Отанын сүйген қор болмас

Отанын сүйген қор болмас
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен «Отан қорғау деген мамандық бар» атты әскери-патриоттық іс-шара өтті. Оған Қарулы күштердің және Ауған соғысының ардагерлері, елорда мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары мен жоғары сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Іс-шара барысында оқушыларға еліміздегі әскери оқу орындары, оларға қабылдану талаптары мен әскери мамандықтардың ерекшеліктері туралы бейнероликтер көрсетілді. Бұл болашақ талапкерлерге әскери білім алудың мүмкіндіктерімен танысып, кәсіби бағдарын айқындауға жол ашпақ.

Жиында алғашқы болып сөз алған «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нұғыманов әскери қызметтің қоғамдағы орны мен Отан алдындағы азаматтық борыштың мәніне тоқталды. Ол жас ұрпаққа ел қорғау тек әскери міндет қана емес, туған жерге деген сүйіспеншілік пен мемлекет алдындағы жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді.

 – Отанды сүю – құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетін қасиет. Туған жердің тыныштығы мен елдің қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Отан қорғау – үлкен абырой әрі қасиетті міндет. Ел болашағын ойлайтын жас ұрпақ білімді, тәртіпті, отаншыл болуы керек. Өйткені елдің ертеңгі қорғаны да, тірегі де – бүгінгі жастар, – деді генерал-майор Марат Нұғыманов.

Іс-шара барысында бірқатар алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының мақтау грамоталарымен марапатталды.

Кездесу аясында мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар оқушылар әскери киім үлгілерін киіп, қолдарына әскери қару ұстап дефиле көрсетті. Бұл көрініс жас ұрпақтың әскери өмірге деген қызығушылығын арттырып, іс-шараның патриоттық мазмұнын аша түсті.

Мұндай кездесулер жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік пен ел тағдырына бейжай қарамау қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.