Ұлт саулығын жақсарту жолында жалпы тәжірибе дәрігерлерінің атқаратын қызметі ерекше. Олар емханаға тіркелген әртүрлі жастағы тұрғындарға алғашқы медицина көмегін көрсете жүріп, аурулардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді. Ширек ғасырдан астам уақыттан бері осы салада жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі Аида Нұрдинова солардың қатарынан.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген Аида Темірханқызы 2003 жылы мектепті ойдағыдай аяқтап, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түседі. 2009 жылы оны «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Қазақ-Ресей медицина университетінде интернатураны тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын Алматыдағы №8 қалалық емханада бастап, сол жерде бір жылдай учаске дәрігері, кейін бөлімше меңгерушісі болып жұмыс істейді. 2011 жылы тұрмысқа шығуына байланысты Астанаға қоныс аударып, елордадағы №6 қалалық емханада 9 жылға жуық қызмет атқарады. 2019 жылдан бері Аида Нұрдинова «Sana vita clinic» ЖШС-те отбасы дәрігері және «ДостарМед Астана» клиника орталығында күндізгі стационар дәрігері болып жұмыс істеп жүр.
– Жұмысым өзіме ұнайды. Науқасқа дұрыс диагноз қойып, тиімді ем жүргізу үшін алдымен терең білім және мол тәжірибе қажет. Сонымен қатар пациентпен дұрыс қарым-қатынас орнатып, оның сеніміне ие болу да аса маңызды. Адам денсаулығына қызмет ету – жүрекпен атқарылатын миссия. Бұрын әжем ауырып, асқазанына ота жасалғанда, Аида деген хирургтың кәсіби шеберлігі мен адами қасиетіне тәнті болған. Осылайша әжем маған сол кісінің атын қойып, батасын берген еді. «Адамдарға қамқорлығың мен көмегіңді ешқашан аяма» деп өсірген әжемнің сөзі арада қанша жыл өтсе де, әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр. Маған адамдарды, әсіресе балаларды қараған ұнайды, олар сауыққанда аналарының қуаныштан бал-бұл жанған жүзін көрудің өзі бір бақыт. Жалпы, дәрігер деген – ізгі мамандық, көп адамға көмегің тиеді, елден алғыс аласың. Осындай мәртебелі мамандық иесі болғанымды мақтан етемін, – деді дәрігер.
Әжесінің бағыттауымен медицинаны таңдаған қыз бүгінде сол аманатқа адалдығын сақтап келеді. Ол қабылдауына келген науқастарды үнемі күліп қарсы алуға тырысады. Шипа іздеп келгендерді дертті жеңіп шығатынына сендіріп, демеу береді. Кәсібилігінен бөлек, кішіпейілдігі, жүрегіндегі мейірімі бірден сезіліп тұрады. Сырқатынан сауығып кетуді ойлап, дертіне дауа іздеп алдына келетіндер оны осы қасиеттері үшін ерекше құрметтейді, жақсы көреді.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен жаңа талаптар ақ халатты абзал жандардың кәсіби білігіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте білікті маман өз денсаулығына немқұрайлы қарайтындарға бірнеше кеңес береді. Айтуынша, отбасы дәрігерлері тек ауруды емдеумен ғана шектелмейді, олар халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, профилактиканың маңызын түсіндіреді.
«Бүгінде көп кісі емханаға келіп, скринингтен өтуге мән бермейді. Шынында, бұл кейбір ауруларды асқынбай тұрып, яғни ертерек анықтауға көмектеседі. Уақытылы анықталған дертті емдеу де оңай. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік туады» деді білікті маман.
Көп жылғы мінсіз, адал еңбегі мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі жоғары бағаланып, Аида Темірханқызы 2021 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Құрмет грамотасымен марапатталса, 2023 жылы оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді. Таңдаған мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, осы салада жетістікке жету жолында ол отбасының ерекше қолдау білдіргенін, жақындары болмаса, мұндай табысқа жете алмайтынын айтады.
– «Денсаулық сақтау саласының үздік маманы» аталымының жеңімпазы атануым – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Әрбір пациенттің сенімі, әріптестерімнің қолдауы, жақындарымның тілеуі – осы жетістікке жетелеген ең үлкен күш, – деді дәрігер.