Тұмағаң, Жұмағаң және Зекең

Тұмағаң,  Жұмағаң және Зекең

(Сыйластық пен сағыныш)

Көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев, әлеу­етті әдебиеттанушы Жұмағали Ысмағұлов, айбарлы академик Зейнолла Қабдолов. Жақсылардың жүздескен сәті. Ардақты ағалар әдемі әзіл айтып, бір-бірін көзбен де, сөзбен де аялап тұрғанына күмән жоқ. Ойда жоқта ұшырасып, осындай тамаша үйлесім тапқан үшеудің де мінезі жібектей еді.

Сол үшеуге ортақ тақырып – әдеб­иеттің әңгімесі. Оны Зекең бастаса, бауыр­ын жазып, көсіле шапқан Құлагердей тым ұзаққа кетпек. Екі серігі де одан қалыса қоймайды. Ендеше, Ұрымнан айырылып, Қыр­ымнан қайырылатын бұл әңгіменің осы басталғаны басталған...

Тұмағаңның езуіне күміс күлкі қонақтай қалған. Зекең оның жайдары жүзіне тесіле қарап, сол ғажайып күлкінің арғы-бергі тек-табиғатын асықпай зерттеп тұр. Салқынқанды әрі салиқалы Жұмағаң бір сәттік ахуалдың аңысын аңдап, айналаға әсерлі эстеттің көзқарасымен зер салады. Бәрі де жарасымды. Осы бір үйлесімнің үлгісі ешқашан бұзылмайтындай, сол көріністің ешқашан базары тарқамайтындай сезіледі.

Қайдан, мұның бәрі енді естеліктің еншісі. Бұл сурет те бүгін фототілші Шүкір Шахайдың өзі кіріп кетсе, екі күн адасып, әзер шығатын алапат архивінің арасынан шықты. Кеше ғана Ауыт Мұқибек бауыр: «Менің Тұмаш ағам да бір жерден көрініп қалмас па екен?!», – деп алаңдап отыр еді. Сол Тұмағаң жалғыз көрінбей, Зекең мен Жұмағаңды жетелей шықты...

Осы үшеудің екеуімен етене араластық. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов ғылыми жетекшіміз болды. Қасында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдадық. Шаңыр­а­ғына талай рет бардық. Сәуле апамыздың қолынан талай рет дәм таттық. Жұмағали ағамен Әдебиет және өнер институтында бірге қызмет істеді. Абайтану бөлімін басқарды. Өте зиялы адам екені әр сөзінен, әр ісінен байқалып тұрады. Ал Тұманбай ағамен бір ғимаратта қызмет істегеніміз болмаса, аса жақындаса қойғанымыз жоқ. Көре қалсақ, сәлемдесумен ғана шектелетінбіз.

Осынау суретсөз әлеуметтік желіге жарияланған соң көптеген оқырман пікір білдірді. Арқалы ақын Светқали Нұржан: «Ажал алыс, көңілде жаздың өрті болмағанымен, сары күздің сартабы бар, мизамшуаққа елтіген, жүректері шабытқа дертіген бір сәттер ғой. Сәуір шақ артта қалса да, тәуір шақ бастан көшпеген қайран дәурен!», – деп ой түйсе, тағы бір оқырманымыз Күләш Назарбекқызы: «Мына суретті көріп, өткен ғасырым еске түсті. Керемет кездер! Ол кездің адамдары жарқырап жүруші еді. Зия­лыларды көшеден көруші едік... Қазір халқының арасында қақ жарып, араласып бара жатқан зиялыны көре бермейсің... Бұл ғасырдың адамы табиғи емес сияқты. Шіркін, асылдар-ай!», – деп ой толғайды.

Демек, бұл – сурет сағыныш оятты деген сөз.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