Елордалық дәрігерлер тұмаудың алдын алу жолдарын түсіндірді

Елордалық дәрігерлер тұмаудың алдын алу жолдарын түсіндірді
фото: Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

Астана қаласында 1 қазаннан бастап жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) 38 112 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2325,0-ді құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,2 есе өскен, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Осыған байланысты елорда тұрғындарының күнделікті профилактикалық шараларды сақтауы маңызды. Қолды жүйелі жуу, бөлмелерді желдету, адам көп жиналатын жабық орындарда бетперде тағу және ауырған кезде үйде қалу респираторлық инфекциялардың таралу қаупін азайтуға көмектеседі. 

Тұмау көбіне дене қызуының кенет көтерілуімен, жөтелмен, тамақтың ауыруымен, бұлшықеттердің сырқырауымен және әлсіздікпен басталады. Жүкті әйелдер, кішкентай балалар, егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар азаматтарда аурудың ауыр өту қаупі жоғары. Сондықтан осы топтағы адамдардың денсаулығына ерекше назар аударып, ауру белгілері байқалғанда дәрігерге ертерек жүгінген жөн. 

- Өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады? Тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі — жыл сайынғы вакцинация. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, екпе тұмаудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін азайтады. Алайда тұмауға қарсы вакцина барлық ЖРВИ қоздырғыштарынан қорғамайды. Сондықтан екпе алғаннан кейін де сақтық шараларын ұстану қажет. Вакцинация мәселесі бойынша өзіңіз тіркелген емханаға хабарласыңыз. Сырқаттанушылық өскен кезеңде ауру белгілерін елемей жүруге болмайды. Үйде қалып, уақтылы медициналық көмекке жүгіну — өз денсаулығыңызды сақтауға және инфекцияның айналаңыздағы адамдарға таралуын азайтуға бағытталған маңызды қадам, - дейді Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер  Айгүл Шағалтаева. 

Күнделікті өмірде мына ұсынымдарды сақтаңыз:

- Қол гигиенасына көңіл бөліңіз. Қолыңызды сабынмен жуыңыз, жуылмаған қолмен көзді, мұрынды және ауызды ұстамауға тырысыңыз.
- Жөтелу және түшкіру әдебін сақтаңыз. Ауыз бен мұрынды бір реттік майлықпен немесе шынтақтың ішкі жағымен жабыңыз. Қолданылған майлықты бірден қоқысқа тастаңыз.
- Бөлмелерді жүйелі түрде желдетіңіз. Үйде, жұмыс орнында және оқу бөлмелерінде таза ауа алмасуын қамтамасыз етіңіз.
- Адам көп жиналатын жабық орындарға баруды мүмкіндігінше шектеңіз. Мұндай жерлерде бетке жақсы жанасатын бетперде тағу қосымша қорғаныс береді.
- Ауырып жүрген адамдармен жақын қатынастан сақтаныңыз. Әсіресе отбасында кішкентай балалар, жүкті әйелдер немесе егде жастағы адамдар болса, сақтық шараларына мән беріңіз.

Ауру белгілері байқалса, не істеу керек?

Дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақтың ауыруы немесе әлсіздік пайда болса, жұмысқа, сабаққа және көпшілік іс-шараларға бармай, үйде қалыңыз. Ауырып тұрған баланы мектепке немесе балабақшаға жібермеңіз. Үйде де басқа адамдармен қатынасты азайтып, ортақ бөлмеде болғанда бетперде тағыңыз. 

Өз бетіңізше ем қабылдамай, өзіңіз тіркелген емханаға хабарласыңыз. Дәрігерді үйге шақыру немесе сүзгі кабинетіне жүгіну тәртібін нақтылаңыз. Астанада ЖРВИ белгілері бар пациенттерге емханалардың сүзгі кабинеттерінде медициналық көмек көрсетіледі.