Еңбегі ерен Есілов

Еңбегі ерен Есілов
фото: kazatu.edu.kz

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейітжанұлы Есілов 75 жаста.

Мына аумалы-төк­пелі, күрделі заманда, өзімнің пайымдауымша, әр адам өз тағды­рының ғана ұстасы емес, өзі өмір сүріп отырған, етене араласып жүрген қоғамға, сол кезеңнің уақыт болмысына тиісті дәрежеде ықпал ететініне куәгерміз. Солардың қатарында бүгінде ғұмыр дастанының жетпіс бес белесіне қадам басып отырған Сансызбай Сейіт­жанұлын атап өтуіміз ләзім.

Ол ауылдағы тіршілікке, отбасындағы тәрбиеге қанық болып ержетті. Жас кезінен маңдайдағы шып-шып аққан тердің қасиетін жақсы білді. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітжан Есілұлы ұзақ жылдар теміржол саласында еңбек етіп, зейнет жасына жетсе, анасы Мәкіш Байділдәқызы ұлағатты ұстаз санатынан еді. Міне, осыдан да болар, мектептегі оқумен қатар, ол күйбең тіршіліктің қадірін жақсы білді. Орта мектеп тәлім болып, кәмелеттік аттестат алғаннан ке­йін ата-ананың ұйғаруымен облыс орталығындағы теміржол техникумының табалдырығын аттады. Алғашқы еңбек жолын 1972 жылы Ленинград қаласында Отан алдындағы борышын өтеп келіп, Астрахан ауданындағы Жалтыр станциясында бастап­қыда монтёр мамандығынан бастап, кейін аға шебер, инженер болып жалғас­тырды. Теміржолшы қауымы жас маманды, қазақша айтқанда, «бауырына тартты». Сансызбай өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, тиянақтылық таныта білді. Ұжымдағы жастардың жетекшісі бола жүріп, білімін одан әрі жетілдіруді ойлап, Целиноград инженер-құрылыс институтының сырттай оқу бөліміне құжаттарын тапсырып, студент атанды. Бастауыш партия ұйымы жас маманды өз қатарына қабылдады. Арада едәуір уақыт өткенде, білікті маман, жас коммунист Сансыз­бай Есілов Астрахан аудандық партия комитетінің назарына ілігіп, партия-­ұйымдастыру бөлімі­нің нұсқаушысы ­қызметіне ­тағайындалады.

1977 жылдың ақпан айында облыс құрамында жаңадан Теңіз ауданы құрылып, оның алғашқы ұйымдастыру конференциясында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып есімі республикаға, облысқа кеңінен танымал іскер басшы Қайреден Кәрібаев сайланды. Қайрекең аудандық партия комитеті аппаратының қызметкерлері қатарын жасақтаған кезде партия жұмысынан едәуір тәжірибесі бар Сансызбай Есіловті аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырады. Жаңа аудан топырағына қадам басқан Сансызбай Сейітжанұлы осы өңірде, 1985 жылы аудан аумағында сапалы көмір кенінің мол қоры табылғандықтан Теңіз ауданы Қарағанды облысының құрамына берілгенше, аудандық партия комитетінің хатшысы болып еңбек етті.

– Теңіз ауданында өткен жылдарымды ерекше сағынышпен еске аламын. Қайрекең біз сияқты жастарға қамқор болды, шыңдады, тәрбиеледі. Бәрімізді ортақ істі абыроймен шешуге жұмылдыр­ды. Жеті шаруашылық негізінде құрылған аудан қой, екі кеңшарда жылқы түлігі күтімімен айналысты. Мәдени-әлеуметтік тұрғыда көптеген іс-шара жүзеге асты. Құрылыс, жол саласына ерекше назар аударылды. Алғашқы өндіріс ошағы – аудандық баспахананы жабдықтап, қатарға қостық. Осы орайда басшымыз Қайреден Кәрібаевтың ұйымдастыру қабілетін, басшыға тән көрегендігін, алдағы шаруаны болжап, жоспарлап, оны шешу жолдарын бағамдай білетін қасиеттерін ерекше атап өтер едім. Өз басым Қайрекеңнің мектебінен өткенімді мақтан тұтамын. Ардагер ағамыз кейін Атбасар ауданының бірінші басшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Зейнетке шыққан соң, туған ауылында «Қыпшақ» жеке шаруашылығын ұйымдастырып, көптеген жұмыс орнын ашты. Биыл көктемде облыс өңірінде Қайреден Кәрібаевтың туғанына 90 жыл толғаны кеңінен аталып өтті, – дейді Сәкең.

