Бізде көрнекті тұлғалардың 50 жас мерейтойын атап өту ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан басталады деген ұғым қалыптасып келе жатыр. Алаш қайраткерінің ердің жасына келгенін баспасөз арқылы жар салған да, мерейтойына орай салтанатты жиынды ұйымдастырып жүргізген де сол уақытта «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы және Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметтерін қоса атқарған Сәкен Сейфуллин. Арада ширек ғасырдай уақыт өткенде Алаш зиялыларымен араласып, олармен мүдделес, пікірлес болған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің жарты ғасырлық мерейтойы ұйымдастырылды. Бұған қазақ агроғылымының негізін қалаушы ғалымдардың бірі де, бірегейі Кәрім Мыңбаев мұрындық болып, қаламгерге құрмет көрсетті.
Биыл Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл толып отырса, аталмыш ұйымның ең алғашқы толық мүшесі, яғни академиктік №1 куәлігінің иегері – Мұхтар Омарханұлы. Сол жылы ғылым академиясының корреспондет мүшесі Кәрім Мыңбаев өзінің «Кок – Сагыз. Биологические особенности развития и новые методы селекции» атты еңбегін сыйға тарта отырып, «Дорогому другу – писателю Мухтару, от друга – биолога Карима» деп қолтаңба жазып берген.
Биыл туғанына 120 жыл толып отырған Кәрім Мыңбаевтың отандық ауылшаруашылығы ғылымының өрлеуіне қосқан үлесі зор. Басқасын айтпағанда, оның басшылығымен Алматы облысы Жамбыл ауданында тәжірибе танабы мен Ақмола облысындағы Шортанды ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы ұйымдастырылды. Қазір сол Жамбыл ауданында және ғалымның туған жері Қарағанды облысының Нұра ауданында Мыңбаев ауылы бар. Бірақ негізгі айтпағымыз ол емес, Кәрімнің Мұхтарға құрметі жөнінде болмақ.
Мұхтар Әуезов өткен ғасырдың отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, елуінші жылдары репрессияның екінші толқынына іліккені белгілі. Ұлы жазушының өмірі шуақты болмағаны, сол кездегі билік оған күдік-күмәнмен қарағаны осыдан-ақ көрінеді. Соған қарамастан, Кәрім Мыңбаев қаламгердің 50 жас мерейтойын елеп-ескеріп, Ұзынағаштағы жайлауда сән-салтанатпен аталып өтуіне өз есебінен жағдай жасады. Мұхтар Әуезовтің астына күмістелген ертоқымымен ат мінгізді. Бәйге тігіп, ат шаптырды. Әуезов әйгілі эпопеясы арқылы ұлы Абайды танытқаны анық. Қонақтардың арасында Абай бейнесін театрда және кинода тұңғыш сомдаған сахна саңлағы, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаев та зайыбы Қазиямен болды. Бұл деректі және осы суретті бізге Кәрім Мыңбаевтың немере інісі, журналист Нұрхан Мыңбаев ұсынды. Бұл жерде Мұхтар Әуезов пен зайыбы Валентина Кузьмина, Кәрім Мыңбаев пен жары Милица Васильевна, ортада Қалибек Қуанышбаев отыр. Кәрім жұбайының қасында Қалибектің қосағы Қазия тұр.