Қазақстандағы қоғамдық кеңестер институты 2016 жылғы 1 қаңтарда құрылып, өз жұмысын бастағаны белгілі. Оның құқықтық негізі 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген болатын. Мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогты орнату және биліктің қоғам алдындағы есептілігін күшейту үшін құрылған институттың құрылғанына 10 жыл толуына орай Астана қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының міндетін атқарушы, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиевпен сұхбат құрған едік.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, әңгімеміздің әлқиссасын Қоғамдық кеңестің негізгі мақсат-міндеттерін сөз етуден бастасақ…
– Қоғамдық кеңестер қызметінің басты мақсаты – қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру екенін екпін түсіре айтқым келеді. Жоғарыда аталған Заң шеңберінде қоғамдық кеңестерге Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіріп, республикалық және жергілікті деңгейдегі шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде халықтың пікірін жеткізу көзделгенін жеткізгім келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізіп, олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететіндігін де тілге тиек етуге болады.
– Елорда тұрғындарына Қоғамдық кеңестің өкілеттіктері туралы да айта кетсеңіз…
– Қоғамдық кеңес мүшелері бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобалары мен мемлекеттік органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылауға, сонымен бірге азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатыса алады.

Сондай-ақ заңға сәйкес, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мен қоғамдық бақылау, мониторинг, тыңдау, сараптамаларды жүзеге асыру қарастырылған.
– Қоғамдық кеңесте қызмет бағыттары бойынша қандай комиссиялар жұмыс істейді?
– Қазіргі кезде Қоғамдық кеңестің жанынан елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен белсенділері басшылық ететін ақпараттық-талдау жұмыстары, бюджеттік, экономикалық және қаржылық мәселелер, әлеуметтік саясатта азаматтық қоғамның мүддесін білдіру, кәсіпкерлікті дамыту, заңдылық пен тәртіп, энергия тиімділігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология және жастар істері бойынша 6 комиссия тұрақты жұмыс атқарады. Сонымен бірге, мәселені жедел шешу мақсатында Астана қалалық қоғамдық кеңесінің тоғыз мүшеден тұратын Төралқа қызмет атқарады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайды біріктіріп, олардың функцияларын алмастыру үшін жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құрылған Қазақстан Халық кеңесімен Қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимылдары белсенді жүзеге асырылып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып қалдық. Осы байланыстар туралы не айтар едіңіз?
– Өте орынды сұрақ. Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың төрағалығымен Астанада қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимылдар бойынша өткізілген екі шараға өзім қатыстым.
Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері өңірлердегі азаматтық қоғам өкілдерімен, білім беру, денсаулық сақтау саласы мамандарымен, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен этномәдени бірлестіктермен ашық диалог форматында жиындар өткізіп, қоғамдық бақылау мен өзара іс-қимылды арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жалпы жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Халық Кеңесінің құрамына өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері ресми түрде кіріп, олардың әзірлеген қорытындылары мен ұсынымдарын мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Құрылтайымен байланыстыру тетіктері іске қосылғаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланғанын білеміз. Сайып келгенде, қоғамдық келісімді нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты арттырып, жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жолындағы өзара іс-қимыл одан әрі жандана беретініне сенім мол.
– Қоғамдық кеңес шешімдері ұсынымдық сипатқа ие екені белгілі. Сонда мемлекеттік органдармен қалай өзара іс-әрекет етесіздер?
– Иә, дұрыс айтасыз, біз мемлекеттік органдарға тапсырма бере алмаймыз. Бірақ олар біздің ұсынымдарымызды міндетті түрде қарап, іске асыру тетіктерін қарастырып, заңмен белгіленген мерзімде уәжді жауап беруге міндетті. Бұл тәртіп Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңымен реттелетінін айтқым келеді. Егер мемлекеттік орган ұсыныммен келіскен жағдайда нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізеді, ал ұсыным қаулы немесе әкімдік шешімінің жобасына қатысты болса, мемлекеттік орган құжат мәтініне тиісті түзетулер енгізуді қарастырады.

– Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды қалай жүзеге асырады?
– Қоғамдық кеңес өзінің берген ұсынымдарының қалай орындалып жатқанына қоғамдық мониторинг және бақылау жүргізу құқына ие екенін айтқым келеді. Бұл үдеріс бірнеше жолмен жүзеге асырылады.
Біріншіден, мемлекеттік орган басшылары кеңес отырыстарында атқарылған жұмыстар мен қабылданған ұсынымдардың нәтижелері туралы есеп береді;
Екіншіден, қарау нәтижелері мен мемлекеттік органдардың жауаптары бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми интернет-ресурстарда жариялану керек.
– Кәрімбек Арыстанбекұлы, Қоғамдық кеңестің қазір төртінші шақырылымдағы мүшелері 2025 жылдың 2-сәуірінде сайланып, қызметке кіріскенін білеміз. Сол уақыттан бергі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталғанда, қандай өзекті мәселелерді айрықша айтар едіңіз?