Енді қызмет баспалдағы, өмір белесі Сансызбай Сейітжанұлын облыс орталығына алып келді. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Партия жұмысында ширек ғасырдан астам тәжірибесі, ұйымдастыру қабілеті ескеріліп, сол кезеңде жаңадан ұйымдастырылған құрылым – Ақмола облысы бо­йынша мемлекеттік мүлік және активтерді басқару жөніндегі аймақтық комитет төрағасының орынбасары, төрағасы болып жеті жылдан астам қыз­мет етті, ел астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болды. Алматыдан жекелеген ми­нистрліктердің ұжымдары көшіп келе бастады. Президенттің 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмоланы Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы Жарлығына байланысты қаламызда ­қауырт жұмыстар қанат жайды. Осы кезеңде қала әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған Сансыз­бай Сейітжанұлына ел астанасының келбетін көріктендіру, жылумен, электр жарығымен тұрақты қамтамасыз ету, тазалық мәселесін назарда ұстау міндеті жүктелді.

– Алғашқы жылдары едәуір қиындықтар болғаны жасырын емес. Кейін құрылыс қарқын алды. Қала халқы, былайша айт­қанда, «арифметикалық прогрессия» бойынша өсе бастады. Алматыдан келген ұлы көшті қарсы алып, орналастыру мәселелері рет-ретімен шешімін тапты, – деп еске алады Сәкең.

Әкімнің бірінші орынбасары үнемі мамандармен ақылдасып, мәселенің байыбына барып шешім қабылдайтын. Мәселен, сол жылдары жаздың шуақты күндерінде қаламыздағы үйлерде ыстық су болмай қалатын кез де орын алды. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайды түсіністікпен қабылдайтын. Вячеслав су қоймасы мен №1, №2 жылу-электр орталықтарындағы техникалық ақауларды дер кезінде шешудің жолдарын Сансызбай Сейітжанұлы тікелей өзі басшылыққа алып, соңына дейін жеткізетін.

– Елорданың алғашқы қадамынан бастап, бүгінгі сәулетті шаһарымыздың өсіп-өркендеуіне сол жылдардағы қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің командасында еңбек еткенімді ерекше мақтаныш сезіммен еске аламын. Сағымды дала – Арқа төсіндегі әсем де асқақ Астана менің санамда сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен шырайланған, сұңғатты сипатымен күн сайын көркіне көрік қосып келе жатқан әлемнің ғажайып шаһарларының бірі болып қалыптасты. Астана еліміздің төл тарихына есте қаларлықтай жарқын беттер қосатынына сенімдімін, – дейді ­кейіпкеріміз.

Осындайда Әубәкір Кердерінің «Жігітке ерлік те оңай, билік те оңай, әгәрки қабырғалы болса халқы» деген қанатты сөзі ойға оралады. Халқымыз бізді қолдады, қол ұшын берді.

Астана қаласы әкімдігінің құрылымы өзгерген 2007 жылы Сансызбай Сейітжанұлын астаналықтар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV шақырылым депутаты етіп сайлады. 2012-2016 жылдары Астана қалалық мәслихаты бесінші шақырылымының депутаты, мәслихат хатшысы, елорда Қоғамдық кеңесінің төрағасы лауазымында болды. Міне, 10 жылдан астам уақыттан бері Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы міндетін абыроймен атқарып келеді. Аталмыш ұйым 1991 жылы 16 желтоқсанда құрылған еді. Алғашқы төрағасы – соғыс және еңбек ардагері Михаил Сергеевич Бутенко. Ұйымды әр жылдары партия, кеңес қыз­метінің ардагерлері Қуаныш Алпысбеков, Бекен Әлімжанов, Амангелді Сыздыков басқарды.

