Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұмжүрек

Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұмжүрек

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының жанынан құрылған кітап клубы мүшелерімен кездесуде осы клубтың жетекшісі Әйгерім Рамазанқызы: «Алдағы 20-30 жылда қазақ ұлт, ел болып қала ма, әлде, жаһанданған заманда ұлттық құндылықтарымыздан толық ажырап, кітап түгілі салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын ұмытатын буын келе ме?» деген сұрақ қойды. Үстел басында жиналғандар ойланып қалдық. Әлбетте, біз жас буынды ырқына жіберіп, номофобия, гаджетомания сияқты қауіпті кеселдердің құшағына беріп, бармақ шайнағаннан түк өзгермейді. Сауатты, зейінді, зерделі ұлт болып қаламыз десек, кітаптан ажырамауымыз керек. Бірақ «Сен кітап оқы» деп балаға қайталай бергеннен гөрі, әуелі өзіміз әлеужеліден алыстап, кітап оқып, ізгі өнеге-үлгі көрсетейік. Өзіміз кітаппен күн кешсек қана ұрпағымыз ойланады, көреді, түйсінеді. Өйткені, кітап – біздің ұстазымыз. Онда ұрпақты тәрбиелейтін құрал – сөз бар.

Сөзбен емес, іспен көрсетсін

Қазақ қоғамында жиі-жиі талқыланып жүрген тақырыптың бірі – отбасындағы әке рөлінің төмендеп кетуі. Жасыратыны жоқ, қазір өз отбасын асырай алмай, абыройынан айрылып, ішімдікке я болмаса құмар ойындарға салынып кеткен әкелер аз емес. Балаларына үлгі-өнеге көрсететін кейбір әкелердің ақша, байлық, мансап жолында өз отбасын тастап, басқа әйелге үйленіп, отағасы, отбасының тірегі деген ұғымдарды тәрк етіп, жалпы алғанда әке деген ардақты атқа кір келтіріп жүргенін де жоққа шығармаймыз. Бірақ барлық әкелер ондай емес. Әкенің тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі ұл балаға ауадай қажет. «Әке көрген оқ жонар» дегенде атамыз қазақ қаршадайынан әкесінің мінез-құлығын, жүріс-тұрысын көріп өскен ұлға сенімді серік, тұлғалы тәлімгер бола алатын нағыз әкелерді меңзеген. «Әкелі бала жаужүрек, әкесіз бала сұмжүрек» деген сөзді қазақ әке тәрбесіне қаратып айтқан.

Қазіргі отбасылардағы түйт­кілді мәселенің бірі – әкенің ұлын тәрбиелеуге уақыт таппауы. Көп жағдайда табыс табамын, мансап қуамын, бастық боламын деген өз мұраттарының соңында жүрген кейбір әкелер ұлдарын әйел затының қарауында қалдырады. Ана – мейірім мен ізгіліктің, ал әке – намыс пен қайсарлықтың иесі. Адам тағдырын тәрбиесі шешеді десек, әр ұл сол тәрбиені әкеден алуы керек. Жасанды интеллект заманында әкесінің тәрбиесінен тыс қалған ұлдың санасын гаджет жаулап жатыр. Көше тәрбиесі, тобырлық мәдениет те баланың ой-өрісінің жағымсыз жағынан өсіп-жетілуіне әсер етеді. Адамның қалыптасуы басталған шақта жақсылық, ізгілік ұрығын себетін – әкелік махаббат.

Меніңше, әрбір әке күнде қыз баласына көңіл бөле алмаса да, ұлына уақыт тауып, бірнеше сағат жанында бірге болғаны бәрінен маңызды. Ол ұлымен бірге ойын (отырып ойнайтын ойындар, даладағы ойындар) ойнай ма, табиғатқа бірге шығып, серуендей ме, көлік жууға я болмаса көлік жөндеуге бара ма, әйтеуір, әңгімелесіп, сырласып бірге жүруі арқылы бір-біріне әсер етеді. Сондай сәттерде әкесі ұлына: «Сен өскенде сабырлы, шыдамды, еңбекқор бол!» дегенді жай сөзбен айтқаннан гөрі, өмірдегі әртүрлі жағдайларда ер-азаматқа тән сабырлық, төзімділік, ептілік, еңбекқорлық, адалдық деген жақсы қасиеттерді өзі өнеге етіп көрсетсе, құба-құп. Отбасы құндылығы, ұлттық құндылық деген нәрселер жас баланың сана-сезіміне осындай күнделікті қарым-қатынас арқылы сіңеді. Әкесінің өмірде қандай адам екенін көріп өскен ұлы ержеткенде өз әкесіне ұқсағысы келеді.

