Өзағаңның қайшысы

Өзағаңның қайшысы

(Жақсыдан қалған жәдігер)

Кере қарыс қара қайшы... Өзағаңның дәу ЦК-дағы дәу үстелінің үстінде жататын көрінеді. Немесе сол үстелдің тартпасында тұрады. Өзағаң оны қолына алды дегенше,.. бітті бар қағаздың шаруасы. Қияды, қырқады, күзейді. Қиғаш кетіп бара жатқан қиямпұрыстау құжатты қия бастырмайды. Аңызға айналған абыздың бір тәлімі осы...

Бұл қайшы Өзекеңмен бірге талай естеліктің кейіпкері болды. Әдебиет­танудың білгірі, әйдік ғалым, академик Сейіт Қасқабасов та қара қайшыны еске алғанда еріксіз езу тартады...

Өмір бойы ғылыммен айналысқан Сейіт ағамыз күндердің күнінде Орталық Комитетке жұмысқа келемін деп ойламапты. Секең мен Цекаң бір-біріне үйлеспейтін екі түрлі нәрсе сияқты еді. Мемлекеттік қызметке Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Қарамағындағы қызметкерлеріне талабы өте қатал болды. Өзін де, өзгені де аяған жоқ. Жазған-сызғаныңды міндетті түрде күзеп-түзеп, өз байламын айтатын. Қолынан ұзын қайшысы түспейтін. Кесетін, өңдейтін, жөндейтін. Алдына құжат апарып отыр­ғанда Өзекең үстелінің тартпасынан жалаңдатып қайшысын шығарғанда қызметкерлердің жүректері су ете қалатын. Осының өзінен жеткілікті тәлім алды. Сол қайшы көп нәрсеге үйретті.

Сөйтіп, оны Өзағаңның қос қарыс қайшысы тек қағаз-пағаздың артық-­ауыс тұсын ғана емес, өмір тәжірибесінде байқалған қажетсіздеу нәрселерді де қырқып-қырнай түсуге бау­лыды. Сондықтан Секең осы ағасын ойға алса, есіне оның ұзын қайшысы қоса түседі...

Міне, көрдіңіз бе, қайшылау мен қамшылау адамның болмыс-бітіміне қалай әсер еткен?! Ал Өзағаң қайшысының қайы­рын көргендер қаншама?!

Осыдан он шақты жыл бұрын Алматыдағы ұлттық музейдің әлеуметтік желідегі парақшасында Өзағаңның кере қарыс қайшысының суретімен бірге мынадай хабарлама жарияланды: «Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков алдына келген құжаттарда қате кетсе, дәл осы қайшымен ортасынан қақ бөледі екен. Тау тұлғаның бұл мінезі «Өз қатеңді өзің тап!» деген қатаң ескертуі ме, әлде «Екі сөздің басын қоса алмасаң..!» деп жазалауы ма? Қай жағынан алсақ та, мықты талап қой. Әр ісің қайшымен қиылып түспеуі үшін, не нәрсені де сапалы жасауға тырысатының анық. Аңызға айналған бұл қайшыны Ұлттық музейдің қорына 2015 жылы Ө.Жәнібековтың немересі Әзел Бауыржанқызы Жәнібек тапсыр­ған». Бір кезде «Рухы шат болсын ардақты ағамыздың! Қайраткердің қайшысы қазір қай музейде тұр екен?!», – деп жазғанбыз. Енді бұл мәселенің де басы ашылды.

Ал мынау – сол қайшыны қолға алып, үнемі кемшілік атаулыны турап тастауға ұмтылған әйгілі Өзағаң. Бірақ ол фототілші Шүкір Шахайдың нысанасына қолында қайшысы жоқ кезде ілігіпті...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