– Сұрағыңызға жауап бермес бұрын, бірінші, екінші және үшінші шақырылымдағы Қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Оларды 10 жылдық мерейтоймен Қоғамдық кеңес мүшелерінің және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын.
Қоғамдық кеңеске басшылық еткен Мемлекет және қоғам қайраткерлері Сансызбай Сейітжанұлы Есілов пен Зұлфуhар Сұлтанұлы Ғайыповтың қиын-қыстау кезде жаңадан құрылған жаңа институт - Қоғамдық кеңестің қалыптасып, одан әрі дамуына сіңірген ерен еңбектерін ерекше айтқым келеді.
Ал сұрағыңызға оралатын болсақ, елдегі жүздеген Қоғамдық кеңес сияқты біз де соңғы бір жарым жылда біраз жоспарлы жұмыстарды жемісті жүзеге асырдық. Нормативтік-құқықтық актілер, қаулылар мен әкімдік шешімдері қарастырылып, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт пен мәдениет мәселелері бойынша есептер тыңдалып, қоғамдық тыңдаулар өткізілді.
Елорданың төртінші шақырылымында сайланған Қоғамдық кеңесте 15 отырыс өткізіліп, 67 мәселе қаралса, оның ішінде, 56 нормативтік құқықтық актілер, 4 жоспарлы мәселе және ұйымдастырушылық мәселелер бар.
Қазақстан Республикасы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 23-бабына және 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, бүгінгі күнге дейін «Астана қаласын цифрландырудың 2025 жылғы нәтижелері, ақылды қала жобаларының, цифрландырудың және «Astana Innovations» АҚ жасанды интеллектті пайдалана отырып жобалық шешімдерді енгізудің барысы туралы «Астана қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің, «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының тиімділігі туралы» бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен уәкілетті органдардың, «Қаланы көгалдандыру жоспарларын іске асыру және жасыл кеңістіктерді сертификаттау мен цифрландыруды аяқтау үшін қабылданған шаралар туралы» Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану департаментінің, «Азаматтық секторды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау шаралары және халықпен ақпараттық жұмыстың тиімділігі туралы» Ішкі саясат департаментінің және Білім, дене шынықтыру және спорт, құрылыс, инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармаларының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобаларының тиімділігі туралы есептері тыңдалғанын айтсақ та жеткілікті сияқты.
Отырысқа дайындық барысында Қоғамдық кеңес мүшелері МЖӘ аясында салынған бірнеше нысанды аралады. Олардың арасында 1100 студент оқитын Астана университетінің педагогикалық колледжі болды. Сондай-ақ 938 студентке арналған және барлық заманауи талаптарға сай келетін Политехникалық колледждің жаңа тоғыз қабатты студенттер жатақханасына, Тарлан мұз аренасы мен Паралимпиада стадионына барды.
– Қоғамдық кеңес мүшелерін қоғам мен биліктің арасындағы «алтын көпір» деп айтып жатады. Мемлекеттік органдарға өтініш-назын айтып келетін тұрғындарды қабылдау қалай ұйымдастырылған?
– Өте орынды сұрақ. «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес, Қоғамдық кеңес жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша өтініштерін қарау қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін Қоғамдық кеңесте әртүрлі мәселелер бойынша жеке қабылдауда 7 елорда тұрғыны болды. Жоғарыда айтылған Коғамдық кеңес жанындағы 6 комиссия төрағалары қатысқан қабылдау барысында өтініштер мұқият қарастырылып, олардың бесеуі атқарушы органдармен бірлесіп зерделеудің арқасында оң шешімін тапса, екеуі бақылауға алынды. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес төрағасы әр аптаның сәрсенбі күні азаматтармен жеке кездесулер өткізеді.
– Сұхбатымыздың соңында, білімі мен білігі келіскен Қоғамдық кеңес мүшелерін 10 жылдық мерейтойларымен құттықтай отырып, алдағы жоспарлар жайлы да білгіміз келеді, Кәрімбек Арыстанбекұлы…
– Құттықтауыңызға көп рахмет! Білім мен білік туралы жақсы айттыңыз. Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдық кеңестің жұмысын жетілдіру бойынша үнемі ізденістер үстінде жүретінін жеткізгім келеді. Біліктілік арттыру семинарлары мен мемлекеттік емес ұйымдар ұйымдастырған тәжірибелік конференцияларға белсенді қатысады. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялар мен үйлестіру кеңестерінің жұмысына спикер ретінде қатысуы қалыпты жағдай екенін мақтаныш сезіммен айта аламын. Өйткені Қоғамдық кеңес құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Ұлттық ғылым академиясының академигі мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреатының болуы көп нәрседен хабар берсе керек…
Сөз соңында, 10 жылдық межені еңсерген, Қоғамдық кеңестер алдағы кезеңдерде де өз мақсатына сәйкес көптеген өзекті қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамай, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырып, билікке халық мүддесін білдіруде аянбай атсалыса беретініне бек сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