28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезовтің туған күні

28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезовтің туған күні
фото: Астана қаласының әкімдігі

Бүгін, 28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезовтің туған күні, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ұлт әдебиетін әлемге танытқан тұлға Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей өңіріндегі Шыңғыс болысында дүниеге келген. 1915 жылы Семей қалалық училищесін, 1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын, 1928 жылы Ленинград мемлекеттік университетін, 1930 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

Ол – жазушы, драматург, ғалым, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі. Әуезовтің шығармашылық мұрасы сан қырлы. Ол әңгіме, повесть, роман, драма, ғылыми зерттеу жанрларында қалам тербеді. Оның алғашқы ірі драмалық шығармаларының бірі – «Еңлік-Кебек». Кейін «Қаракөз», «Айман-Шолпан», «Қара қыпшақ Қобыланды» секілді туындылары қазақ драматургиясының дамуына ықпал етті.

Алайда жазушы есімін әлемге танытқан ең басты туындысы – төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы. Шығармада қазақ қоғамының XIX ғасырдағы тыныс-тіршілігі, әлеуметтік қарым-қатынастар, дәстүр мен заман өзгерісі, Абайдың тұлғалық қалыптасуы кең суреттеледі.

«Абай жолы» Әуезовтің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің биігін айқындаған шығармаға айналды. Жазушы бұл еңбегі үшін 1949 жылы бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа, ал 1959 жылы «Абай жолы» роман-дилогиясы үшін Лениндік сыйлыққа ие болды.