентураны тағы оқыдым. Бір аурухананың бас терапевт дәрігері атандым. Қосымша дәрі-дәрмек кәсібін аштым. АҚШ, Түркияға барып біліктілікті жетілдірдім. Үй алдым, қымбат көлік міндім. Анам мені ойлап дүниеден өтті. Артымдағы 5 бауырыма жәрдемдесіп тұрдым. Сөйтіп жүргенде 36 жасқа келіппін. Ойласам, ойға алған мақсаттардың біразын еңсеріппін. Бірақ күйеуім, отбасым жоқ екен. Әйтеуір, бұрынғы әйелі қайтыс болған кісінің етегінен ұстадым. Ол кісі менен 10 жас үлкен. Дейтұрғанмен алғашқы 2-3 жылда баламыз болмады. Өзім дәрігер болсам да, мұның жолын таппай әбіржідім. Бір қызды ғана болдым. Күйеуіммен 6 жыл тұрдым, ол дүние салды. Өмірден түсінгенім, әр нәрсе өз уақытында екен, – деп пайымдайды ол.

Ресми деректерге сәйкес, елде 350 мың қыз тұрмыс құрмай, оң босағада отырғаны жасырын емес. Сөйтіп 35 жастан асқан бойдақ қыз-жігіт азаймай тұр. Бұл – ұлттық мүдде тұрғысынан ойланатын-ақ проблема. Некеге тұру, кеш үйлену, отбасын құруға асықпаудың бірнеше факторы бар екен.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, PhD доктор Сәуле Дюсупова отбасын құруға асықпаудың бірнеше факторын атады.

– Қазір құндылықтар өзгеріп жатыр. ХХ ғасырдың 70-80-жылдарына қарағанда қазір басқаша. Көбі бакалавр бітіріп, магист­ратура, докторантураға түсуді аңсайды, көздейді. Шетелге барып оқып келем деушілер көп. Қазіргі 2005 жылдан бері қарайғы жастар шаңырақ көтеруге асықпайды, – дейді демограф.

Ресми деректерге сүйенсек, бакалавриатта студенттердің жалпы санының 53,7%-ын әйел­дер құрайды. Магистранттар арасында әйелдердің үлесі – 63,1%. Ал докторанттардың басым бөлігі, яғни 62,2%-ы – әйелдер.

Бұл бағытта әлеуметтану­шы Серік Бейсембаев та құндылықтар өзгергенін байқап, ой-пайымын білдіріп жүр.

– Жоғары білім алған әйел ерлермен бірдей жұмыс істеп, табыс тапқысы келеді. Ол бұрынғыдай отбасы, ошақ қасында қалғысы келмейді. Бұл – дәстүрлі қо­ғамнан индустриалды қоғамға өтудің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда Орталық Азия елдеріне қарағанда көп өзгешелік бар, – дейді социолог.

Тоқетері, қазақ халқы «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Біздегі кеш үйлену немесе өмір бойы отбасын құрмау жиілеп барады. Әрине, әркімнің өз тал­ғамы, жолы болар. Десе де, бұл ұлттың тамырына балта ша­бары анық. Өйткені отбасы құндылығы дәріптелмеген қоғам кері кетеді. Ал біздің елге қазақи отбасы институтын қайта орнату ауадай қажет болып тұр.