Кітап оқып, сыйақы ал!

Кітап оқып, сыйақы ал!

Елімізде «Кітап оқитын ұлт» атты оқырмандар арасында марафон өтіп жатыр. Жарыстың шарты бойынша әр оқыр­ман 6 айда 15 шығарманы оқып бітіруі тиіс. Ақтық сынға шыққан 10 оқырманға әрқайсына 10 млн теңгеден сыйақы беріледі. 27 қазандағы ахуал бойынша марафонға 1 477 991 адам қатысуда, ал оқылған кітаптардың саны – 412 215.

Өзбектің озық үрдісі

Кітап оқыған адамға сыйақы беру үрдісі әлемнің бірқатар елінде бар. 2015 жылы БАӘ-нің шейхы Мұхаммед бен Рашид әл-Мақтұм мектеп оқушылары арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау үшін «Араб кітап оқу байқауын» (Arab Reading Challenge) тұрақты түрде өткізуге шешім қабылдады. Биыл 10-рет өткен бұл байқауға әлемнің 60 елінен 40 млн-нан астам оқушы қатысқан. Оларға (1-12-сынып оқушылары) қойылатын ең басты талап – бір оқу жылында араб тіліндегі 50 кітапты оқып бітіріп, мазмұнын қысқаша баяндап беру. Жеңімпаз болған мысырлық оқушы қыз Маяр Осман 500 мың дирхам (61 млн 600 мың теңге) сыйақы алды. Оны Дубай билеу­шісі, БАӘ ­Премьер-министрі М. Р. әл-Мақтұм өзі тапсырды. 60 кітап оқыған Маяр сыйақысының бір бөлігін өз мектебіне кітапхана ашуға жұмсайтынын айтты. Екінші орынды иеленген палестиналық Газай Тим 100 мың дирхам (12 млн 300 мың теңге), үшінші орын алған сау­диялық оқушы Риан әл-Закри 70 мың дирхам (8 млн 600 мың) сыйақы алды.

Араб кітап челленджінің негізінде Өзбекстанда биыл кітап оқу мәдениетін дамытатын қор құрылып, жалпыұлттық қозғалыс іске қосылды. Ол елдің барлық өңірін қамтиды. Жарысқа жалпы білім беретін мектептердің 1-11-сынып оқушылары қатысады. Ақтық кезең жыл сайын Өзбекстан президентінің қатысуымен өтеді. Бағдарламаның жылдық сыйақы қоры 240 мың АҚШ долларын құрайды. Жарыс жеңімпазына 50 мың АҚШ доллары (440-4450 мың теңге) көлемінде сыйақы беріледі. Бізге үлгі боларлық үрдістің бірі – Өзбекстан мектептерінде «Жадидтердің ізімен» деген атаумен оқырман клубтары құрылды. Клуб мүшелері оқыған кітаптарын ашық талқылап, өзара үздік оқырманды анықтайды. Жеңімпаздарға аудан, қала басшылығы деңгейінде ақшалай сыйлық тапсырылады.

Өзбекстанның Әділет министрлігі хабарлағандай, 2026 жылы 16 қаңтарда Өзбекстан президенті «Кітап оқу мәдениетін дамыту және халық арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру туралы» қаулыға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, кітап оқуда жоғары белсенділік танытқан азаматтарды (мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері және т. б.) ынталандыру жүйесі іске қосылды. 2026 жылдың 1 наурызынан бастап барлық министрліктер мен ведомстволарда қызметкерлерді ынталандыру іс-шаралары енгізіліп, қызмет бағыты бойынша кәсіби әдебиеттердің тізімі жасалды. 2026 жылдың

1 сәуірінен бастап меморгандар мен әр ведомствоға бағынатын ұйымдарда кітап бұрыштары ашылып, ай сайынғы кітап оқу сағаттары бекітілді. Әр ұжымда оқырман белсенділігін анықтайтын ішкі рейтинг жүйесі бар. Осы байқаулар нәтижесінде әр ұжымдағы ең көп кітап оқыған қызметкерлерге айлық жалақысы көлемінде ақшалай сыйақы төленеді. Қазір елдегі орташа жалақы 435-480 мың теңге аралығында. Сондай-ақ Кітап оқу мәдениетін дамыту қоры жас жазушыларға грант ұсынып, шығармаларын басып шығаруға қаржылай қолдау көрсетеді. Ел ішіндегі балалар әдебиетіне жазатын талантты авторларды іздеп, оларға бір жылға дейін 50 базалық есептік көрсеткіш (шамамен 20,6 млн сум немесе 450 мың теңге) көлемінде ай сайын сыйақы төлейді. Осылайша, өзбек ағайындар 2026-2030 жылдарға қарай елдегі кітап оқу белсенділігінің деңгейін жылына 10 кітапқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Сингапурлықтар күн сайын ақша алады

Қыркүйек айында Сингапурдың Ұлттық кітапханалық кеңесі думскроллингпен (үрей туғызатын жағымсыз ақпараттарды интернеттен үздіксіз оқу әдеті) күреске қарсы бағдарламаны іске қосты. Негізгі мақсат – оқырмандарды интернеттегі келте контентті көруден алыс­тату. Соңғы кездері баспасөзде «brain rot» деген термин жиі жазылып жүр. Қазақша мағынасын «адам миының шіруі» деп алсақ түсінікті болар. Қызығы – келте, пайдасы жоқ дүниелердің адамның санасын жаулауы. Жаһантордағы жеңіл-желпі ақпаратты немқұрайды тұтынатын оқырманның белгілі бір кітаптағы мәтінге назар аударып, тапжылмай отырып оқуы қиындап барады. Осы мәселеге алаңдаған Ұлттық кітапханалық кеңес мамандары жұртты кітап оқуға қызықтырудың жаңашыл тәсілін ойлап тапты.

