Астанадағы ұлттық кітапханада Халық жазушысы Төлен Әбдікпен кездесу өтті. Шараны Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы ұйымдастырды. Бұл «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында өткізілді.
Қаламгермен кездесуге келген оқырманның қарасы қалың болды. Залда ине шаншар орын болмады. Екі сағатқа жуық аяғынан тік тұрып тыңдаған жастар жазушының әр сөзін байыппен тыңдады.
Негізгі тақырып «Әдебиет және қоғамдық сана» төңірегінде өрбіді. Төлен Әбдік өткен ғасырдың 1970-жылдарындағы әдеби үдерістерге тоқтала отырып, сол кезеңде тарихи тақырыпқа деген сұраныстың артқанын, тарихи романдардың көптеп жазылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, қалжыңда айтылды. Жазушы өз шығармалары жайында айта келіп, «Тозақ оттары жымыңдайды» деген повесім бар. Соны оқыңдар. Өзімде жақында қайта оқып шығып, қайран қалдым» деп көпшілікті күлдірді.
– Әдебиет деген сезім арқылы қабылданатын нәрсе ғой. Әдебиетте өмірді зерттеуді. Бірақ, әдебиет пен өнер жүрекпен қабылданады. Адамға әсер етуі керек. Ал, егер адамға әсер етпесе, ол көркем шығарма емес. Философиялық үлкен ойлар айтылуы мүмкін, бірақ ол ақылменен қабылданады. Адамды жылататын, күлдіретін әдебиет пен өнер ғана, – дейді жазушы Төлен Әбдік.
Жазушы шығармалары адамның ішкі әлеміне үңілдіреді, қалыптасқан түсініктерді қайта таразылауға мәжбүр етеді. Содан болса керек қаламгермен кездесуге келгендер сауал жолдап, тұщымды жауап алды.
Ойлы оқырман шынайы дүниеге шөлдегенін аңғартты. Кездесу соңында қолтаңба алу сәті ұзаққа созылды.
Қазақ әдебиетінің классигі Төлен Әбдік оқырман ықыласына риза болған кейіпте Мұқағали Мақатаев залынан шығып бара жатты.