Жуырда елордадағы «Qazaq Creative Hub» алаңында республикалық «Creative Aimaq» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» атты креативті көрмесі өтті. Жаңашыл мамандар өңірдің мәдени болмысын, ұлттық мұрасын және шығармашылық әлеуетін танытып, үздік креативті брендтерін, авторлық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде 40-тан астам креатив шеберлері шығармашылықтың сан алуан бағытын қамтыған өнімдерімен таныстырды. Олардың қатарында дәстүрлі қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, ағаш бұйымдарын жасаушылар, ұлттық киім дизайнерлері, тері өңдеу шеберлері бар.

Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Медхат Қамбетов жиналғандарды көрменің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Креативті индустрияларды дамыту қорының басқарма төрағасы Ерлан Каналимов және зиялы қауым өкілдері көрмені аралады. Салтанатты рәсімде өңірдің тарихи-мәдени дамуы жайында бейнеролик қойылды. Одан кейін облыс дизайнерлері сән көрсетілімін жұрттың назарына ұсынды. Бұл бөлімде б.з.д. VI-V ғасырлардан бастау алған Батыс Қазақстанның тарихи символына айналған Тақсай ханшайымының бейнесі және елімізге танымал отандық брендтер («Мария ханым» сән үйі, «AS_brands.kz» сән орталығы, «ДариЛили» сән орталығы ) өз топтамаларын көрсетті.

Бағдарламада одан әр Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобалары таныстырылып, өңірдің терең тарихынан сыр шертті. Нұрлан Сәдірдің «Долана» анимациялық мультфильмі мен Жандос Бақтығалиевтің «Қолғанат» киносының көрсетілімі балаларға тосынсый болғаны рас. Жиылған жұрт қолөнер бұйымдарын тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған авторлық өнімдерді сатып алды. Екі күн ішінде көрмеге келушілердің саны 3 мыңға жуық болды. Өңір креаторлары 5 млн теңгенің өнімін сатты. «Жайық толқыны» — ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықты тоғыстырған Батыс Қазақстанның креативті әлеуетін танытқан тағылымды жоба болғаны анық.
Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ,
журналист