Спорт нысандарын аралады

Спорт нысандарын аралады

Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері екі күн бойы елордадағы спорт нысандарының жұмысымен танысып, олардың материалдық-техникалық базасы мен балалар және жасөспірімдерге жасалған жағдайларды зерделеді. Жоспарлы көшпелі аралау барысында спорт инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі бағаланып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер назарға алынды.

Аралау жұмыстарының алғашқы күні кеңес мүшелері «Барыс» және «Толқын» спорт кешендерінде, Шаңғы базасында, сондай-ақ «Көктал» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Екінші күні Скейт-паркке, «Қыран» аула клубына барып, Қазақ ұлттық спорт университетінің қызметімен және студенттер үйінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Сапар барысында спорт нысандарының материалдық-техникалық базасы, жаттығу залдарының жабдықталуы, спортшыларға жасалған жағдайлар мен мекемелердің жұмыс барысы зерделенді. Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар да талқыланды.

Аралау кезінде Астана қаласы әкімдігінің №10 балалар мен жасөспірімдердің шайбалы хоккейден мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Диас Маржиқпаев спортшыларға жасалған жағдайлар туралы айтып, жаттығу үдерісінің ұйымдастырылуына тоқталды.

«Біздің спортшылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Жаттығу залдары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Әрбір спортшының өзіне қолайлы ортада алаңсыз дайындалып, спорттық нәтижелерін жақсартуына баса мән береміз» деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшесі Бақдәулет Жанділдаевтың айтуынша, екі күндік аралаудың басты мақсаты – спорт нысандарының жұмысын көзбен көріп, олардың мүмкіндіктері мен шешімін қажет ететін мәселелерді анықтау.

«Біз осы екі күнде Дене шынықтыру және Спорт басқармасы мен Жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты нысандарды аралап, ондағы жағдаймен таныстық. Мақсатымыз – жастарды спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту. Қай жерде қандай мәселе бар, қандай нысанда не жетіспейді – соның бәрін бақылауда ұстап, алдағы уақытта, 10 қарашада өтетін Қоғамдық кеңес отырысында осы мәселелерді ортаға салып, қарайтын боламыз» деді Бақдәулет Жанділдаев.