Қазақстанның болашағы - ортақ еңбегіміз бен жауапкершілігіміздің нәтижесі

Қазақстанның болашағы - ортақ еңбегіміз бен жауапкершілігіміздің нәтижесі
фото: жеке архивінен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағыттарын айқындады. Басты мақсат - Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құру.

Жолдаудағы маңызды бастамалардың бірі - «Халықтық құрылыс». Алдағы кезеңде жолдар, көпірлер, инженерлік желілер, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріледі. Бұл өңірлердің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Алайда елдің дамуы тек құрылыс пен экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол қоғамның құндылықтарына, азаматтардың жауапкершілігіне және адал еңбегіне де байланысты. «Адал азамат» тұжырымдамасы, «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» бастамасы күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек.

Цифрландыру, жасанды интеллект, ғылым мен инновацияның дамуы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте жастардың сапалы білім алып, заманауи дағдыларды меңгеруі және ел дамуына белсенді араласуы ерекше маңызды.

Осы ретте, жастар – тек болашақтың иесі емес, бүгінгі өзгерістердің де белсенді қатысушысы екендігін атап өту қажет. Оларға білім алуға, еңбек етуге, кәсіп бастауға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру - елдің адами капиталына салынған инвестиция. Ал жастардың міндеті - осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз еңбегімен Қазақстанның дамуына үлес қосу.

Қазақстанның болашағы - ортақ еңбегіміз бен жауапкершілігіміздің нәтижесі. Әрқайсымыз өз ісімізге адал болып, ел игілігі үшін еңбек етсек, қуатты әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырамыз.

Ақерке Искандерова,

Құрылтай депутаты