Сингапурлықтар күн сайын кітап оқығаны үшін ақша алады. Көркем шығармаларды оқуға небәрі 15 минут уақыт бөлсе жетіп жатыр. Әр сеанс сайын оқыған кітабын Үкіметтің сайтына жазып отырады. Кем дегенде 15 минут кітап оқыған адамның әрекетін арнайы жүйе тіркеп, 20 виртуалды монета төлейді. 50 күн бойы кітап оқығандар 1000 монета жинайды. Оны 0.78 сингапур долларына айыр­бастай алады. Әлбетте, бұл көп ақша емес. Мәселе ақшада емес, жұрттың кітап оқуға қызығушылығын оятуда жатыр. ReadSG бағдарламасы 5 жылға есептелген. Оны жай адам емес, Сингапурдың президенті Тарман Шанмугаратнамның өзі жария етті. Сингапурлықтарға жолдаған бейнеүндеуінде ол: «Кітап оқуға мұндай уақыт жайдан-жай таңдап алынған жоқ. Адамдардың әдеті баяу өзгереді. Сол себептен бұл жаңашыл бағдарламаның нәтижесін аз уақытта көреміз дегеніміз ағаттық болар» деді.

Жарысты ұйымдастырушылар 2027 жылы қыркүйек айында оқырмандар челленджіне қатысушылардың санын 150 мың адамға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жарыстың қайырым­дылық сипаты да бар. 6 қыр­күйек-7 қазан аралығында тіркелген әрбір қатысушы Read for Good акциясы аясында 15 минуттық сессиясының ақшасын қайырымдылыққа аударады. Осылайша, 7,5 млн минут оқу уақыты тіркелсе, одан түскен 150 мың сингапур доллары әлеуметтік ахуалы төмен 10 мың отбасыға жіберіледі. Яғни қалтаңдағы смартфоныңнан аз уақытқа болса да бас тартып, кітап оқып қана қоймай, сол үшін сыйақы алып, өзіңнің отандасыңа көмек қолын соза аласың.

Пайдалы әдетті балаға сіңіреді

Өзге елдер де кітапқа оқырманды қайтарудың жолдарын іздестіруде. Шілде айында Индонезия Үкіметі елде кітап оқу мәдениетін дамытуға құны 40,7 млрд рупийді (2,27 миллион АҚШ доллары) құрайтын бағдарламаны іске асыруға кірісті. 5,5 млн-нан астам кітап елдің аумағындағы бастауыш және орта мектептерге таратылды. Бұл қадам кітап оқығысы келетін барлық индонезиялық балаларға кітапты қолжетімді етіп қана қоймай, кітап оқу мәдениетін жоғары деңгейге көтереді деген үміт бар.

Малайзия да кітап оқитын ұлттардың қатарындағы ел. Ел Үкіметі 2,2 млн студентке 100 ринггит (24 АҚШ доллары) көлеміндегі сомаға ваучер үлестіреді. Бұл ақшаға студенттер кітап сатып алады я болмаса электрондық кітаптардың ұлттық платформасынан қалаған кітабын алады.

Кітап оқығандарға сыйақы беру тәжірибесі АҚШ-та да бар. Мәселен, Пенсильвания штатындағы Лихай-Вэлли аймағында Lehign Valley Educators Credit Union (LVECU) – білім беру қыз­меткерлерінің коммерциялық емес несиелік одағының озық үрдісін басқа елдерге үлгі етуге болады. Бұл ұйым жыл сайын Sammer Reading Challenge атты балаларды кітап оқуға ынталандыратын бағдарламасын өткізеді. Оған осы несиелік одақтың мүшелері болып саналатын отбасылардың 0-12-сынып оқушылары қатысады. Жарыстың шарты мынадай: жаз айларында әр бала оқыған кітабы үшін ақша алады. Алайда жарысқа қатысқан баланың оқыған кітабының беттерінің саны сол сынып деңгейіне қо­йылған талапқа сай келуі тиіс.

Берілген тапсырманы бұлжытпай орындаған балалардың жинақ шотына 20-30 АҚШ доллары аударылып отырады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде балалардың кітап оқуға деген ынта-ықыласын арттыру, сонымен бір мезгілде оларға қаражат жинау әдебін үйрету.

Бірде әлеуметтік желіні қолданушының бірі өз балаларына әр оқыған кітабы үшін 1 АҚШ долларын беріп отыратынын жазды. Ол үшін бала шамамен 150-160 беттік кітапты оқып бітіріп, мазмұнын айтып, жазбаша шағын сынақ тапсыруы тиіс. Ал сіз қалай ойлайсыз: бұл дұрыс ынталандыру ма, әлде баланы жастайынан ақшаға қызықтыру ма? Осындай тәжірибені үйінде қолданып жүрген ата-аналар бар ма? Егер ой-пікірлеріңізбен бөліссеңіздер, тыңдауға және талқылауға дайынбыз.