Қазақстанның 15 мыңға жуық тұрғыны «QUATTY BOL» ұлттық AI-челленджіне қатысып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
14 қарашада басталған «QUATTY BOL» ұлттық спорт челленджіне Қазақстанның әр өңірінен 15 мыңға жуық адам қосылды. Қатысушылар бір спорт алаңына жиналмай-ақ, жүгіру, жаяу жүру, отырып-тұру және қолды бүгіп-жазу жаттығулары бойынша онлайн жарысуда. Олардың нәтижелерін смартфон камерасы арқылы жасанды интеллект тіркейді.
Ауқымды ұлттық онлайн-челлендж қазақстандық AI SPORT цифрлық платформасында ұйымдастырылып, 4 желтоқсанға дейін жалғасады. Жобаның басты мақсаты - бұқаралық спортты баршаға қолжетімді ету.
Жобаның ерекшелігі – қатысу үшін арнайы спорт нысандарына барудың немесе жарыс өтетін орынға жиналудың қажеті жоқ. Әр адам үйінде, ауласында, саябақта немесе өзіне ыңғайлы кез келген жерде жаттыға алады. Жасанды интеллект смартфон камерасы арқылы жаттығуларды танып, қайталану санын есептейді. Ал GPS технологиясы жүріп өткен және жүгірген қашықтықты тіркейді. Барлық нәтиже ортақ цифрлық рейтингте көрсетіледі.
Қатысушыларға үш бағыт ұсынылған. Бірінші бағыт - QADAM MEN QUAT. Мұнда күн сайын 3 шақырым жаяу жүру немесе жүгіру және 50 рет отырып-тұру қажет. Екінші бағыт - 100 SHAQYRYM. Қатысушылар 21 күн ішінде жалпы 100 шақырым қашықтықты еңсеруі тиіс. Ал QUATTY BOL PUSH бағыты бойынша күн сайын 50 рет қолды бүгіп-жазу және 100 рет секіру керек.
Күнделікті тапсырмалары бар бағыттарда нормативтерді 21 күннің кемінде 16 күнінде орындау қажет. Қатысушыларға бес күнге дейін үзіліс жасауға рұқсат етіледі.
AI SPORT негізін қалаушы, Қазақстанның Ұлттық цифрлық және AI-спорт федерациясының президенті Ғабит Салтыбаевтың айтуынша, цифрлық технологиялар бұқаралық спортты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.
«Әдетте 15 мың адамды бір спорттық іс-шараға жинау үшін стадион, ұйымдастырушылар, қажетті инфрақұрылым және қомақты қаражат керек. Ал қазір мыңдаған қазақстандық бір-бірінен жүздеген шақырым қашықтықта жүріп-ақ өзара жарысып жатыр. Бірі саябақта жүгірсе, екіншісі үйінде отырып-тұру жаттығуларын жасайды, тағы бірі шағын ауылда белгіленген қашықтықты жүріп өтеді. Олардың барлығы бір ұлттық жарысқа қатысып отыр. Біздің түсінігімізде, бұқаралық спорттың болашағы - адамның қай жерде тұратынына қарамастан, спортпен айналысып, жарысқа қатысуына мүмкіндік жасау», - деді Ғабит Салтыбаев.
Қатысушылар үшін қосымша ынталандыру ретінде жүлделер қарастырылған. Жалпы ақшалай жүлде қоры - 1 миллион теңге. Оның ішінде әрқайсысы 100 мың теңгеден болатын 10 жүлде бар. Сонымен қатар челлендж шарттарын орындаған қатысушылар арасында iPhone 18 Pro, 10-нан астам смарт-сағат және серіктестердің сыйлықтары ойнатылады. Жүлделерді үлестіру тәртібі жарыс ережелеріне сәйкес анықталады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар бұқаралық спортқа ірі қалалардың тұрғындарын ғана емес, спорт инфрақұрылымы шектеулі шағын елді мекендердегі азаматтарды да тартуға мүмкіндік береді.
«QUATTY BOL» челленджі 2026 жылғы 4 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазақстанның 18 жастан асқан тұрғындары үшін қатысу тегін. Қосылу үшін AI SPORT мобильді қосымшасын жүктеп, тіркелу, өз бағытын таңдау және жаттығу нәтижелерін қосымша арқылы тіркеп отыру қажет.