Кеше Құрылтай онлайн-платформалар мен масс-медиа заңына түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларында жазылғандай, БАҚ пен әлеуметтік желілерде былапыт сөз қолданғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Онлайн-платформалар – заңға қайшы контент таратқаны үшін, ал олардың Қазақстандағы өкілдіктері оны жою туралы уәкілетті органның талабын орындамағаны үшін жауапқа тартылады.
Тағы бір қызу талқыланып жатқан мәселе – аудиториясы 5 мыңнан асатын ашық пабликтер мемлекеттік тіркеуден өтуге міндеттеледі. Паблик иесі өзі туралы жеке деректерді уәкілетті органға тапсыруы керек. БАҚ мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгімен жариялауға міндеттелуі мүмкін. Ал білім беру курстарын жариялайтын медиалар автордың білімі мен дипломы туралы мәлімет көрсетуге тиіс.
Тіркелуіне шектеу қойылады
Заң жобаларында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу, 5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттарды сәйкестендіру және платформаларға Қазақстанда заңды өкілдік ашу міндетін жүктеу ұсынылады. Мұндай түзетулерді Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев түсіндіріп берді.
Құзырлы ведомство басшысы заң жобаларындағы негізгі түзетулерді төрт бағытқа бөліп қарастырды. «Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – онлайн-платформалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету. 2026 жылдың 10 айындағы мониторинг нәтижелері бойынша платформаларда заңға қайшы 128 мыңнан астам материал анықталды. Алайда олардың тек қана 70 пайызы өшірілді. Бұл платформалардың заңнама талаптарын орындау жауапкершілігін күшейту қажеттігін көрсетеді» деді министр.
Арман Қырықбаев онлайн платформалардың Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға нысанындағы өкілдіктерін ашу жөніндегі талапты заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылғанын мәлім етті. Платформа иесі мен оның өкілдігі заңға қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, заң жобаларында 5 мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігі де көзделген.
Екінші бағыт аясында цифрлық ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. «Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеруге қатысты іс-шараларды іске асыруға міндеттеледі. Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды» деп түсіндірді министр.
Онлайн кинотеатрлар қызметі реттеледі
Үшінші бағыт аудиовизуалды контентті тарату саласын қамтиды. Бүгінде телевизиялық және өзге де аудиовизуалды контент дәстүрлі телерадио хабарларын тарату арқылы ғана емес, онлайн кинотеатрлар сияқты түрлі платформалар арқылы да таралады. Алайда қолданыстағы заңнама негізінен телерадио арналарды таратудың дәстүрлі тәсілдерін реттейді. «Осыған байланысты аудиовизуалды платформалар мен онлайн кинотеатрлардың қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеу ұсынылады. Атап айтқанда, аудиовизуалды платформа арқылы телерадио арналарды тарату лицензия негізінде жүзеге асырылып, ал онлайн кинотеатрлар еліміздің аумағында заңды өкілін айқындауға міндетті болады» деді ол. Төртінші бағыт ақпарат кеңістігіндегі ресми ұстаным мен журналистік материалдың мазмұнын ажыратуға қатысты. Ақпарат кеңінен таралатын қазіргі жағдайда мемлекеттік органның ресми жауабы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажыратудың маңызы артып отыр. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою ұсынылады.
Суретті келісімсіз жариялауға бола ма?
Заң жобасында онлайн ортада азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау мәселесіне де назар аударылған. Масс-медиа мен платформаларда балағат сөздер қолданғаны және платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу ұсынылады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, цифрлық ортада қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты жағдайлар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған адамдардың фото-, видео бейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға, тек адамның өзі оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана жол беріледі. Сонымен қатар адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны тікелей бекітіледі» деп түсіндірді Арман Қырықбаев.
Министр қандай да бір лауазымды тұлға заң бұзушылық үстінде объективке түсіп қалса, оның арнайы келісімін алып қажет еместігін айтты.
«Бұл жердегі негізгі мақсат – қызмет барысындағы бейнежазба мен жеке отбасылық өміріндегі бейнежазба арасының аражігін ажыратып алу. Әр адамның жеке өмірі бар, оған қол сұғуға болмайды. Бұл әрбірден соң конституциялық талап екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал қызмет барысында, белгілі бір ресми іс-шаралардың, болмаса бір жиналыстың үстінде, Құрылтай қабырғасында болып жатқан жиындардың үстінде бейнетаспаға ілініп жатса, ешқандай да келісім алудың қажеті жоқ» деді ол.
P.S: Бұл тақырыпты баспасөзде, әлеуметтік желілерде бірнеше рет көтеріп, қоғамдық пікірдің талқысына шығардық. (Қараңыз: «Әлеужеліге тәуелділік: қызық па, қауіп пе?», 21.07.2026. https://www.astana-akshamy.kz/.../aleuzelige-taueldilik...; «Бала және әлеуметтік желі», 25.07.2024. https://halyqline.kz/masele/bala-zhaene-aelewmettik-zheli/; «Әлеуметтік желі мен таным», 15.07.2026. https://juzmedia.kz/news/5920-leumettik-zheli-men-tanym/; «Әлеуметтік желідегі өшпенділік», 31.10.2024, https://halyqline.kz/qogam/aelewmettik-zhelidegi-oeshpendilikten-qandaj-qawip-bar/; «Жастар смартфоннан бас тарта ала ма?», 02.12.2025, https://www.astana-akshamy.kz/news/zhastar-smartfonnan-bas-tarta-ala-ma). «Ештен кеш жақсы» демекші, интернеттегі әлем-жәлем контентті саналы, сауатты тұтыну мәдениеті жоқ балаларды бүгін қорғауды қолға алмасақ, ертең кеш болуы мүмкін.