Тағылымды әкеден алса

Отбасы құндылығы деген жай ғана пафоспен айтатын, үлкен дәрісханада тілге тиек ететін сөз тіркесі емес. Құндылық деген әуелі әкесінің өз ұлына деген шынайы сүйіспеншілігінен бастау алады. Мысалы, жас кезімізде біз әкеміздің жолын тосып отыратынбыз. Анамыз үнемі: «Балалар, әкелерің келе жатыр» дегенде көңіл-күйіне, қимыл-қозғалысына, үстіндегі киіміне, қолындағы ұстаған затына ынта-шынтамызбен қарап, әкемізді әлемдегі ең мейірімді, әділ, төзімді, сабырлы, батыл адам бейнесінде қабылдайтынбыз. Әкеміз жұмыстан шаршап келсе де, бізге көңіл бөліп, не істегенімізді сұрап, тіпті ойынымызға дейін қызығушылық танытып, қамқоршы болып отырушы еді. Қазіргі кезде күнұзақ жұмыста жүретін кейбір әкелер ұлдарын бірнеше күн көрмейді, оның немен айналысып, кіммен бірге жүргеніне көңіл бөлмейді. Ал әкесінен алуы тиіс жақсы қасиеттердің орнына, көшедегі балалардан жаман қасиеттерді бойына сіңірген ұлды түзету қиын.

Жас кезімізде әке-анамыз сапарға шықса да, той-томалаққа барса да, еңбек етсе де бізді өздерімен бірге алып жүруші еді. Үш аяқты мотоциклмен шопан, жылқышылардың ауылдарына талай рет бардық. Ондай кезде әрі ел-жер көреміз, әрі үлкендердің әңгімесіне құлақ түреміз. Сол сәттерде әкеміздің сөз саптауына, айтқан әңгімесіне, өнерпаздығы мен әзілкештігіне тәнті болатынбыз. Тағылым мен әдепті өзгеден емес, өз әкемізден алып, өзгелермен арадағы қарым-қатынасын үлгі еттік. Менің өмірдегі бір бақытым – әкемнің уақытын балаларымен бірге өткізген сәттерінің көп болғаны дер едім. Әкеміздің өзгеге ұқсамайтын бір қасиеті – өте еңбекқор еді. Алатаңнан қара кешке дейін бір тыным таппайтын. Еңбексүйгіштік деген асыл қасиетін біздің бойымызға сіңі­ріп, кішкентайымыздан өз ер­кі­мізбен еңбектенуге баулыды. Әкемнің жазуы мөрдей болатын. Еңбек­сүйгіштік, табандылық, тиянақтылық. Осы үш қасиеті жазған жазуынан да, тапсырған есебінен (маман­дығы есепші болды) де, істеген ісінен де анық көрініп тұратын. Саналы ғұмырында «Өмір еңбексіз ештеңе бермейді» деген жеке ұстанымымен өмір сүрді. Еңбек ерлігі дегенді ең бірінші әкем­нің бойынан көрдім. Табанды­лығымен кез келген кедергіні жеңді. Тиянақтылығы үйде де, түзде де қадір-қасиетін арттыра түсті. Жұмыстан қолы босағанда газет-журналдарды (біздің үйге бума-бумасы келетін) асықпай оқып шығып, өзіне ұнаған жерлерін астын сызып, бізге әңгімелеп беретін-ді. Кітапты оқуды, оның қадірін білуді жастайымыздан санамызға сіңірді. Мен үшін отбасы құндылығы деген осылар.

Әкеңнен рұқсат сұра!