Деректерге назар аударсақ, елордамызда 165 мыңнан астам зейнеткер, тыл ардагері, ауған соғысына қатысушылар тұрады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары 2020 жылдың соңында қалалық Ардагерлер кеңесінің бастамасымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Егде жастағы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше назар аударылады. Осыған байланысты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлердің өмірін бақуатты етуді мақсат еткен.

– Қазіргі уақытта 6 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлердің өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде. 2021-2025 жылдары 1,5 млн-нан астам келушіге әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілді. Мақсат-тілегім сол, ардақты қарттарымыз қалған ғұмырында әлденеге еш қамықпай, емен-жарқын ғұмыр кешсе екен. Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ, – дейді мерейтой иесі.

Сансызбай Сейітжанұлының мемлекет пен қоғам алдындағы ерен еңбегі лайықты бағаланғанын атап өткен де жөн. Ол «Құрмет», «Парасат», «III дәрежелі Барыс», «Дос­тық» ордендерімен, бірнеше мерекелік медальдармен ­марапатталған.

Қырғыз бауырларымызда «Манасты Манас қылған – Қаныкей» деген ұлағатты тәмсіл бар. Ендеше Сансызбай Сейітжанұлының осынша дәреже, бедел, абыройға жетуінде за­йыбы Күнайымның да үлесі бар екенін мойындауымыз қажет.

Ғұмыр дастанының сегі­зінші белесіне қадам басып отыр­ған ел ағасы Сансызбай Сейітжанұлына мерейтой қарсаңында деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Бар күш-жігеріңіз бен қабілетіңіз елордамыздың көркеюіне, қазыналы қарттарымызға деген қамқорлықты одан әрі жақсарта, жетілдіре түсуге жұмсалады деп сенеміз!

Бәдуан ИМАШҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Елордамен етене

(Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Астана қаласының құрметті азаматы Сансызбай Сейітжанұлы Есіловтің 75 жасына арнау)

Сансызбай бала болды дара туған,

Жасынан талаптанып білім қуған.

Таңдады теміржолшы мамандығын,

Ұл болды бата алған ұлы атадан!

 

Еңбектің талай көрген ауырлығын,

Игерген кәсібінің қыр мен сырын.

Еліне жасап әркез адал қызмет,

Көтерген жүрген жердің биік туын.

 

Бір қызға ғашық болды жиырма бесте,

Ойлаумен қолы бармай ешбір іске.

Қолынан ұстап сұлу Күнайымның,

Екеуі қадам басты бірге өмірге.

 

Дүниеге келді Асқар, Сандуғашы,

Қуанды немереге ата-анасы.

Алдында әлдилеген асыл ана,

Болғай деп тілек айтты ел баласы!

 

Еңбегі сіңді оның елордаға,

Іргесін жас қаланың қаласуға.

Бүгінде ұрпақтар ортасында,

Лайықты абыз ата атануда.

 

Таңдады барлық істе тура жолды,

Достарға қадірлеген адал болды.

Үйінде дастарқаны кең жайылып,

Әрқашан шаңырақта орта толды.

 

Жетпіс бес көптен күткен келді бүгін,

Шаршамай көтеріңіз ғұмыр жүгін!

Қызығын дүниенің бір көріңдер,

Дәм татып алақаннан шөберенің!

 

Келісіп сән-салтанат, сәулетіңіз,

Бөленсін абыройға әулетіңіз!

Ел-жұрттың ақ тілегі қабыл болып,

Әрдайым арта берсін дәулетіңіз!

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

мемлекеттік қызмет саласының ардагері