Отбасы құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіруде аналардың орны айрықша. Бала күнімізде анамыз: «Әкеңе сәлем бер», «Әкелерің ренжіп жүрмесін», «Әкеңнен сұра», «Әкең біледі», «Әкең шешеді» деп әкеге деген шынайы сыйластық пен құрметті сана-сезімімізге құйып отыратын. Меніңше, бұл қазақта (бәлкім басқа ұлттарда да бар шығар) ғана бар ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі. Әкесін сыйлаған бала әдепті, тәрбиелі, иманды болып өсетінін қазақ аналары жақсы білген, әрі әкеге деген құрмет арқылы отбасындағы тәлім-тәрбиенің өшпейтін нормаларын қолданысқа енгізген. Әкесін құрметтеген ұл-қызы анасының айтқанын екі етпей орындаудан бөлек тәртіп пен тиянақтылыққа үйренеді. Үйдегі тыныштық, жайлылық, татулық, бірлік деген ұғымдар әуелі тәртіп арқылы орнығатынын аналарымыз жақсы білген. Сол арқылы құрмет деген құндылықтың қадір-қасиетін балаға сіңіруге жанын салған. Әке деген ұғым қорғаушы, асыраушы, тәлімгер деген ұғымдармен бірдей екенін әр баланың жан-жүрегімен сезініп өсуіне ең алдымен назар аударған. Әке тек бір үйдің ғана иесі және асыраушысы емес, тұтас ауылдың, елдің бас көтерер азаматы, еңбек майданының жеңімпазы ретінде бағаланған. Бұл – аналарымыздың ұлттық мінезінің болғанының бір дәлелі. Әкеге деген құрметтен жаман болған жоқпыз. Керісінше, адам болдық. Әкемізге қарап өстік. Әкемізге ұқсап бағуға тырыстық. Есейгенде осы қазақы тәрбиені өз отбасымызға әкелдік. Әлбетте, бұл жерде барлығы жұбайымыз­дың ақыл, парасатына, болмысына байланысты. Мысалы, күн сайын өз ұлымның: «Әке, маған жарты сағатқа планшет қарауға рұқсат беріңізші» деп сұрануын сол әке-анамыздан алған ұлттық тәрбиенің бір ұшқыны деп білемін.

Қазіргі кезде ұлттық тәрбие­мізге жарықшақ түсті. Ол қазақ қалалық ұлтқа айналғаннан емес. Қоғамның өзі ала-құла. Қаншама толық емес отбасыларда ұл балалар әкесіз өсіп келеді. Оларға аналары: «Әкеңе айтамын» деп ұлттық тәрбие бере алмайды. Ендеше, сол балалар өз-өзіне сенімді, рухы мен намысы асқақ азамат болып өсе ме? Бұл жерде бала тәрбие­сімен жалғыз өзі айналысатын ананы кінәлап отырған жоқпын. Темірдей тәртіп пен толық жауапкершілігі бар азамат болып өсуі үшін, әлбетте әке қамқорлығы, сүйіспеншілігі, қаталдығы керек. Мемлекет толық емес отбасылардағы ұл балалардың тәрбиесіне әлеуметтік зерттеу жүргізсе, құба-құп болар еді. Өйткені, әкенің тәрбиесін көрмеген ұлдар толық отбасының балаларын бұзып жүр. Олар эмоционалдық тұрғыдан тұрақсыз болып келеді, көбінесе анасының мінез-құлығын «көшіріп» алады. Мұндай жағдайда ер бала есейгенде отбасын құруға асықпайды. Енді шетел ғалымдарының зерттеулерінен мысал келтірейік. Оксфорд университетінің зерттеушілері нәрестелерді ұзақ уақыт бақылауға алып, әке мен сәбидің арасындағы қарым-қатынастың балаға әсерін зерттеген. 1-3 жас аралығында бірнеше жұпқа жүргізілген зерттеуден белгілі болғаны: әкесі жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеген балалар өскенде ашуланшақ адамға айналған. Стокгольм университетінің ғалымдары да қызықты жағдайды анықтаған. Бала тәрбиесіндегі ана мен әкенің рөліне қатысты 24 зерттеуді біріктіре келе, ғалымдар мынадай қорытынды жасайды: сәби шағында әкелері баланы күтуге, ойнатуға көбірек көңіл бөліп, өзімен бірге табиғат аясына серуендеуге алып шықса, өскенде сол балалардың мінез-құлығында, жан-жақты дамуында ешқандай проблема болмайды екен. Яғни, есін білгеннен бастап әке ықыласын көзімен көріп, кейінірек анасының ақылымен әкесін құрметтеуді үйренген ұл өскенде саналы, зерделі, сауатты, тәрбиелі азамат болып қалыптасады.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Назгүл БИКЕТОВА, Шәкәрім атындағы №56 мектеп-­лицей директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының магистрі:

– Көп жағдайда бүгінгі таңда ата-аналар ер балаларды өте өбектеп жібергендей көрінеді. Еңбек тәрбиесі қалыс қалғандай, ештеңеге икемі жоқ, тек ұялы телефонға тәуелділігі жоғары ұрпақ өсіп келеді. Болашақ ұрпаққа отбасы құндылығы, туған-туыс, бауыр дегенді іздеу, құрметтеу дегеннен де қалыс қалатын секілді болып көрінеді. Бүгінгі күні ата-ана баласын емес, баласы ата-анасын тәрбиелеп отыр. Айтқандарын жасатады. Ата-ана баласының айт­қаны бұрыс болса да баласын қолдап шығады. Баланың негізгі тәрбие көзі – тек ата-анасы. Ата-ана өз айнасын баласынан көре алады. Ата-ана берген тәрбиені еш мектеп бере алмайды деп ойлаймын.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, журналист:

– Баланың ер жетуі үшін ең маңыздысы, әрине ана тәрбиесі дегенімізбен, әкенің адам өмірінде алатын орны айрықша. Ғалымдар әкесі бар бала мен әкесіз өскен баланың ойлау қабілеті, тұлға болып қалыптасуында үлкен айырмашылық болатынын айтуда. Әке тәрбиесін көрген ұл мен қыз жалғыз анасымен тұрған балаларға қарағанда батыл келеді, өзіне өзі сенімді болады. Батыс ғалымдары мектеп оқушыларын зерттей келе, әкесі көп көңіл бөлген балалардың оқу үлгерімі де басқаларға қарағанда жақсы болатынын анықтаған. Әкенің иісін сезіп өскен бала ер жеткенде кездескен қиындықтарға морт сынбай, өмірден өз орнын адаспай табатыны да белгілі. Мамандар бала психологиялық күйзеліске ұшырамай, толық адам болып ержетуі үшін ана мейірімін жеткілікті деңгейде алып қоймай, әке ұлағатын да көруі қажет дейді. Қанша шаруабасты болғанның өзінде ұрпағының болашағын ойлайтын әке оған жиі уақыт бөлуге тырысу керек. Баланы материалдық тұрғыда қамтамасыз ету бір басқа да, оның тәрбие­сін уыстан шығарып алмау бөлек дүние. Ғалымдар сондай-ақ сәбидің тілі дұрыс шығуына анасынан гөрі әкенің вербалды әрекеттерінің әсері көбірек екендігін айтуда. Ұлыбританиядағы Эволюция және қарекет орталығының ғалымдары 50 жыл бойы 17 мың нәрестеге әке тәрбиесінің әсері қандай болатынын зерттеген. Сәбилер өсіп, ержеткенде олардың өмірде қандай адам болып қалыптасқанына зерттеу жүргізген. Сол 17 мыңның ішінен адамның кемелденген кезі саналатын қырықтың бел ортасына жеткен 5 мың адамды «тексергенде» мынандай қорытынды шыққан: әкесі нәресте кезінен көңіл бөлген адамдар жалғыз ана тәрбиесін көргендерге қарағанда өмірден өз орнын дұрыс тауып, алға қойған мақсаттарына адаспай қол жеткізген. Ағылшын жазушысы Д.Герберт «Бір әке жүз ұстаздан артық» деген екен. Иә, әке ұлағатына еш нәрсе жетпейді. Әкесі жоқ балалар күйзеліске бейім болады. Еуропа ғалымдары тіпті әкесіз өскендердің семіздікке жиі шалдығатынын да анықтаған. Ерте жастан бұзылатындар да әкесі жоқтар немесе әкенің қатал қабағы жетпейтіндер санатынан екені белгілі. Нашақорлық, ішімдікке салыну тәрізді дерт түрлері де арқа сүйер әкені көр­мегендерге үйір көрінеді.